Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:20

Алаяқтарға алданған Кәкен Қамзиннің үйінің ақшасы шетелге аударылып кеткен

Қамзин
Фото: ашық дереккөз

Алматыда белгілі журналист, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәкен Қамзин алаяқтардың арбауына түсіп, жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін.

Бұл жайтқа қатысты қазір қылмыстық тергеу жүріп жатыр. Ол туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір күдіктіні анықтау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер әзірге жарияланбайды.

- Қазіргі таңда күдіктіні анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді. Бұл азаматтың баспанасы – өз атына тіркелген жылжымайтын мүлік. Менің ойымша, ол баспанасыз қалмайды. Алаяқтық дерегіне құқықтық баға беріледі, - деді ІІМ өкілі Жандос Сүйінбай.

Белгілі болғандай, алаяқтар профессордың үйін сатып, ақшаны шетелге аударып жіберген. Қазір үйді сатып алған азаматтардың бұл іске қаншалықты қатысы бары да тергеліп жатыр.

Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы алты айында интернет-алаяқтық деректері 11 мыңнан асып, азаматтарға келген шығын көлемі 25 млрд теңгеден артқан. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.

— Жарты жылдың ішінде елімізде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Жалпы келтірілген шығын 25 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта соның 895 млн теңгесі ғана өтелді, - деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, 2024 жылдың қарашасында ІІМ құрылымында өңірлік бөлімшелері бар арнайы департамент құрылған. Бұл құрылым тек киберқылмыстарды тергеумен ғана емес, оның алдын алу және құқықтық түсіндіру жұмыстарымен де айналысады. Алайда әзірге алаяқтардың аз ғана бөлігі ұсталған.

Интернет арқылы жасалған алаяқтық күдігімен 30 адам қолға түскен, олардың ішінде 14-і — шетел азаматтары.

Тегтер: