Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:07, 19 Қыркүйек 2023

Алаяқтық азаймай тұр

Алаяқтар
Фото: из открытых источников
Ең бастысы, бейтаныс адамдарға ақша бермеңіз

Интернет арқылы алаяқтық жасау бүгінде кең тараған қылмыстың түріне айналды. Әсіресе біреудің ұялы телефоны арқылы онлайн несие рәсімдеудің жиілеп тұрған рас. Жуырда Шымкенттің полициясы бұрынғы әріптестерінің атынан 8 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген ер адамды ұстады.

Әл-Фараби аудандық полициясы жергілікті тұрғынның арызы бойынша тәртіп сақшылары «алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы ұялы телефонын уақытша сұрап алып, оның атынан 3,5 миллион теңге көлемінде онлайн-несие рәсімдеген. Ал ол мұны банктен төлем жасау жөнінде хабарлама келген кезде білген. Танысы бұған дейін жекеменшік компанияда бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптестер болып шықты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер 33 жастағы күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Сотқа дейінгі тергеу барысында ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды. Ол жоғарыдағыдай жолдармен бұрынғы үш әріптесін де сансоқтырып кеткен.

Әріптестерінің смартфондары арқылы алаяқ жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам несие алған. Тергеушілер алаяқтың әрекетінен зардап шеккендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін дейді.

Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Мұның алдында Шымкентте тағы бір алаяқ онлайн-сатылымға қойылған техникаларды иелерінен тегін алып, оларды кепілге қойып жіберген. Жергілікті тұрғындар «OLX» сайтында өздерінің пайдаланылған ноутбуктері мен компьютерлерін сату туралы хабарландырулар жариялаған. Оларға 24 жастағы ер азамат хабарласып, тауарларды сатып алғысы келетінін білдірген. Хабарласушы тауарды алып, иесімен келесі күні есеп айырысуға уәде берген. Жеке құжаттарын тапсырған соң оған сатушылар сенім білдірген. Алайда ақша уәде етілген уақытта түспеген. Осыдан кейін тұрғындар полицияға арызданған. Бес жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден асты.

Шымкент қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 190-бабы (бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Белгілі болғандай, ол компьютерлік техникаларды ломбардқа өткізіп, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

Тәртіп сақшылары алаяқтардың жеке пайдакүнемдік мақсатта түрлі схемалар ойлап табатынын еске салады. Қаскүнемдер көбінесе сенгіш азаматтардың ақшасы мен құнды мүлкін иемдену үшін OLX сияқты интернет-платформаларды пайдаланады. Сонымен қатар алаяқтар басқа біреудің атына несие рәсімдеу үшін әлеуметтік желі қолданушыларының жеке деректерін «ұрлауға» тырысады. Осыған байланысты полицейлер түрлі интернет-ресурстарды пайдаланушыларға өте қырағы және жеке деректеріне мұқият болуға, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.

Соңғы уақытта Шымкентте алаяқтықтың тағы бір түрі көбейіп келеді. Жуырда қарт әйелге түн ортасында белгісіз біреу үй телефоны арқылы қоңырау шалған. Ер адам өзін Шымкент қаласы полиция департаментінің тергеушісі ретінде таныстырып, зейнеткердің қызы ауыр жол-көлік оқиғасын жасады деген айыппен ұсталғанын хабарлаған.

Жалған полиция қызметкері егер анасы ақшасын төлесе, күдіктіні қазір босатуға болады деп сендірген. Әбден қорыққан қала тұрғыны қызының түрмеге түспеуі үшін бар жиған-тергенін беруге келіскен.

Әңгімелесуші ақшаға курьер келгенше ешбір жағдайда телефон тұтқасын қоймауды бұйырған. Келген жігітке әжей 900 мың теңге мен 500 долларды қолма-қол тапсырған.

Жәбірленушінің ұйқысыз өткен түні туралы білген туыстары полицияға болған оқиғаны хабарлайды. Аталған жайт бойынша тергеушілер «алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері іздеу шараларының нәтижесінде мекенжайдан ақша алған курьердің жеке басын анықтап, ұстады.

Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған адам мобильді мессенджер арқылы алған нұсқаулары бойынша әрекет еткенін мойындады. Ол алған ақшаның 90%-ын онлайн – жұмыс берушілердің есепшотына аударып, қалған соманы өзінің жалақысы ретінде алып қалып отырған. Полиция оның осыған ұқсас басқа да жайттарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Тергеу барысында интернет-алаяқтық жасаған күдіктінің сыбайластары анықталатын болады.

Мұндай алдаудың құрбандары – жақын адамына көмектесу үшін соңғы ақшаларын беруге дайын қарт адамдар болуда. Полицейлердің айтуынша, бұдан сақтану үшін телефон соғушыға сұрақтар қою қажет. Мәселен, «қазіргі уақытта күдікті қай полиция бөлімінде?» «оған қандай бап қарастырылуда?, «оқиға қашан болған?» деген сауалдарға жауап алу керек. Осыдан кейін полицияға қоңырау шалыңыз.

Ең бастысы, бейтаныс адамдарға ақша бермеңіз, шоттарына ақша аудармаңыз.

М.Сәулебек

Тегтер: