Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 08 Қараша 2024

Алаяқтықтың жаңа түрі. Теңге беріп, түк те алмайсың

1
Фото: home.kz

Қазір алаяқтық туралы жиі айтылады. Оның түрі де сан алуан. Бірде сізге қоңырау шалып: «ұтысқа қатыс» дейді, әлде «қомақты қаржы ұтып алдыңыз» деп, сізден банк картаңыздың нөмірін сұрайды, енді бірде «бізге бәленбай ақша салсаңыз, еселеп қайтарып береміз» дейді.

 Бәрінің түпкі мақсаты – сіздің қалтаңызды қағып, сазға отырғызу, қапысын тауып, ақшаңызды алу. Соның ішіндегі өршіп тұрғаны – интернет алаяқтығы. Мұнымен күрес күшейгенімен, алданатындардың қатары сиремей тұр. Бұның басты себебі – алаяқтардың айлакерлігі дейді мамандар. Өйткені ондайлардың бір түрін тізгіндесе, ертесі-ақ жаңасы пайда болады. Жақында интернет алаяқтықтың тағы бір түрі шықты. Олар интернет арқылы хабарласып: «Қытай юанін теңгеге немесе теңгені Қытай юаніне айырбастап беремін» дейді. Мұндайлардың құрығына негізінен Қытаймен сауда-саттық жасайтын немесе екі ел арасында ақша айырбастайтындар ілініп жатыр. 

Жуырда редакциямызға Олжас Қапарғазы (аты өзгертілді) есімді азамат хабарласып, «ақша айырбастаймын» дегендерге қалай алданғанын айтып берді.

«7-қазан күні мені WeСhat әлеуметтік желісінде маған белгісіз бір адам достық жіберді, қабылдадым. Сосын ол өзінің Қытайдан келген турист (ұлты қытай) екенін айтып: «Қазір Астанадамын, менде юань бар, енді соны теңгеге алмастыру қажет, көмектесе аласың ба?» деді. Мен «жарайды» дедім. Ол жиырма бес мың юань (1725000 теңге) ақшасы бар екенін айтты. Егер оның айтқан ақшасын айырбастап берсем, арадағы валюта сындырылымынан өзіме болмашы тиын-тебен қалады. Сөйтіп, әлгі қытай менің WeСhat QR-кодымды сұрады (WeСhat әлеуметтік желісінде QR-код арқылы ақша аударуға болады), сосын ақша жіберілмей жатқанын айтып, менен басқа QR-код сұрады. Бір танысымдікін алып бердім, бірақ оған да жіберілмеді деді. Одан соң Қытайдағы бір танысымның QR-кодын бердім, бірақ оған да жіберілмеді деді. Ақырында: «Қытай банк картасы бар ма, соған жіберейін» деді. Ойымда ештеңе жоқ, Қытайдағы танысымның банк карта нөмірін сұрап алып бердім. Ақша айтқандай-ақ картаға түсті, бірақ түскен бойда карта бұғатталды. Мұны ақшаның иесіне айтып едім, ол: «Сендер өтірік айтып, мені алдамақшысыңдар, бұғатталуы мүмкін емес, сендерді полицияға айтамын» деп, байбалам салды. Ал Қытайдағы танысым «үш күннен кейін картаның бұғаты шешіледі» деді, бірақ үш күнде шешілмеді. Сөйтіп жүргенде қайтадан Қытайдағы танысым хабарласып: «Мені жергілікті полиция іздеп келді, интернет алаяқтығына қатысың бар деп айтты» дейді. Сөйтіп, әлгі танысымды Қытай полициясы 4 сағат тергеген, ақырында: «Сенің Қазақстандағы танысың интернет алаяқтығымен айналысады, Бейжіңдегі біреудің ақшасын алдап, сенің картаңа салдырып, шығарып алмақшы болған» деген. Мұны естіп, аң-таң болдым. Содан ақшаның иесіне жаздым, сөйтсем ол: «Сен ақшаның жартысын маған қайтар, сонда арызымды аламын, сосын сенің танысыңның картасы бұғаттан шешіледі» деді. Осы аралықта Қытайдағы танысым: «Ақшаның иесі шынымен арыз жазған көрінеді, соны қайтарып алсын, әйтпесе, мен бес тәулікке қамалам, әрі айыппұл арқалаймын» деді. Содан амалсыз әлгі Қытайға 700 мың теңге жібердім. Бірақ екі, үш күн өтсе де, арызын қайтарып алмады. Әне, міне, деп, уақытын соза берді. Ақыры хабарсыз кетті. Жазсам, жауап қайтармайды. Ақыры танысым бес күнге қамалып, тиесілі айыппұлын төлеп шықты. Сөйтсек, мәселе мүлде басқалай екен. Әлгі қытай бұғаттағы ақшаны менің танысымның қытай банк картасына салдыртқан. Сосын танысымды полиция шақырған. Дәл осы кезде ол менен: «Арызды мен жаздым» деп 700 мың теңге сұраған. Сөйтіп мені алдаған. Әу баста «Астанадамын» деп хабарласқан қытай Астанада тұрмайтын болып шықты. Олар ұйымдасқан алаяқтық топ көрінеді. Өздері Шығыс Азияның бір елдерінде отырып жұмыс жасайды деген ақпар бар. Олар Қытаймен сауда жасап жүрген немесе Қытайдан келген қазақтарға хабарласып, «ақша айырбастаймын» дейді, сындырылымын сәл аздау айтады. Содан «WeСhat QR-кодыңа аударылмай жатыр, Қытай банк карта нөмірін айт» дейді. Одан соң сен айтқан картаға ақша аударады. Мұны білген полиция карта иесін іздейді. Осы аралықта сені «арыз жаздым» деп қорқытады, сөйтіп ақшаңды алдап алады».

Бір қарағанда өте қарапайым, бірақ күнделікті Қытаймен сауда-саттық жасап жүрген, күнде ақша айырбастап жүрген адам бұл қақпанды аңдамай, оп-оңай басып қалуы мүмкін. Себебі Қытай банк картасына ақша түсіп тұр. Алаяқтар: «Саған алданып қалмас үшін арыз жаздым, жарты ақшамды қайтарсаң, арызымды алам» дейді. Танысы полиция тергеуінде отырған мұндай қысылтаяң сәтте кім болса да жарты ақшаны ойланбай-ақ жібере салуы мүмкін. Себебі бұғатталған карта шешілсе, тиісті ақшаңызды қайтарып аласыз. Бірақ ең соңында бәрі басқалай болып шыға келеді. Әп-сәтте ақшаңыздан айырылып, жер сипап шыға келесіз.

Журналист, IT-саласының маманы Мейіржан Әуелханұлы алаяқтықтың мұндай түрі бұрыннан бар екенін айтады, әрі оның алдын алу да қиын дейді.

«Алаяқтықтың мұндай түрі әлемде жиі кездеседі. Мұның бәрі арнайы жоспарлы түрде жасалады. Олардың әрекеті орысша айтқанда, «отмывание денег». Яғни Қытайдағы заңсыз ақшаны шетелге шығарудың бір жолы. Сіз айтып отырған оқиғадағы қытай картасына салынған ақша бұғатталған ақша болуы мүмкін. Оны карта иесі шешіп ала алмайды. Мұндай күмәнді ақша түскені үшін өзі заңды жауапкершілікке тартылады. Қытай заңы бойынша осы секілді алаяқтардан ақша алған адамдар сотталады. Алайда мұның алдын алу қиын. Тіпті мүмкін емес. Ол үшін қолма-қол ақша айырбастау түріне көшу керек, яғни сіз юань аласыз, теңге бересіз. Басқалай жолы жоқ. Немесе бұрыннан ақша айырбастаумен айналысатын, сенімді, Қазақстанда тұратын азаматтармен жұмыс істеу қажет. Қазір интернетте «менде юань бар, теңгеге айырбастауым қажет» дейтін хабарлама көптеп кездеседі. Азаматтар соған алданып қалады, себебі үстінен 1-2 пайыз пайдасын көресің дейді. Бұл әлемде бұрыннан бар интернет алаяқтығының бір түрі. Қазақстандықтарға енді жетіп жатыр.

Интернет алаяқтықтың шекарасы жоқ, белгілі бір мемлекеттің заңымен оны шектей алмайсыз. Бұдан адамдарды ақпараттық сауаттылық ғана құтқарады. Сондықтан осындай алаяқтықтың түрі бар екенін медиалар үнемі қайталап айтып, адамдарды одан сақтандырып отыруы қажет».

Дегенмен «интернет алаяқтарымен күресудің жолы жоқ» деп қол қусырып отыруға да болмас. Тым құрыса, осындай алаяқтықтың бар екенін айтып, оның алдын алудың жолдарын талқылап, бұқаралық ақпарат беттерінде үнемі дабыл қағып отыру қажет-ақ. Ал Мейіржан Әуелханұлы айтып отырған «қытайлардың заңсыз ақшаны Қазақстан арқылы «тазартып», оны шетелге шығаруы» арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: