Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:04, 03 Наурыз 2022

«Алаяқта айла көп, заңға бағынбай амал жоқ»

None
None

Қазақстанды отыз жыл тұралатқан, мемлекетті кері тартып келген індет – сыбайлас жемқорлық.

Мұны биыл қаңтар оқиғасынан кейін Қ.Тоқаев та атап айтты. ХХ ғасырда өте тез дамыған елдердің көбінде парақорлықпен күрес – күрестердің ұлысы деп аталған екен. Өйткені, халықтың әл-ауқатын арттыратын, мемлекеттің экономикалық әлеуетін көтеретін фактор – парасыз қоғам, парасыз жүйе. Сондықтан Қазақстан үшін парасыз мемлекет құру басты мұрат болып отыр. Осы мақсатта әртүрлі мемлекеттік органдар қызмет етеді. Одан сырт мемлекеттік емес қоғамдық бірлестіктер де жұмыс жасайды. Мәселен, бұл бағытта «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өнімді жұмыс жасап отыр. Біз аталмыш бірлестіктің Алматы қалалық филиалы басшысы, Қазақстан заңгерлер қоғамының Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қалалық заң консультанттар палатасы басқармасының төрағасы Бауыржан Мақұлбаевты әңгімеге тарттық.

— Бауыржан мырза, «Әділдік жолы» қашан, қандай мақсатта құрылды? Негізгі жұмыс тәртібі қалай?

– Бірлестік 2018 жылы ашылды. Құрылтайшымыз – меценат, кәсіпкер, Исламбек Салжанов. «Алтын қыран» корпорациясының басшысы. Қазақстан тарихында мұндай қоғамдық бірлестік бірінші рет бизнесмендердің қаражатымен ашылып жатыр. Мұның алдында құрылған «Адалдық алаңы» сияқты бірлестіктер қаржылық демеуші болмағандықтан, жұмыс жүргізе алмады. Құрылтайшымыз үлкен конкурс өткізді. Алматыдан 500-дей үміткердің ішінен мен жеңіп шықтым. Сөйтіп, осы филиалды басқарып жатырмын. Осындай бөлімдер еліміздің барлық облыстарында, яғни 17 өңірде бар. Бізге тұрақты жалақы беріледі, офис, жиһаз бен басқа да қажетті құрылғылармен түгелдей жабдықталғанбыз. Қазір жұмыс көлемінің артуына байланысты қосымша штат ашып жатырмыз.

Бізге бір ғана талап қойылады: жемқорлыққа қарсы жұмыс жасауымыз керек. Жемқорлық бойынша біз барлық мекемеге мониторинг жүргізуге құқығымыз бар. Біздің жұмысқа қарсы болса, онда жазбаша қарсылығын беру керек. Біз оны сотқа береміз немесе президентке тікелей жазамыз.

– Сіздер қоғамдық бірлестіксіздер. Жемқорлықпен құқықтық күші бар мемлекеттік органдар ғана айналысуы керек емес пе?  

–Бізде мемлекеттік органдармен жасасқан келісімшартымыз бар. Мысалы, ішкі мемлекеттік аудит департаменті, әскери прокуратура, кіріс департаменті, экономикалық тергеу департаменті, антикор, «Атамекен» палатасы, Заң консультанттары палатасы, әділет департаменті сияқты қадағалаушы мемлекеттік органдармен екіжақты келісімшарт жасасқанбыз. Қоғамдық бірлестік болғандықтан, мемлекеттен бір тиын ақша алмаймыз. Сондықтан біздің негізгі ұстаным – мемлекетпен сыбайласпаймыз.

– Шынын айту керек, Қазақстанда жемқорлық індеті әбден асқынып кеткен. Заңды күші бар мемлекеттік орган емессіздер. Кейбір жағдайда сіздердің күштеріңіз жетпей қалатын істер болмай ма? Мысалы, ірі шенеуніктер, дөкейлерге қатысты заң бұзушылықтар анықталған жағдайда...

– Біздің мақсат жемқорлық бойынша істі анықтап, оны әлеуметтік желіге жариялау. Ары қарай тиісті органдарға шағым түсіру. Күшіміз жетеді, жетпейді деген әңгіме болмау керек. Заң бұзылды ма, оны анықтау, жариялау біздің міндет. Бір мысал. Ауруханаларда өте күрделі оталарды жасауға арналған медициналық жабдық болады. Бағасы да өте қымбат. Сол жабдықтарды сатып алу сайтында қағаз жүзінде ғана береді де, бірақ сатып алуды жабық өткізеді. Мемлекеттік сатып алу заңнамасында «Сатып алу ашық болу керек. Жабық болмау керек. Барлық азаматтар оған қатыса алу шарт» деп жазылған. Ал оған үкіметтің мына қаулысы қайшы келіп тұр. Біз соны тауып, бәсекелестікке қарсы агенттік төрағасына жаздық.

Алдыңғы жылы ғана Алматы қалалық №7 ауруханада медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу бойынша 4 млрд теңгеге сатып алу өткізілген екен. Оған сырттан ешкім кіре алмайды, өз адамдары ғана кіреді. Республика бойынша талдау жасадық, бір ғана компания қатысып, ұтып алып отырыпты. Соны анықтап жаздық.

– Қаңтар оқиғасы қарапайым халыққа да, кәсіпкерлерге де ауыр тиді. Зардап шеккен бизнесмендер немесе жапа шеккен қарапайым азаматтар шағымданып жатқан жоқ па?

– Біздің бірлестікте заңгерлік көмек тегін көрсетіледі. Қаңтар оқиғасынан кейін жәбірленушілер үшін тәулік бойы үзіліссіз телефон арқылы жұмыс жасап отырдық. Қазіргі уақытта отыз шақты заңды тұлғадан ресми шағым түсті. Тергеу құпиясын жариялауға хақым жоқ. Мысалы, бір азаматты заңсыз қамап тастаған екен, біз соны прократураға жазып едік, жауабын алдық. Азамат қамаудан босатылды. Тағы бір азаматты полиция өкілдері жұмысынан қайтып бара жатқанда ұстап алыпты. Оған митингіге қатыстың деген жала жапқан. Таңға дейін шешіндіріп тастап, ұрып-соққан. Оны да жаздық. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Қаңтар оқиғасы бойынша жақындары қамалғандардан бөлек, дүкендерді тонаған азаматтар да келді. Олар кінәсіп мойындап отыр. «Біз тонаушылыққа қатыстық, дүкеннен алған мүлікті қайтарып бердік, келтірген залалды қалпына келтірдік» деп келді. Бәріне заңгерлік көмегімізді көрсетіп жатырмыз.

– Сіздердің негізгі жұмыс бағыттарыңыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Парақорлық бойынша қай саланың аты озып тұр қазір. Мысалы, білім саласы бойынша парақорлық фактілер өте көп кездесіп жатады. Медицина, күштік құрылымдар, экономикалық салалар бойынша қалай?

– Бізде ондай цифр, салыстырмалы деректер болмайды, қоғамдық бірлестікпіз. Мемлекеттік сатып алу сайты бойынша бақылап, тексеру жұмыстарын жасап отырамыз. Мысалы, екі мектеп директоры мемлекеттік сатып алу сайтында бір қаламсапты 200 теңгеге сатып алуға өтініш берген, бірақ әлгі қаламсап нарықта 100 теңге ғана. Бір қаламсаптан 100 теңге пайда көріп отыр. Міне, осындай деректерді анықтап, жариялап отырмыз. Тағы бір деректі айтайын. Мәдениет саласының қызметкерлері сатып алу сайты бойынша «айфон-12» моделді ұялы телефондар сатып алуға өтініш беріпті. Ұялы телефон деген азаматтардың жеке мүлкі, оны сатып алу сайты арқылы иемдену қызметтік этикаға жатпайды. Заң бойынша сатып алуға өтініш берген заттың маркасы мен моделі ашық көрсетілмеуі керек.

Алматы қаласы бойынша да өрескел, әрі қызықты заң бұзушылақтар көп. Мысалы, тәуелсіздік күнін өткізу үшін Алматы қалалық әкімдігі 224 млн теңге жұмсаған. Оны тексеріп қарасақ, біраз шикіліктер шығып отыр. Қаржыны қайдан алғаны белгісіз. 224 млн теңге қалай жұмсалды, ол жағы да анық емес.

Қазір халықтан Тимирязев көшесі бойынша шағым көп түсуде. Бауыржан Байбек әкім болып тұрған кезде Тимирязев көшесінің ортасына автобус жолағын сызып, жолдың ортасына аялдама салып тастады. Еуропаның үлгісі деген әңгімелер шыққан кезінде. Бірақ бұл қазір қаладағы кептелісті арттырмаса, азайтқан жоқ. Ал оған кеткен қаржы қанша, не үшін сонша ақша жұмсалды? Анық емес. Мемлекеттік сатып алуда көрсетілмеген. Осыны тексеріп жатырмыз.

– Сізден сұхбат алуға келісіп, дайындалып жатқанда фейсбук парақшаңыздан бір қызықты деректі көзім шалып қалды. Қызылордада бір мектеп оқушыларға берілетін сары майды кесуге арналған құралды 715 875 теңгеге сатып алыпты. Ешқандай автоматты құрылғы емес, асықтай ғана қара темір.

– Сіз айтып отырған мектеп облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша 2018 жылы Қызылорда қаласында салынған 600 орындық білім ошағы. Оны «Ария-Жаңа Астана» ЖШС салған. Жоба құны 974 400 000 теңге. Әлгі май кесетін құрылғы сол мектептің мүлкі. Мұндай өрескел жемқорлық фактілері өте көп. Мысалы, зағиптар қоғамын 1983–2015 жылға дейін Байболат Әубәкіров деген азамат басқарып келген. Өзі экономика ғылымының докторы. Екі көзі бірдей көрмейді. Заң бойынша қоғамды мүгедек адам басқаруы керек екен. 2012 жылы жасалған бір қылмысы үшін істі болып, 2015 жылы сотталды. Жаңадан тағайындалған басшысы 2006 жылы ешбір жиынның рұқсатынсыз бір ТОО-ны 585 000 теңгеге сатып жіберген. Тексере келгенде әлгі ТОО-ның балансында 6 млн доллар тұратын лагерь болған. 585 000 теңгеге 6 млн доллар тұратын лагерь сатылып кетті. Зағиптардың мүддесін қорғау үшін сотқа қатыстым. Жерді сатып алған алаяқтар 6 млн доллар тұратын лагерьді банкке 380 млн теңгеге кепілге қойып, ақшасын алып кетіп қалған. Инстанцияда сот Әубәкіровты кінәлі деп таныды. Ал аппеляциялық сот «паспорты ауыстырылған» деп үкімнің күшін жойды. Бұл арада судьялар арасындағы былық өте көп… Бір кабинетте отыратын екі судьяның екі түрлі шешімінің кесірінен іс күрделіленіп кеткен. Сонда әр судьяның қалтасына салып жүретін кодексі бар ма?

Биыл үкімет қаулысымен жанар-жағармайдың бағасы бекітілді. Бірақ мемлекеттік сатып алу порталында бағаны көтеріп көрсетіп, сатып алу келісімшарттары жасалып жатқанын анықтадық. Мәселен, АИ92 маркалы бензин 182 теңгеден, дизель отын 250 теңгеден аспау керек. Сатып алушы мемлекеттік мекеме бензинді 250 теңгеден, дизель отынды 300 теңгеден аламын деп шарттар жасасқан, соларды ұстап жатырмыз. Мұндай факті де жиі кездесуде.   

– Былтыр ковид асқынып тұрған кезде дәрі қоймасын жауып тастап, халыққа дәрі бермей қинаған алаяқтар да болып еді...

– Парақорлықтың араласпаған саласы жоқ. Халық індеттен қырылып жатқанда, аурудан ақша тауып қалайық деген мысықтілеулерді қалай ақтайсыз? Мысалы, сол коронавирус асқынып тұрғанда бір азамат стационарда жатып қайтыс болады. Туысқандарына заттарын қайтарған кезде, жақындары марқұмның телефонындағы kaspi-дің қолданбаларының өшіп қалғанын байқайды. Бізге осы іс бойынша шағым түсті. Қазір іс қозғалды. Шоттағы ақша қайда, қалай кетті, бәрі тексеріліп жатыр. Өлген адамның ақшасына қол салғаннан кейін, тірі адамдарға не істемейді? Қысқасы, алаяқта айла көп, бірақ заңға бағынбай амал жоқ.

  

Тегтер: