Алаяқтық асқынып тұр

19.06.2018, 23:38

5

Оңтүстік Қазақстан облысы алаяқтық қылмыстардың саны бойынша республикада алдыңғы орындардың бірінде. Прокуратура таратқан мәліметтерге қарағанда, 2010-15 жылдар аралығында өңірде осы қылмыстардың саны 744-тен  5614-ке өскен. Облыстық прокуратураның жасаған арнайы  жобаларының нәтижесінде тек соңғы жылдары ғана өңірде алаяқтық қылмыстарды ауыздықтау мүмкін болды. Десек те, оңтүстікте алаяқтықтың бұрын-соңды естіп-білмеген түрлері тіркеліп жатыр. Алаяқтардың ішінде «полицейлер», «әкімшілік қызметкерлері», тіпті «облыс әкімінің көмекшісі» де бар. Ал алаяқтықтың құрбаны болғандардың ішінде аудан әкімдері де кездеседі. Бұл туралы сәл кейінірек.Полицейлердің айтуынша, алаяқтықтың ең көп тараған түрі қарызға, несие рәсімдеуге қатысты. «Жұмысқа тұрғызып беремін» деп сан соқтырып кеткендер көп. Араларында құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар.Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің қызметкерлері Арыс қаласында алаяқтық жасады деген күдікпен полицейді қолға түсірді. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің  таратқан ақпаратына қарағанда, жергілікті тұрғын бір тәртіп сақшысының қиыршық тасты өз бетінше пайдаланғаны үшін 300 мың теңге талап етіп жатқанына арызданған. Жедел іздестіру шаралары кезінде Арыс аудандық ішкі істер басқармасының 1980 жылы туған қызметкері ұсталды. Оның үстінен алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.Мақтаарал ауданында жұртты жұмысқа тұрғызып беремін деп, 5 миллион теңгені қалтасына басқан алаяқ жігіт ұсталды. Аудандық ішкі істер басқармасына ондаған адам арызданып, әлдебір  ер-азаматқа алданып қалғандарын айтқан. Алаяқ өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, «жұмысқа тұрғызып беремін» деп, тұрғындардың ірі көлемде ақшасын алып кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында 1990 жылы туған, жұмыссыз, жергілікті тұрғын ұсталды. Кейіннен күдіктінің алаяқтық 10 фактіге қатысы бары анықталған.Сарыағаш ауданында да осыған ұқсас жағдай. Әлдебір азамат «балаларыңызды жоғары оқу орнына түсіріп беремін» деп алдап, алты тұрғыннан 5 миллион теңгені алдап алып кеткен.  Полицейлер жедел іздестіру шаралары барысында  жергілікті тұрғынды қолға түсірді.Былтыр Түркістан қаласында киім дүкеніне екі азаматша келіп, өздерін балабақша қызметкеріміз деп таныстырған. Дүкен иесінің сеніміне кірген олар «сатып, ақшасын әкеліп береміз» деген уәдемен Түркиядан әкелінген әртүрлі әйелдер киімін алып кеткен. Азаматшалар сол кеткеннен мол кеткен. Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асады. Жәбірленуші бұл жөнінде полицияға биыл ақпанда арызданған. Жедел іздестіру шаралары кезінде Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері 45-46 жастағы облыстың екі тұрғынын ұстады. Ұсталғандардың Түркістан қаласында орын алған алаяқтықтың тоғыз дерегіне қатысының бары анықталды. Алаяқтар жеке кәсіппен айналысатындар мен мал сойып, етін сататындармен жақын танысып, олардан үлкен көлемдегі әртүрлі киім-кешектер мен төсек жабдықтарын, сондай-ақ қара мал және жылқы еттерін алып кеткен. Мүлікті сатып, түскен қаражатты өз қажеттеріне жұмсаған. Осылайша жәбірленушілерге жалпы көлемі 8 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Қазір ұсталғандарға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.Сәуір айында оңтүстікте аудан әкімдерінің ауыздарын аңқитып, ірі көлемде ақшасын алдап алып кеткен азаматқа қатысты сот отырысы аяқталды. Сот үкіміне қарағанда, «Ордабасы» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Элдар  Бақтығалиев аудан әкімдерімен тікелей қарым-қатынас жасамаған. Бәрін телефон арқылы тындырған. Ол өзін облыс әкімінің көмекшісі ретінде таныстырып, әкімдерден қарызға ақша сұраған. Облыс әкімінің көмекшісі деп отырған соң амал бар ма, әкімдер алаяқтың айтқан сомасын айтқан есеп-шотына аударып жіберген.Экс-футболшы алдымен Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараевқа телефон шалып, одан 700 мың теңге «сындырған». Ертесіне Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжановты 1 миллион теңгеге «түсірген». Бұдан кейін дәл осындай сценарийді Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаевқа қолданып, одан да 1 миллион теңге алған.  Әкімдердің ішінде ең көп шығындалған – Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов. Бақтығалиев Қыстауовты  1 миллион 380 мың теңгеге «лақтырған». Алаяқтың  арбауына Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов қана түсе қоймапты. Ол дереу облыс әкімінің шын көмекшісіне телефон шалып, мән-жайды анықтаған. Бақтығалиев енді үйреншікті тәсілді аңқау әкімдерге екінші қайтара қолданып көруді жоспарлаған. Алайда көмекшінің әрекетінен күдіктенген әкімдер бұл жолы алдауға түспей, қарыз беруден бас тартыпты. Кейіннен белгілі болғандай, Бақтығалиев әкімдерден бөлек, «Ордабасы» футбол клубының президенті Бақтияр Байсейітовтен 1,5 миллион теңгені жоғарыдағыдай жолмен алдап алған.Сот үкімімен Бақтығалиев үш жылға бас бостандығынан айырылды.Б.ЕРНАЗАР
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.08.2020, 18:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 19:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 16:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 02:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 17:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 16:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27