Алаяқтықтың құрбаны болмас үшін...
Соңғы жылдары алаяқтық қылмыстардың, соның ішінде, тұрғындарды ғаламтор арқылы алдаудың жиілеп кеткені рас.
Аттап бассаң, алаяққа тап болатын жағдайға жеттік. Мұның себебін немен түсіндіруге болады? Оңай жерден ақша табуға құныққандардың көбейгенімен бе әлде азаматтардың тым сенгіш, аңқаулығымен бе?
Шымкентте «OLX» қосымшасы арқылы жиһаз сатамын» деп, алдын ала ақшасын алып, алдап кеткен алаяқ ұсталды. Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында бөгде азаматтың «ОLX» қосымшасы арқылы «жиһаз сатамын» деп, алдын ала 110 000 теңгесін алып, әлі күнге тапсырысын орындамағанын не ақшасын қайтармай жүргенін жазып көрсеткен.
Тәртіп сақшылары күдіктіні көп ұзамай, қолға түсірді. Тергеу кезінде белгілі болғанындай, ол ешқандай жиһаз шебері емес. Өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін әлеуметтік желідегі онлайн-дүкендердің жарнамаларын пайдаланған. Арнайы қосымшаға ғаламтордан дайын суреттерді жүктеп, оларды сатылымға қойған, осылайша, өзін ағаштан дүниелер жасайтын адам ретінде таныстырып келген. Ұсталған азаматтың бұдан басқа да осы тектес екі жайтқа қатысы бары анықталды.
Жуырда Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына алаяқтықтың құрбаны болған тағы бір азамат арызданған-ды. Арыз иесінің айтуынша, ол өзінің «ВАЗ-2114» маркалы автокөлігін сатуға шығарған. Көп ұзамай, бөгде екі ер адам көлікті көруге келген. Олар «темір тұлпарды» алдымен, айдап көріп, сосын, сатып алатынын айтады. Осылайша, сатушының сеніміне кірген екеу көлікті тізгіндеген бойы оқиға орнынан бой тасалаған.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлімімен (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тәртіп сақшылары күдіктілердің жеке бастарын анықтауға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, Түркістан облысының тұрғындары анықталып, полицияға жеткізілді. Екеуінің де жасы – 21-де. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Шымкент қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде ұсталған азаматтар кінәларын толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаржы тапшылығынан барғандарын және бұл үшін өкінетіндерін жеткізген. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Ал мұның алдында үшінші мегаполисте «кәсіп бастау үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржы алып беремін» деп, тұрғынның ақшасын алдап кеткен күдікті ұсталды. Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданып, танысының «Үкіметтен кәсіп ашу үшін қайтарымсыз қолдау қаржы –грант алып беремін» деп, алдын ала 100 000 теңгесін алып, алайда он ай бойы уәдесін орындамағанын не ақшаны қайтармағанын мәлімдеген.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген шаралардың нәтижесінде, күдікті ұсталды. Оның жасы – 44-те, жұмыссыз. Қазіргі кезде ұсталған азаматша өз кінәсін мойындап отыр.
Ал тағы бір алаяқ атаулы әлеуметтік көмек алып беремін деп, көпбалалы ананы сан соқтырып кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, танысы оған сыйақысы үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесуге уәде берген. Мұндай көмегі үшін азаматша алаяққа 160 мың теңге берген екен. Арада бірнеше ай өткен, уәде орындалмаған.
Іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті анықталып, полиция басқармасына жеткізілді. Тергеу барысында тәртіп сақшылары оның бұдан басқа үш алаяқтыққа қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 1 миллион теңгеге жуық. Күдіктінің арбауына түскендердің саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Ұсталған 26 жастағы қала тұрғыны осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын сотты болған.
Тәртіп сақшылары азаматтарға алаяқтықтың құрбаны болмас үшін уәде еткен кез келген адамға сене бермеуді және дербес деректерді бейтаныс азаматтарға жария етуге болмайтынын ескертеді.