Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:52, 31 Мамыр 2021

Албастысайда атылғандар

None
None

Шымкенттің іргесінде Албастысай деген мекен бар. Оның ескі атауы – Тереңсай. Бұл жерде өткен ғасырдың 20-жылдарына дейін  Шымыр ауылы болған.

Кейінірек ауыл халқы қазіргі Қайтпас елді мекеніне қоныс аударып, Тереңсай иесіз қалған. Иесіз жұртқа жын-шайтан үйір болады дейді. Бәлкім, сол рас шығар, әйтеуір, кешкісін Тереңсайға тезек теруге барған қыз-келіншектердің көздеріне бірдеңе елестеп, ауылға «ойбай, албасты көрдім» деп қашып келеді екен. Тереңсайдың Албастысай атануының қысқаша тарихы осындай. 

Албастысай туралы «Жас Алашта» бұдан бірнеше жыл бұрын мақала жазғанбыз. Одан беріде Шымкентте көп нәрсе өзгерді. Бірақ Албастысайға қатысты таным-түсінік өзгермеген сияқты.

 Қайтпас елді мекенінде Өлмесхан Жәнібеков деген қария тұрады. Ұзақ жылдар бойы ауылдағы мектепте тарих пәнінен сабақ берген, мектепте өлкетану мұражайын құрған. Албастысайға қатысты естеліктерді жинап, баспасөзде жариялап тұрады. Өлмесхан ақсақалдың айтуынша, Кеңес өкіметі  Албастысайда адам атуды 20-жылдардың соңында бастап, 40-жылдарға дейін  жалғастырған. Жиырмасыншы жылдардың аяғында қайтпастықтар қызыл жауынгерлердің Албастысайға қарай әбден арып-ашыған адамдарды айдап бара жатқанын көреді екен. Бұл, шамасы, сол кездері колхоздастыруға қарсылар, байлар, Кеңес өкіметіне қарсы көтерілістерге қатысқандар болса керек.

 1937 жылғы «Үлкен террорда»  Албастысайды НКВД-ның қызметкерлері күзеткен. Жендеттер осы жерге ату жазасына кесілген азаматтардың өліктерін құпия түрде жерлеген. Жерледі деген жай ғана сөз, шын мәнінде солдаттар атылған адамның сүйектерін бір замандарда Шымыр ауылы тұрғындарының жемшөп сақтау үшін сайдың ернеуінен қазған үңгірлеріне апарып жасырған. «Халық жауларының» денелері құдықтарға тасталған, сайдың табанына көмілген. Албастысай ит-құстың, қарға-құзғынның мекеніне айналған.  Тіпті иттердің атылған адамдардың сүйектерін ауылға  сүйреп әкелген кездері де болыпты.  Бұл жерге қанша мәйіттің жасырылғанын кім білсін, бірақ мұрағаттан алынған мәліметтерге қарағанда, 30-жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында «халық жауы» ретінде атылды деген азаматтардың саны 2000-нан асады.  Олардың арасында сол кездегі  облыстың бірінші басшылары да болған. Көптеген деректерде Оңтүстік Қазақстан облысындағы «халық жауларын» атудың дәл осы  Албастысайда орындалғаны жазылған.  

– Менің әкем Жәнібектің айтқан естеліктеріне қарағанда, Албастысайда қызылдар байларды бүкіл отбасымен атқан. Бала-шаға, кемпір-шалына дейін қарамаған көрінеді. Түн ішінде сайдан мылтық даусы мен адамдардың шыңғырған дауыстары естіліпті. Ертеңіне солдаттар ауылға келіп, «көрген-білгендеріңді ешкімге айтушы болмаңдар» деп қатаң ескертіп отырған көрінеді. Үңгірлер бертінге дейін жақсы сақталды. Адамға сұмдық үрей туғызатын. Сай ішінен адам сүйектері кейінгі кезге дейін шығып отырды,--дейді Өлмесхан ақсақал.

1997 жылы, яғни Тарих және ұрпақтар сабақтастығы жылында  Албастысайдың төменгі жағында жатқан үлкен тас жолдың бойындағы төбеден  «Қасірет» мемориалы бой көтерді. Жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар осы жерде өтеді. Көпшілік 37-де атылғандардың сүйектері осы «Қасіретте» жатыр деп ойлайды. Алайда қайтпастық қариялардың естеліктеріне қарағанда,   жазықсыз атылған арыстардың сүйектері Албастысайда, одан 1-2 шақырым жоғарырақта жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Өлмесхан ақсақал бізді Албастысайға арнайы апарды. Сол жолы сайдың ернеулерінде «халық жауларының» сүйектері тасталды деген үңгірлердің іздерін де байқаған едік. Бүгінде бұл жердегі келбеті мүлдем өзгерген.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Албастысай жатқан аймақтан Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салына бастады. Сайдың бір жағынан Қайтпас елді мекеніндегі жеке тұрғын үйлер, бір жағынан,  көпқабатты үйлер бой көтерді. Сай іші күн санап тарылып барады. Біз осы аптада Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Архабаевпен телефон арқылы сөйлескен болатынбыз. Ол біз әңгіме етіп отырған сайдың орнына құрылыс жұмыстарын салу көзделмегенін, ол жерлерді жасыл аймақ ретінде пайдалану жоспарланғанын мәлім етті. Алайда бұл арадан егіліп жатқан көшетті байқамадық.  Жекелеген кәсіпкерлер, тұрғындар сайдың шетін топырақпен тегістеуге көшкен. Тіпті кейбір көшелер дәл осы сайдың ішімен өтеді. Электр бағаналары орнатылған. Мұндай қарқынмен енді бірер жылда бұл араның толығымен елді мекенге айналатынына күмән жоқ.

 Албастысай орыстілді деректерде  «Лисья балка» деген атаумен кездеседі. Уикипедияда осы туралы арнайы бөлім бар. Онда аталған сайда зобалаң жылдары 16 мың адамның атылғаны жазылған. Бұл қайдан шыққан мәлімет? Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Шымкентке ішкі Ресейден көптеген православ шіркеуінің қызметкерлері жер аударылған-ды.  1937 жылы 60-тан астам шіркеу өкілі Албастысайда атылған. Ғаламторда  атылған священниктердің, монахтардың аты-жөндері, өмірлері туралы мәліметтерді табуға болады. «Қасіретте» оларға арнап арнайы ескерткіш те қойылған.

Ал Албастысайдан топырақ бұйырған мыңдаған «халық жаулары» туралы мәліметтер көп емес. Мәселен, сол жылдары қылышынан қан тамған ОГПУ, НКВД  Оңтүстік Қазақстан облысында ишан, молдаларға қарсы бірнеше операция ұйымдастырған. Кеңес өкіметіне қарсы ұйым құрды деген жалған айыптармен жүздеген дін өкілдері атылды.

Албастысайда атылғандар туралы, олардың көмілген жерін анықтауға қатысты кешенді зерттеу жұмыстарының жүргізілгені туралы дерек жоқ. Бұған «Тарих жылы», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бастамалардың да септігі тимеген сияқты.  

Енді бірер жылдан кейін боздақтардың сүйектері жатыр деген Албастысайдан ештеңе де қалмауы мүмкін. 

Тегтер: