Алдағанға халық жақсы...

Өткен аптада сенат төрағасыМәулен Әшімбаев елімізде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын халықтың үлесі артып келе жатқанын мәлімдеді.
«Әділетті Қазақстанның» басты тұғырының бірі – ұлттық табысты әділ бөлу. Қазіргі таңда ел халқының жартысы барлық кірістердің үштен біріне ғана қол жеткізіп отыр», – деген сенат спикері халықтың,шамамен, 5%-ының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтынын жеткізді. Халықтың күнкөрісінің қиындауына елдегі инфляция қарқынының үдей түсуі де әсер етіп отыр. Ұлттық банктің мәліметінше, осы жылдың қаңтарында елдегі жылдық инфляция 20,7%-ды құраған көрінеді.
Салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылдың желтоқсанында – инфляция көлемі 20,3% құраған екен. Сәйкесінше, халықтың да күнкөрісі қиындап барады. Шыны керек, бұл мәселенің айтылғанына біршама уақыт өтті. Алайда мәселенің шешіліп жатқаны байқалмады. Ал сенат төрағасының сөзінен соң халық кәдімгідей, тағы дәмеленіп қалды. Жағдайымызды үкімет біледі екен ғой, жағдайды оңалта ма деген есек дәме. Жалпы, халықты осылай дәмелендіріп, жылы сөзбен ғана тойғызу әдетке айналып барады. Әйтпесе, осындай сөзді бір жыл бұрын мемлекет басшысы да айтқан болатын. «Қазақстан байлығының тең жартысының қызығын бар-жоғы 162 адам көріп отыр. Ал азаматтарымыздың басым көпшілігінде айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды», деп ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, елдегі тереңдеп кеткен әлеуметтік теңсіздік жайын көтергенде бүкіл халық шын қуанған еді. Одан бергі бір жылда ештеңе өзгермеді. Халықтың қуанғаны, үімттенгені ақталмады. Тіпті, жоғарыда сенат төрағасының өзі мойындап отырғандай, халықтың әлеуметтік жағдайы одан сайын күрделеніп барады.
Айтпақшы, былтыр Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен мәжілістегі үкімет сағатында депутат Жәмила Нұрманбетова:«Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан азаматтарының 15%-ы кедей. Сонымен қатар, ресми статистика халықтың 5,1%-ы күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүретінін көрсетіп отыр», деген болатын-ды. Айтады, халықты дәмелендіреді. Билік халықтың шынайы жағдайын ұғып отыр екен ғой, қол қусырып отырмас деп тағы үміттенеді. Біраз уақыт сол үміттің жетегінде алданып өмір сүреді. Сосын, жақсы атты көрінгісі келген тағы біреуі сол мәселені көтереді. Халық тағы да «е, ұмытпапты ғой естерінде екен» дегендей, тағы алданады. Сонымен, қазақ елінің таңы атып, күні батуда.
Экономист Ораз Амангелді: «Халықтың табысын арттыруды көздеп, ол үшін, тіпті, арнайы бағдарлама жасақтаған үкіметтен, әзірге, қайыр болмай тұр. «Кешенді жоспар» деп әспеттеп, 1 жыл бұрын қабылдаса да анау айтқандай, өзгеріс байқалмай жатыр. Жарлы-жақыбайлар азайып, жұрт көл-көсір кіріске кенеле ме десек, керісінше, Қазақстанда кедейлік деңгейі артып келеді. Негізі, жоғарыдағы бағдарламадан соң, өз басым атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру жұмыстары күшейеді. Әрбір мұқтаж отбасы тиісті мемлекеттік органдардың назарында болып, қамқорлық көрсетіледі. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жеделдетілген жұмыстар қолға алынады деп ойлағанмын. Рас, үміттендім. Сол үміттің жетегінде бір жыл жүріппін. Алайда кедей отбасылар саны азая ма десек, артып кеткенін көріп отырмыз. Цифрлық картаның мәліметінше, қазірдің өзінде 1,2 миллион отбасы кедейлік деңгейінде өмір сүріп жатыр екен. Бұл бетімен кете берсе, халық наразылығы күшейеді. Ел аман, жұрт тынышта халықтың кедейлене бастауы жақсы емес. Халықтың күнкөрісі қиындап барады. Ал үкімет өзара қызмет алмасып, дүркін-дүркін мерзімінен ерте сайлау өткізіп әуре, әйтеуір», – дейді.
Осы орайда, айта кетсек, кеше еліміздегі азық-түліктің тағы қымбаттағаны белгілі болып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар 0,3%-ға, жылдық мәнде 23,6%-ға көтерілді. Ал бас қаламыз Астанада 200-ге жуық дүкеннің тауар бағасын заңсыз көтеріп отырғаны да анықталды. Яғни биліктің халықтың табысын арттырумен де, бағаны ауыздықтаумен де шаруасы жоқ секілді. Жағдай өзгерер емес. Ал халық кәмпитке алданған баладай, тәтті сөзге алдануда...