Алдағы құрылтайда көтерілуі тиіс үш мәселе
Президент пен премьер-министрдің назарына! Келесі жылы Көкшетауда өтетін төртінші Ұлттық Құрылтайдың күн тәртібіне үш мәселе ұсынамын.
Бірінші мәселе – Батыс Қазақстан облысына ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының малын қабылдайтын мемлекеттік деңгейде ет комбинатын салу.
Тәуелсіздік алғалы бері ауылды дамытудың бірнеше бағдарламасы қабылданды. Сонда мал шаруашылығына байланысты нақты іс-шара айтылған жоқ, тек шаруасын жолға қою үшін демеуқаржы (субсидия) берумен шектеліп келді. Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының өсірген, өндірген малдарын өткізетін орынның жоқтығы ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Осы кезге дейін көлігі бар ірі шаруа қожалықтары малдарын 700 шақырым көрші Атырауға, 1500 шақырым жердегі Ақтауға тасымалдап келді. Сонда қолда көлігі жоқ қарапайым ауыл тұрғындары не істемек? Күні бүгін Атырау мал қабылдау орны Ресейден келген малмен толып тұрған көрінеді.
Ауылға үкімет тарапынан қолдау болмағандықтан ауыл халқы өгейдің күйін кешіп отыр, бұл қашанға жалғасады? Орал қаласында жалғыз мал қабылдайтын «Кублей» ет комбинаты болатын, жеріне жеке кәсіпкер тұрғын үй салып, екі жыл болды, соттасып, жеңілген сияқты. Биыл жыл басынан бері алты ай өтсе де, жұмыс істемей бос тұр. (Жеке кәсіпкерге басқа жерден үй салуға болмайтын ба еді, неге сол жерге байланып қалды).
Шаруа қожалықтары (фермерлер) демеуқаражатының көмегімен шаруаларын түзеп, әлденіп алды, оларға демеуқаржыны берудің қажеті жоқ сияқты. Сол демеуқаржыны облыста ет комбинатын салуға жұмсаса тиімді болар еді.
Екінші мәселе – ауылдық округтерде тұратын ауыл тұрғындарының малын мал азығымен қамтамасыз ететін әкімдіктің жанынан шөп дайындайтын бригада құру.
Бұл өте өзекті мәселе. Бір елді мекенде бірнеше ауыл бар. Оларға қолдарында ұстап отырған малдарын қысқы мал азығымен қамтамасыз ететін үкімет тарапынан шара (гарантия) қарастырылмаған. Отыз жылдан бері «кім шөп сатады?» деп, алаңдаумен келеді.
Ауылдық жердегі қалыптасқан жағдай бойынша шабындық жерлерді қолдарында техникасы бар шаруа қожалықтары шауып алып, бірінші өздерін қамтиды. Өздерінен ауысып жатса ғана ауыл тұрғындарына сатады. Биыл Бөкей орда ауданының жері қуаңшылыққа тап болып отыр, жаздай жаңбыр тамған жоқ, соған қарағанда биыл ауыл тұрғындарына мал ұстау қиынға соғайын деп тұр. Малмен күн көріп отырған ауыл халқына қандай көмек болмақ. Ауыл тұрғындарын алдағы уақытта мал азығымен қамту үшін ұстап отырған мал санына қарай (онда да норма болу керек, мысалға, бір үйірге 5-10 бас ірі қара, 20-30 бас қоймасы) деген сияқты. Солай есептеп, аудан әкімі мен жер қатынастар бөлімі шабындық жер бөлу керек, егерде шөп шабатын бригада құрылып жатса өздерін мал азығымен қамтамасыз етер еді. Бара-бара жерлерін қоршап, көпжылдық шөп егуді қолға алар еді. Осы екінші мәселеге үкіметтің арнайы қаулысы қажет.
Үшінші мәселе – бұрынғы зооветеринарлық институтында (Алма-Атинский зоовет институт, Батыс Қазақстан, Семейдегі) зоотехникалық кафедраны қайта ашу.
Қазақстан ТМД елдері арасында мал басы жөнінен (ірі қара малы, жылқы) алдыңғы орында. Қай уақытта да малдың санына емес, сапасына мән беріп келді. Мал шаруашылығы саласының сол кездегі академик, профессор, ғалым-зоотехниктер, селекционер-зоотехник сияқты мамандардың еңбектерінің нәтижесінде қаншама жаңа мал тұқымдары пайда болды. Атап айтқанда, қазақтың Ақбас сиыры, Алатау сиыры, т.б. Көшім, Қостанай жылқы тұқымдары, Оңтүстік меринос, Арқар меринос, Еділбай қой тұқымдары. Осы генофонды сақтап қалу – ғылым-зоотехниктер, зоотехник-селекционердің ғана қолынан келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Асыл тұқымды мал палатасы құрылып, жұмыс істейді.
Асыл тұқымды мал палатасына кірген шаруа қожалықтары мал тұқымын асылдандырумен кім шұғылданады деген сұрақ туындайды. Мен айтар едім, сол шаруа қожалықтарындағы бұрынғы асыл тұқымдылардың аттары ғана қалды, соған ғана ие болып отыр. Ол жерде малды іріктеу-сұрыптау жұмыстары жоқ, себебі онымен шұғылданатын мал мамандары жоқ. Іріктеу, сұрыптау жоқ, тек аты бар ондай шаруашылықты асыл тұқымды мал палатасы есебінен шығарып тастау, демеуқаржы төленіп келсе, алып тастау керек. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықта міндетті түрде мал мамандары – зоотехник-селекционер болу шарт. Олай болмаған жағдайда, біздер асыл тұқымды малдарымызды азайтып аламыз. Менің айтайын дегенім, ауыл шаруашылығы министрлігінен, соның ішінде мал шаруашылығы бөлімін тек жоғары білімді, зооветеринарлық институтты бітіргендер ғана басқаруы керек, басқа мамандық иелеріне сеніп тапсыруға болмайды. Селекциялық жұмысты қалпына келтірмейтін болсақ, қолдағы бар асыл тұқымды малдарымыздан айырыламыз. Министрлік шаруа қожалықтарына әрбір екі жыл сайын тұқым бұқаларын ауыстыруды міндеттеп қойған. Бұл барып тұрған абсурд. Сонда бұқа ауыстыру арқылы мал тұқымын асылдандырудың жаңа әдісін тауып алған ғой, қандай сауатсыздық?!
Мен ұсынып отырған үш мәселе президент, үкімет тарапынан қолдау табады деп ойлаймын.
Абылғазы Шынғалиев
Бисен ауылы
Бөкей орда ауданы
Батыс Қазақстан облысы