Алданазар ЖАЙЛЫҰЛЫ. Жоқшы

03.10.2018, 15:51

31

ЖОҚШЫәңгімеТаңертеңгілік көңілді күймен жұмыс орныма – "Қазмедиа" ғимаратына кіре бергенім сол еді, телефоным шыр етті. Алматыдан қоңыраулатқандардан Қайтпан досымыздың кеше көшеде құлап қап, ауруханада жатқанын естідім. Бір-екі жылдан бері ми тамырлары тарылып кеткен диагнозға шалдыққан еді.Жұмысымнан тез сұрандым да, аэропортқа асықтым. Тіркеу болып жатқан ұшаққа бизнес-кластың билеті қалыпты. Қымбаттау болса да соны алдым. Бірнеше сағаттан болатын рейсті күтпей тез досыма жеткім келді.Ұшаққа отырған бойы өткенді еске алдым. Алматыға оқуға түсіп қуанған күндеріміз. Жаңа дос, қызықты курстастар. Ауыл шаруашылық жұмысына барғанда көбімен танысып алып ек. Ең ерекшесі Қайтпан екен. Өзі комсомол бола тұра, құран сүрелерін жиі оқиды. Бəріміз таңғы бес-алтыда қалың ұйқыда жатқанда тұрып бірнеше сағат далада серуендейді. Сонысына бола біреулер əзілдеп «Молда студент» атандырып жіберіп еді-ау? Сабақта да алғыр, 1-курстан-ақ қатарластары түгіл ұстаздарының мақтанышына айналғанын қайтерсің?Қайтпан əсіресе өзінің бесінші атасы Байғұл туралы əңгімелегенді жақсы көретін. Самның құмында қыстайтын аталары, көктем шыға Жем, Сағыз бойына жайлауға шығады.Ол атасы болса, бір өзі жиі елді аралай береді екен. " Жау жоқ заманда тұрып, ғұмыры аттың үстінде өтті" — дейді екен ауылдастары. Бірен-саран саяқ жүргендерді қимылы басқаша болса, соларды аңдиды. Барымташы боп, біреудің ақ-адал малын сыпырып кетіп жүрмесін дейтін болу керек. Адасып жүрген түйе көрсе, еніне қарап танып, иесіне қайтарады.Бесқалаға жиі барып, Хожелі, Көне Үргеніш, Ташауыз базарларынан елге керектінің бəрін алып келеді. Əсіресе дəрілік шөптерді жеткізіп отырады. Құран, басқа да кітаптарды тасиды. Сондықтан қажеттіні тауып беретін болғасын ба, ел ол атасын «Жоқшы» деп атап кетеді. Хиуада оқып жатқан қазақ балдарына қазы-карта, құрт-ірімшік т.б. ел дəмін алып жеткізіп тұратында сол. Түрікмен, қарақалпақ ұлттарының арасында да сенімді достары көп болыпты.Ойға шомып отырғанда, Алматы əуежайына да қондық. Жастығымыздан бастап, 25 жылым өткен ғажап қала ғой, бұл! Миллиондаған адамның қуанышына айналған Шахар. Қайтпан досымның ұнатқаны соншалық, Астанадан қанша жақсы қызметтер ұсынылса да, «Алатаудың баурайындағы əсем қаланы жер бетіндегі ешбір жұмаққа айырбастас ем», деп барғысы келмеді. Түсе сала үш мың теңгеге таксиге отырдым. Алматыға келсе күтіп алатын жора-жолдастар да жеткілікті. Оларға хабар бермегенім бір жағынан шаруаларынан қалмасын деген ой. Ең бастысы аурухандағы досыма өзім жалғыз барғаным жөн.Ойыма тағы да ауруханадағы досым оралды. Білімге құштар еді. Өзінен ойлау жүйесі төмен мұғалімдердің сабақтарына бара бермесе де, таңертеңнен кешкі онда жабылғанша ұлттық кітапханадан шықпайтын. Оның үстіне негізгі оқитындары университеттегі сабағымызға қатысы жоқ. Кейін екінші жоғарғы оқу орнын экономика мамандығы бойынша оқып алды. Білімге тойымсыздығына таң қалатынбыз.Əр салада жұмыс істеді. Кішігірім бизнестің де бірнеше саласында да аздап бағын сынады. Отбасынан ауысқан азын-аулақ қаражатына оны-мұны ап Алматыдағы жетімдер үйлеріне жиі баратын. Тəрбиешілер рұхсат беріп жатса, балалармен əңгімелесіп, əрқайсысына қанат беруге тырысатын. Жүздеген бүлдіршіннің анасына айналған Əмина апамен əңгімелескенді жақсы көруші еді. Оны «Мейірімділіктің жоқшы анасы» деп атайтын.Кейінгі жеті-сегіз жылдықта қазақ тіліндегі сайттар да көбейді. Соларға ерінбей пікір жазып отыратындар да жеткілікті. Қазіргі онлайн-журналистиканың бір ерекшелігі, бұрынғыдай редакция ұсынған біржақтылық емес, кез-келген адам өз ойын жеткізе алатындығында.Əрине, əркімнің деңгейімен жазылған комментарилер сан-алуан. Ұнайтындары да өте көп. Солардың ішінен «Жəй қазақ», "Қарапайым", "Қазақы", «Жоқшы» т.б біраз атпен жарық көріп жүрген пікірлер легі Қайтпандікі екенін ішім сезетін. Қаншама жыл журналистикада жүріп, мыңдаған қазақ зиялыларымен сұхбат құрсам да, досымның ойы да, пікірі де ерекше ғой. Сосын кейбір қайраткерлеріміздей тың ойын меншіктеп мақтанып жүрмейді. Сол белгісіз аттармен-ақ ойларын жариялай беруші еді. Ең бастысы идея кімдікі емес, қазақ қоғамына азда болса пайдасы тисе болды" — деп санайтын.    Қайтекең көп тақырыпқа жүйрік еді. Дін саласында əр түрлі ағыммен, экономика, тарих т.б тақырыптарда қарсыластарын дəйекті диалогқа шақырып жүргені. Оған көп уақытын бөлетінін сезетінмін. Кей пікірлері түнгі үште немесе таңғы бесте жазылғаны көрініп тұратын. Бұл аз болғандай уақыт легімен уатсап қосылды. Онда досымызбен «Курстастар», «Дос-жаран» топтарында бірге бармыз. Қайтекеңде жиырмадан артық топта бар секілді. Кейбіреулер заман ыңғайымен жазылған мақалалар, видеолар бөлісіп жатады. Осылардың көпшілік қолдағанымен қате тұстарын көрсетіп, ылғи жазып отыратын баяғы Жоқшының ұрпағы. Өзімізді қанша білімдар санасақ та, досымыздың жасын тың ойлары қоғам қалыптастырған қағидаларды сең бұзғандай, басқаша қырын дəлелдеп беретін. Əрине, кей курстастарымыз оны сол қылығына бола ұнатпайтын. Бірақ ақ көңілімен, тың ойларымен, ішкі мəдениетімен өздерінен əлдеқайда биік екенін көпшілік мойындайтын. Фейсбук желісінде де сондай. Əр түрлі топтарға кіріп ап, қызыл кеңірдек боп отырғаны.Аурухана жанына келіп жеттік. Қасындағы кішкене базардан жеміс-жидектер сатып алдым.1-қабатта 50 теңгеге бахили сатып алып, үшінші қабаттағы «невропатология» бөліміне көтерілдік. Палатасына кіріп, досыммен құшақтай амандастық. Азын-аулақ хал сұрасудан кейін, қасында қуат көзіне жалғанған смартфонына бір көз тастап: — Қайтеке, ақылды болғаныңмен, қара басыңның пайдасын білмейсің? Алла берген басыңды дұрыс пайдалансаң, əлдеқайда бақуатты болар ең. Мүмкін, шет елдердің мықты емханаларынан сауығып кетер ме ең? — Шүкірміз ғой. Алла біледі. — Ең болмаса нервіңді құртып, мыңдаған адаммен, уатсапта, əлеуметтік желілерде, сайттарда пікір таластыруды қойсаң қайтеді? - Менің бір атам Жоқшы аталғанынан хабарың бар. Оны да сол кезеңде біреулер мақтан тұтса, біреулер өзі қылған жақсылығы үшін қарыздар санаса да, бұл жүрісіне наразылар да болған. Бірақ атамыз ол қылығын тастамаған. Жоқ-жітікке өзінің малының бір бөлігін беріп отырған. Заман өзгерді. Ол кездегі жоқтың көбі бар. Дүкендер толып тұр. Дəрінің де түр-түрі бар. Бірақ жауларымызда бас салмаса да, бұрынғыдан азайған жоқ. Хадистерде айтылатын «Адамның басты жауы — өзінен» бастап миллион мерез қаптап тұр. Əлемнің əр түкпірінен жететін сан-алуан идеология тағы бар. Сондықтан қоғам қалғымау керек, айналаң мызғымау керек. Жоқшы бұл заманда қажет боп тұр. Махамбет бабамыз "қабырғасын қақсатып, бір-біріндеп сөксе де..."-деп жырламаушы ма еді. Біздікі əншейін, үй сыпырушы əйелдің тірлігіндей бірдеңе ғой. - Е… Осылай сөйлемесең сен Қайтпас боласың ба, досым-ау?Осы кезде медбике келді де, система қойып кетті. Менде қоштасып, есікке бет алдым. Дəлізге шықсам да, ашық есіктен көз салдым. Қайтекең дірілдеген екінші қолына смартфонын алып, қарай бастады. Онда уатсап пен фейсбукте жүздеген хабарлама бар шығар?Астанама бет алдым. Барған соң, ең əуелі өзім мүше болған партияның қатарынан шығам. Бірде-бір партия Қайтпан тəрізді мың мерезбен қатар алыспайды. Енді мен де Жоқшылардың біріне айналам. Елімізде мыңдаған шынайы Жоқшы болса, Қазақстанымыз алдыңғы қатарлы елдің бірі айналар еді. Фото: weareart.ru                                      
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 12:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 15:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 15:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42