Алданған қажылар, жалған виза және 500 доллар пара
Жақында бір топ қазақстандықтың қажылыққа барамыз деп алданып қалғаны қоғамда қызу талқыланды.
Оқиғаның қысқаша тарихы мынадай, ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, оларды Zam-Zam Qazaqstan (заңды атауы – Zam Zam store) компаниясы алдап соққан. 21 маусым күні Алматы қаласынан жолға шыққан қажылар екі күн жол жүріп, бірнеше қаланы басып өтіп 23-күні Сауд Арабиясының Жидда қаласына жетеді. Одан соң автобусқа мініп, Мекке қаласына жетеді. Дәл осы уақытқа шейін қажыларға ешқандай көлденең кедергі болмайды. Бәрі тиісті қонақ үйлеріне жайғасады, біразы умра қажылығын өтейді. Сөйтіп, қазақстандықтар маусымның 26 күні үлкен қажылыққа Мина жазығына бет алады. Дәл осы жерде күтпеген тосын жағдай орнайды, Сауд Арабиясының тәртіп сақшылары қазақстандық қажылар отырған екі көлікті тоқтатып тексереді, ақыры мұндағы қажылардың заңсыз келгені анықталады да ары қарай жол жүруіне тыйым салынады. Сонымен не керек, Құдайға құлшылық етіп, Алла алдындағы парызымызды өтейміз деп келген қажылар 24 сағат автобуста қаңтарылып отыруға мәжбүр болады. Қажылардың жанайқайы дәл осы кезде ғана Қазақстанға жетті. Әлеуметтік желілерге түрлі видео-фотолар жүктелді. Онда қажылардың қапырық ыстықта автобус ішіне қамалып, жандары қиналып отырғандары анық байқалады. Осыдан кейін бұл іске Қазақстан үкіметі араласады. Қазақстандықтарды қайтадан Жидда қаласына алып келеді. Сауд Арабия билігі «жалған визамен келіп, заң бұзды» деп, қажыларды полиция бөлімшесіне апарып, тергеп-тексереді.
Қажылар дәл осылай сергелдеңге түсіп, қиналып жатқанда Қазақстанда да бұл істің мән-жайы таразыға тартылып, ақ қарасы анықталып жатты. Алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жариялады. Онда: «Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерден әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының жетекшісі Данияр Илиев заң алдында жауап беру тиіс деп санаймыз» делінген. Осыдан соң жұртшылықтың назары «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясына ауды. Мұны біз де тексеріп көрдік. Компания 27.11.2020 жылы Илиева Индира Қайратқызы деген азаматтың атына тіркеліпті. Заңды мекенжайы Алматы қаласы Әуезов ауданы Өтеген батыр 76а. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «заң алдында жауап беруі тиіс» деп отырған Данияр Илиев кейбір деректерде компанияның заңды иесі саналатын Илиева Индира Қайратқызының күйеуі әрі «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының жетекшісі делінген. Атышулы компания жалған виза жасатып, қажыларды алдады деп көпшілік дүрлігіп жатқанда әлгі Данияр Илиев есімді азамат тағы бір ешкім күтпеген тосын жағдайдың бетін ашты. Ол «31 арна» телеарнасының «50/50» әлеуметтік ток-шоуының 2023 жылғы 29 маусым күнгі эфиріне берген сұхбатында «мүфтият турфирмалардан әр қажы үшін 500 доллар пара алады» деді. Сондай-ақ Д.Илиев басқа да компаниялардың мүфтиятқа пара бергенін білетінін, тіпті турфирма басшыларының осы жүйеден әбден шаршағанын айтты, тіпті «сөзіме айғақ болатын видео, аудио жазбалар да бар» деді. Осыдан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Д.Илиевтің үстіне шағым түсіретінен айтты. Бір қызығы осы даулы, екіұшты сұхбатынан соң Д.Илиев журналистерден тайсақтады. Әлі өзі айтқан «аудио, видео жазбаларды» айғақ дәлелдерді де көрсетпеді. Біз де о кісіге және «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының интернетте көрсетілген нөміріне хабарласып көрдік, тілдесе алмадық. Тіпті Д.Илиевтің әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына да хат қалдырдық, жауап болмады.
Ендігі сұрақты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қойдық. Сауалымызға Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов жауап берді.
–Сіздер қажылардың алданғанын қашан, қалай білдіңіздер?
– Осыдан біраз уақыт бұрын «Zam-Zam Qazaqstan» сияқты бейресми туристік компаниялар түрлі әлеуметтік желілерде «қажылыққа апарамыз» деп жарнама жасай бастады. Мұны көрген квота ұтып алған турфирмалар шағымданды. Осыдан соң біз бұл мәселеге назар аудардық. Дәл осы «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясы әлеуметтік желіде «мүфтият бермеген рұқсатты сіздер қайдан алып отырсыздар?» деген көпшіліктің сұрағына «біз тікелей аламыз» деп жауап беріпті. Міне, біз осы сөзде бір шикіліктің бар екенін сездік. Сонан соң Ішкі істер министрлігіне, прокуратураға және басқа да тиісті мекемелерге квота ұтып алған компаниялардың шағымы негізінде хабар бердік. Біз ең бастысы бұл компаниялардың ресми қажылық орындарын алмағанын, мұның аяғы заңсыздыққа ұрындыратынын баса ескерттік. Бірақ бұл компаниялар адам жинауын жалғастыра берді.
2019 жылдан бері Қазақстан азаматына Сауд Арабиясына бару үшін туристік виза беріледі. Әлгі компаниялар осы виза түрімен апарғалы жүрген болар деп те ойладық. Негізі қажылық виза Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сыртқы істер министрлігі арасында жасалған келісімшартқа сай жылына 4 мың адамға береді. Бұл жыл басында нақтыланады. Ал «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясы біз ойлағандай туристік визамен Сауд Арабия территориясына өтеді. Сөйтіп, Мекке қаласына келеді, онда туристік визаларын жасырып, ары қарай жалған визамен әрекет етпекші болады. Енді осы жерде мына дүниені нақтылап айта кетейін, барған қажылардың бәрін бірдей алданды деп айтуға болмайды. Себебі олар Меккеге келген соң өз еріктерімен туристік визасын жасырып, жалған визаны жергілікті билік органдарына көрсетеді.
–Қажылардың дәл қазіргі жағдайы қалай?
– Қазіргі жағдайлары жаман емес. Ол жақта қажылық мерзім аяқталды, енді қолдарындағы туристік визаларымен Сауд Арабиясының кез келген қаласын аралай алады. Әрине, олар бейресми келгендіктен, сәл ескірген қонақ үйлерде тұрып жатыр, сонда жатады, сонда тамақтанады.
–Қажыларға қызмет көрсететін компаниялар лицензияны қалай алады, биыл қанша компанияға лицензия берілді?
– Мұндай лицензияны негізі туризм министрлігі береді. Бірақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл басында конкурс жариялаймыз, оның негізгі талаптары болады. Бұл жерде ең маңыздысы тәжірибе, сондықтан біз: «умра қажылықпен кемінде бес жылдан бері айналысып жүру керек» деген талап қоямыз. Биыл 18 компания өтті, 4 мың адамды соларға үйлестіріп, бөліп бердік.
– «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының жетекшісі Данияр Илиев апарат құралдарына берген сұхбатында: «Мүфтият турфирмалардан әр қажы үшін 500 доллар пара алады» деп пікір білдірді, бұған қатысты не айтасыздар?
–Бұл әңгімелер де жыл басынан бері айтылып келеді. Негізі «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясы биыл конкурсқа да қатысқан жоқ, лицензиясы да жоқ. Сөйте тұра жалған ақпарат таратып жатыр. Сонша адамды Меккеге апарып алдап, қан жылатып алдап кеткен адамдар үшін елдің рухани тынысына жауап беретін білдей мекемені «парақор» деп айыптауы таңғаларлық жағдай емес.
— Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ, осыған дейін «Кәусар тревел», Er-Ali-Co компаниялары да қажыларды алдаған еді, осы мәселелер заң жүзінде қалай шешілді, жауапкершілікке тартылғандар болды ма?
– Иә, «Кәусар тревел» жыл басында, Er-Ali-Co былтыр қажылық кезінде біраз кісілерді қиындыққа ұрындырғаны рас. Қазір «Кәусар тревелдің» директоры іске тартылып жатыр. Енді, міне, «Zam-Zam Qazaqstan-ның» үстінен де іс қозғалып жатыр екен. Түптеп келгенде мұның бәрі заңмен реттелуі тиіс. Иманның айналасында, діннің төңірегінде пайда табу үшін жүрген адамдар еш уақытта, ешкімге жақсылық алып бермейді.
–«Zam-Zam Qazaqstan» компаниясы жалған визаны сонда қалай жасады?
— Оның еш қиындығы жоқ. Алдымен түпнұсқа визаны қолдарына түсірген, сосын соны редакциялап, фотосын, аты-жөнін өзгертіп, қайтадан жасаған. Ал виза нөмір сияқты ақпараттар ресми қажылардың ақпараты, оны өзгертпеген.
«Zam-Zam Qazaqstan» компаниясына «жалған визаны қайдан алдыңдар?» десе, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы берді» дейді. Бұлардың өтірігі осы жерден-ақ әшкере болып тұр. Заң бойынша біз ешкімге виза бере алмаймыз. Мәселен, бізден рұқсат алған 18 компанияға да біз виза бермейміз, оны өздері алады. Сауд Арабиясы қажылық министрлігінің үлкен порталы болады, әрбір қажылық орынды иеленген туроператорға логин, пароль беріледі, сол арқылы өз парақшаларына кіріп, визаны рәсімдейді. Ал «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясы бұған қатысты қисынсыз уәж айтып отыр. Әйтеуір қалай болса да барлық жауапкершіліктен қашуға тырысып жатыр. Визаны «діни басқарма берді» дейді, «діни басқармаға ресми тіркелейік десек пара сұрады» дейді. Олардың мақсаты – өстіп істі біраз соза түсу еді. Алайда, ойлағандарына жетпеді. Енді заң алдында жауап беретін болады.