«Алдымда ақын Абай – темірқазық»
Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеудің қайнар көзі, айтулы ғалым Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл.
Абайтанудың негізін қалыптастыру жолында басын бәйгеге тігіп, кеңестік әміршіл жүйенің қаншама қысымын көріп, абақтысының азабын тартса да мойымаған ғалымның қайсарлығы, мақсатына беріктігі өз алдына бір аңыз. Ғалымның тұлғалық болмысын танытатын бірінен-бірі өтетін естеліктер де жетіп артылады.
Қайым Мұхамедханұлы тар жол, тайғақ кешуге толы тағдырдың сан тауқыметін тартса дағ «Алдымда ақын Абай – темірқазық» деген өмірлік ұстанымынан айнымаған адалдығы осы күнгі «мен» деген ғалымдардың бойынан табыла бермейтіні мойындалуға тиіс ақиқат.
Жалпы, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген екі ұғымға да сыятын Қайым Мұхамдеханұлының есімін қастерлеу қашан да парыз. Осыған орай табалдырықтан енді аттаған жылқы жылының алғашқы аптасында Абай облысының орталығы Семей қаласындағы Абай музейінде «Абайтанудың асқан білгірі» атты еске алу кеші өтіп, «Алдымда ақын Абай – темірқазық» атты көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Кеш барысында сөз алған музей директоры Ұлан Сағадиев қазақ руханиятының қарашаңырағы саналатын музейді 1940 жылы Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевтың бағыт беруімен Қайым Мұхамедханұлы қолға алып, жәдігерлерін жинақтауда қажымай-талмай еңбектенгенін атап өтті.
Ғалым туралы тілге тиек еткенде ара-тұра сөз арасында болмаса, арнайы жазылмай, назардан тыс қалып келе жатқан бір жайт бар. Ол – Қайым Мұхамедханұлының Қазақ Совет Гимнінің алғашқы авторы болғаны. Алайда, жасы жиырма үшке енді келген жас дарынға жеке-дара бұл атақты қимаған кеңестік әдебиет өкілдері оған Әбділда Тәжібаев пен Ғабит Мүсіреповтің есімін қосақтап қойған қиянатшылдығын қайда қоярсыз?! Сонда гимннің алғашқы жолы «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген Қайым сөзі кеңестік цензура кесірінен өзгеріске ұшырап «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» болып басталып кеткені де айтылмай қалған жоқ.
Бұдан өзге ғалымның қызы Д.Мұхамедханның мына бір дерегі де назар аудартады: «1992 жылы Қайым тәуелсіз Қазақстанның Әнұранын шығаруға арналған байқауға қатысып, мәтіні тағы жеңіске жетті. Бірақ бұл жолы Қайым «авторлар ұжымын» қосатын болғандығы себепті қатысудан бас тартты». («Абай» ақпараттық порталы. 16.001.2016 жыл «Қайым Мұхамедханов кім еді?»).

Қайым Мұхамедханұлынан тікелей дәріс алмаса да оның мұрасын зерттеуді ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспембетовтің сеніп тапсыруы өзінің бағына бұйырғанын тілге тиек еткен филология ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетіне қарасты «Абай және ұлттық руханият» орталығының басшысы Ақмарал Смағұлова ғалым атына көше беру де оңайға түспегендігін атап өтті.
– Семейдің орталығындағы Интернационал көшесіне Қайымдай ғалым есімі 2016 жылы – туғанына 100 жыл толуына орай берілді. Бірақ, оны жүзеге асыру оңайға түскен жоқ. Шәкәрім университеті мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж оқытушылары мен студенттері осы ізгілікті іске үлкен жаупапкершілікпен қарады. Көше бойындағы жүздеген астам үйдегі әр пәтердің есігін қағып, тұрғындардың келісімін алу үшін тынымсыз еңбектенуге тура келді. Одан бөлек түрлі бизнес орталықтардың, сауда дүкендерінің иелерімен де кездестік. Қарсылық та болды, бірақ тұрғындардың басым көпшілігі келісімін бергені қуантады.
Қайым Мұхамедханұлы – тек абайтанушы ғана емес, ғылыми әдіс, ұлттық жаупапкершілік және дерекке адалдықтың үлгісін қалыптастырған ұлы зерттеуші. Осы тұрғыдан алғанда ғалым мұрасын жүйелі зерттеу қажеттігі, қайымтану атты дербес ғылыми бағыт қалыптастыру қажеттігі уақыт талабынан туындап отыр, – дейді «Абай және ұлттық руханият» орталығының басшысы А.Смағұлова,
Қазіргі күнде Алаш астанасы атанған шаһар төрінде Абайды ұлықтап, оның ақындық айналасын зерттеуде бір өзі білдей бір академияның жұмысын атқарған Қайым Мұхамедханұлы туралы айтқанда дәтке қуат болар бірқатар мысал бар. 2022 жылы М. Әуезовтің туғанына туғанына 125 жыл толуына орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Абай облысына келген сапарында М.Әуезов пен Қ.Мұхамедханұлының құрметіне арналған «Ұстаз бен шәкірт» атты ескерткшітің лентасын қиған еді. Одан бірер жыл бұрын Абай – Мәңгілік ел көшелерінің қилысында Қайым Мұхамедханұлының барельефі қойылды. «Енді облыстағы немесе облыс орталығындағы мектептердің біріне ғалым есімі берілсе» дейді Семейдегі зиялы қауым өкілдері.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Абай облысы