«Алдымен қытай тілін үйрену керек»: Қытайда аз ұлттардың құқықтары шектеле ме?
Қытай билігі «Этностық бірлік пен прогреске ықпал ету» деп аталатын жаңа заң қабылдауды жоспарлап отыр.
Құжатта елде «жаңа мәдениет қалыптастыру», қытай тілінің мәртебесін көтеру және балаларға алдымен қытай тілін үйрету сияқты талаптар қарастырылған. Сарапшылар бұл бастама аз ұлттардың құқықтарына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
Заң жобасына сәйкес, білім беру негізінен қытай тілінде жүргізіледі, этностық топтар арасындағы некеге ынталандыру күшейеді, ал ата-аналар балаларын коммунистік партия мен «қытай ұлтын сүюге» тәрбиелеуі тиіс. Сондай-ақ «этностық бірлікке нұқсан келтіреді» деп танылған әрекеттерге тыйым салу қарастырылған.
Халықаралық ұйымдар бұл заң әсіресе Шыңжаң мен Тибеттегі аз ұлттарға қысымды күшейтуі мүмкін деп санайды. БҰҰ дерегінше, 2017 жылдан бері Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман халықтарының өкілдері «қайта тәрбиелеу лагерлеріне» қамалған.
Ал ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, заң елдің бірлігін нығайтып, экстремизммен күресуге бағытталғанын айтады.
Қытайда ресми түрде 56 ұлт бар. Олардың ішінде ұйғырлар шамамен 11 миллион, ал қазақтардың саны 1,5 миллионнан асады.