Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:20, 02 Қазан 2023

Алдымыз құлама жар, артымыз қызыл жалын

Діни сегрегация
Фото: из открытых источников

Қазақстанның қазіргі жағдайы қалай, діни сегрегацияға ұшыраған қазақ қоғамының басын қалай біріктіруге болады деген сұрақ бұрын да өзекті болатын, қазір де күн тәртібіндегі сауалдың бірі.

Елімізде болашақта салынатын АЭС құрылысы мен одан төнетін экологиялық проблема, әлеуметтік инфраструктуралардың нашар дамуы, әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, мемлекеттік және бюджеттік құрылымдарды жайлаған коррупция, тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластық непотизм, қазақ тілінің мүшкіл хәлі, рушылдық пен жершілдік сияқты қазақтың ескі аурулары жағдайды одан әрі ушықтырып, қазақстандықтар арасында пессимистік көңіл күй тудырып тұр.

Болашағы бұлыңғыр, пессимизмнің тұңғиығына қарай кетіп бара жатқан адам – жандалбасамен әрқашан өзіне рухани тірек іздейтіні заңдылық. Сондықтан жастар радикал діни секталарға кіріп, әртүрлі ислами идеологияның жетегінде кетіп, санасы уланып жатыр. Бұл анық. Әсіресе Ресейдің Украинаға қарсы ашық агрессиясынан кейін импершіл орыс әлемін аңсаушы сепаратистердің арандату іс-әрекеттері күшейіп кетті. Сол үшін елімізде діни экстремизм, ресейшіл сепаратизм, саяси радикализм қаупі күшіне мініп тұрғаны жасырын емес.

Адам ресурсының қайнар көзі – сапалы адамның қалыптасуына эзотерика мен мистикаға иек артқан сопылық ағымдар мен деструктивті сәләфиттер бұл өмірдің мәні мен мазмұнын тәрк етіп, бүкіл жақсылық пен нығметті о дүниеден іздеуге шақырады.

Экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын, халықтың тұрмысын жақсарту үшін бірінші кезекте адам ресурсының сапасын күшейту керек. Ол үшін адам санасын шырмап алған, түк пайдасы жоқ, қайта зиян келтіріп жатқан діни идеологиялардан арылту қажет. Сонда ғана жас ұрпақ білімге, ғылымға ден қояды. Экономика саласын тиімді басқарудың, экологиялық проблемаларды оңды шешудің менеджментін үйренеді. Мұның бәрі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, коррупция мен жең ұшымен жалғасқан сыбайластықты азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай жетістікке жету үшін білімді, сыни тұрғыда ойлай алатын, өз саласы бойынша білікті мамандар басшылық қызметте болуы керек.

Әлемдік нарықта бәсекелесе алатын, азаматтары бай-бақуатты өмір сүретін Жаңа Қазақстан құру үшін адамды, біздің жағдайымызда қазақты орта ғасырлық санадан арылтып, оны әрқашан ақылына жүгінетін, рационал ойлайтын, дербес әрекет ете алатын зайырлы индивид деңгейіне көтеру керек.

Соған байланысты қазақ халқына, біріншіден, түркі өркениетіне тән және біздің ата-бабаларымыз ұстанған діни дүниетанымның онтологиясы мен философиясын жан-жақты терең зерттеген дұрыс. Орыс-қытай тарихшылары мен идеологтары тәңіршілдікті шаманизмге негізделген қарабайыр қоғамның эклектикалық нанымы ретінде түсіндіреді. Тәңір сенімі деген не? Тәңір дүниетанымы дегеніміз – бір жаратушыға деген монотеистік сенім. Көшпенділердің көбі бір жаратушыға сеніп, оны Тәңірі деген.

Ақиқатында «қазақ» сөзі кез келген озбырлыққа қарсы шыққан, яғни еркіндікті сүйетін адамдар дегенді білдіреді. Сондықтан қатаң монотеизм қағидатымен, қазақ санасына әбден сай келеді. Егер біз еліміздің озық ғылымы мен дамыған экономикасы, ұлттық рухы мен тілі асқақ һәм технократтық мемлекеттердің қатарына кіруін қаласақ, ұлттық бағытты мемлекеттік деңгейде насихаттаған дұрыс дер едім.

Одан басқа қазақты ХХІ ғасырдың діни, рухани, саяси толқындарынан алып шығатын жол көріп тұрған жоқпыз. Бір жағымызда құлама жар, бір жағымызда лаулаған қызыл жалын. Қорыта айтқанда, зайырлы мемлекеттің зайырлы идеясын берік ұстанғаннан артық жол жоқ.

Тұрарбек Құсайынұлы,

дінтанушы

Тегтер: