Алдын ала қорытынды бойынша "Жомарт" кенішіндегі апатқа метан газы себеп болған

Үкімет комиссиясы "Жомарт" кенішіндегі апаттың алдын ала қорытындысын жариялады.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда жеті кеншінің өліміне себеп болған апатқа метан газының жарылуы себеп болған.
"Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ереже бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар тобы белгілі болды", - делінген тергеу қорытындысында.
Айта кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысы "Қазақмыс" корпорациясына қарайтын "Жомарт" кенішіндегі шахтада жарылыс болды. Оқиға салдарынан 7 шахта жұмысшысы үйінді астында қалып қойған. Кабельдердің үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс болмағаны хабарланды. Кейіннен олардың барлығы қаза тапқаны белгілі болды.