Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:28, 09 Шілде 2021

«Алдымен – экономика» деген саясат жалған екен

None
None

 Кез келген мемлекет үшін геосаясат тұрғысынан ең маңызды нәрсенің бірі – өзінің орналасқан жері, былайша айтқанда, географиясы.

Теңізге шығатын жолының болғаны үлкен басымдық. Сонымен бірге барлық жағынан дамыған, әбден өркендеген елмен көршілес болғаны да жақсы. Егер, әрине, ол мемлекет осындай артықшылықтарды өз мүдделері үшін дұрыс пайдалана алса...

Ал енді Қазақстан қандай?

       – Қазақстан ­– Ресей мен Қытай сияқты екі түрлі ірі орталықтың арасында оңбай қысылып қалған ел. Жай қысылып қана қалған жоқ, солардың ықпалынан шыға алмайды. Қазақстан ғана емес, біздің Орталық Азия аймағындағы елдердің бәрі осындай мүсәпір күй кешуде, – дейді сарапшы Қазбек Бейсебаев.

         Ең сорақысы, біздің жағдайымызды Түркия мен Ресейдің ортасында тұрған Әзірбайжанмен, Еуропа мен Ресейдің арасында қалған Беларусьпен салыстыруға да келмейді.

      – Біз орталықтың құрамында толықтай болдық, екінші орталыққа жартылай бағындық, үшіншісі қашанда бізге көз салып келді. Бұл бізге ұнаса да, ұнамаса да, біздің қашып кете алмайтын бар шындығымыз – осы. Тағдырымыз екен. Сол себепті біз түрлі мемлекетаралық бірлестіктер мен ұйымдар арқылы барлық орталықтармен ынтымақтаса беретін ел болуға мәжбүрміз. Бірақ Қазақстан осындай жайсыз географиялық орналасуына қарамастан, әу бастан бері ең алдымен өзінің тәуелсіздігін нығайта беруге бар күшін салуы керек еді.

       Тәуелсіздік деген құр елтаңба мен ту, еліңдегі елшіліктер мен БҰҰ-ға мүшелігің емес. Тәуелсіздік деген, ең алдымен, экономика екенін қалайша түсінбедік?! Дәл осы экономика саласында Қазақстан түк бітірген жоқ деуге болады. Кезінде биік мінберден айтылған «Алдымен – экономика, сосын –  саясат» деген формула өтірік болып шықты. Алдаған екен. Басқасын айтпағанда, тіпті өзімізді өзіміз картоппен де қамтамасыз ете алмайды екенбіз. Отыз жыл бойы мұнайдың үстінде отырсақ та, өзіміз болып жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға да қауқарсыз болдық. Есесіне біз 30 жыл бойы түрлі халықаралық жобалар, саммиттер мен басқа да еш пайдасы жоқ дүниелерді ұйымдастырумен  айналыстық. Бір ЭКСПО-ның өзі неге тұрады?!

        Турасын айтқанда, біздің билік ақшаны оңды-солды желге шашты аямай. Халық игілігі мен экономиканы дамытудан басқасының бәріне. Қарап отырсаңыз, біздің билік қазақты тәуелсіз ел етудің орнына еліміздің әлгі үш ірі орталыққа неғұрлым тәуелді бола түсуі үшін бәрін қасақана жасап келгенін байқайсыз. Қазір қазақ тәуелді ел болды. Енді ірі державалардың біздің тағдырымызды шешетін ықпалы тек күшейе береді. Әу баста зор мүмкіндіктеріміз бола тұра, оны пайдаланбай қойғанымыз өзегімізді өртейді енді. Әттең, уақыт кері қайтып келмейді, тек алға оза береді. Қазақстан көп нәрседен құр қалды, қолында болған үлкен мүмкіндіктен қағылды. Ендігі барымыз осы. Күйіміз, міне. Не дейсің енді?! – деп пайымдайды сарапшы.

Тегтер: