Алексей Цой: Қазақстанда жыл басынан бері 234 мың адам пневмонияға шалдығып, 3,3 мың адам қайтыс болған

17.07.2020, 21:00

49

Қазақстанда жыл басынан бері 234 мыңнан астам адам пневмонияға шалдығып, оның 3,3 мыңы ауру салдарынан қайтыс болған. Бұл туралы бүгін, 17 шілдеде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін 234 187 адамның пневмонияға шалдыққаны расталған. Өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 3,3 жарым есе жоғары» деді Цой орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте өткен жылдың балама кезеңінде 70 926 жағдайдың тіркелгенін айтып.

Денсаулық министрі бұлардың арасында бактериялық пневмония, қоздырғышы белгілі вирустық пневмония және қоздырғышы белгісіз вирустық пневмония жағдайлары бар екенін айтты.

Цойдың сөзінше, 2020 алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар саны өткен жылдың балама кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Алайда маусымның үшінші онкүндігінен бастап қоздырғышы белгісіз вирустық пневмония жағдайлары артқан.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін пневмониядан 3327 адамның қайтыс болғаны тіркелген. 2019 жылдың балама кезеңінде 1896 жағдай тіркелген болатын. Көрсеткіш 1,75 есе өскен» деді министр.

Осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмониядан 1772 адамның қайтыс болғанын хабарлаған. Егер министрліктің бұл дерегінде ешқандай өзгеріс болмаса, пневмониядан тек шілденің бірінші жартысында 1555 адам қайтыс болған.

2 шілде күні денсаулық сақтау министрі биыл алғашқы жарты жылда 98 546 адамның пневмонияға шалдыққанын айтқан. Ал 11 шілде күнгі үкімет отырысында министр 1-8 шілде аралығында пневмонияға 58 809 адамның шалдыққанын айтқан. Егер бүгін айтылған саннан шегерер болсақ, Қазақстанда шілденің бірінші жартысында 135 641 адам пневмонияға шалдыққан. Ал 9-15 шілде аралығында өкпе ауруы 76 832 адамнан анықталған.

17 шілдедегі брифингте Алексей Цой 1 тамыздан бастап қоздырғышы белгісіз вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қосылып саналатынын айтты.

«COVID-19 ауруына шалдыққандар мен осы аурудан қайтыс болғандар екі дерек көзінен жасақталады. Біріншісі – зертханада нақтыланған COVID-19 жағдайлары, екіншісі – нақтыланбаған бірақ белгілері коронавирустікіне ұқсайтын вирустық пневмония жағдайлары» деді Цой.

Министр пневмонияға шалдыққандардың қаншасынан коронавирус табылғанын айтпады.

Ресми статистикаға сай, елде 66 мың адамнан коронавирус табылған. 40 мыңнан астам кісі дерттен айықты. 464 адам коронавирустан қайтыс болды.

16 шілдеде Қазақстан президенті Тоқаев халықаралық басылымдардағы ақпараттардан соң үкіметке «коронавирус пен пневмония статистикасын біріздендіруді» тапсырған.

Өткен аптада Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына ақпарат таратып, Қазақстанда «белгісіз» пневмония барын айтқан. Әлем басылымдары осы туралы жарыса жазып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалы жөнінде пікір білдірді. Ұйым елдегі пневмония жағдайлары коронавирус болуы мүмкін екенін айтты.

Зертханалық талдау коронавирусты көрсетпеген пневмония жағдайлары Қазақстанның көршісі Қырғызстанда да күрт артқан. 16 шілдеде Қырғызстан вице-премьері Аида Смаилова үкіметтің пневмонияны коронавирус деп санауға көшкенін хабарлаған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    11:36
  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57