Әлем әдебиетіндегі қазақ: тарихи шындықтың көлеңкесіндегі көркем бейне

Жаһан әдебиетіндегі қазақ: таным, тарих, таптаурын
Әлемде қаншама үлкен кітапхана бар, ал солардың қай бұрышында қазаққа қатысты деректер шаң басып жатқанын ешкім білмейді. Оны іздеп, ғылыми айналымға салу кешегі тарихымыздың шаң басқан бетін сүртумен бірдей игілікті шаруа. Дегенмен ұзаққа созылған отаршылдық үстемдік дүниежүзілік тарих ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, қазақ халқының шынайы тарихын жазуға мүмкіндік бермеді. Отаршылдық тәртіптің идеологиялық сақшылары Қазақстанның қоғамдық ғылымдарын Батыстың қоғамдық ой-пікірінен барынша қорғап, оқшау ұстап келді. Қазақ халқының тарихынан оны жаппай ашаршылыққа, қуғын-сүргінге салған, этникалық және мәдени біртұтастығына зор нұқсан келтірген әуелі патша, кейін кеңес өкіметінің қоныс аудару саясаты туралы қаралы беттері сызылып калды. Қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы күрес тарихы бұрмалауға түсті, құлдық психологияға, дәрменсіздікке негізделген, орыстың отаршылдық үстемдігіне жағыну сезімінен туған еңбектер ғана жарық көрді. АҚШ, Англия, Франция, Германия, тіпті сонау Скандинавия елдерінде де қазақ халқының тарихы мен мәдениеті өткен ғасырдан бастап зерттеліп келгеніне қарамастан, бір ғасырға жуық уақыт шетел ғалымдарының еңбектері біздерге белгісіз болып қала берді. Қазір отыздан астам жыл өтті, сол уақыт ішінде біраз жағдай өзгергені рас. Бұрынғы құпиялар ашылып, қазақ тарихы туралы жазылған тарихи зерттеулердің бәрі болмаса да, біразы бүгінде ғылыми айналымға енген. Осы орайда ойымызға бірден шетелдік қаламгерлердің шығармасына арқау болған қазақ бар ма, болса болмысы қандай деген сұрақ туады.
Қазақ әдебиетіндегі ұлт образының қандай екені әуелден белгілі. Өзіңді, тарихыңды өзіңнен артық ешкім білмейді. Ал әлем қаламгерлері қазақты, оның болмысын, тарихын қалай көретіні кім-кімге де қызық болса керек. Байқасақ, қазақ жайлы жазылған, қазақ образы тұтас ашылған шығарма әлемдік әдебиетте көп емес. Саусақпен санарлық қана. Болған күннің өзінде кейбірінде «қазақ» деп анық аталмайды. Аталған күннің өзінде қазақтың өз «дауысы», төл «иісі» жоқ. Бәрі сырттан танылған. Қазақтың күйі мен әнін бізге мүлде таңсық, тіпті де жат өзге елдің аспабымен ойнап отырған сияқты күй. Қазақ образы шетел әдебиетінде көбіне-көп белгілі бір саяси жағдаймен, тарихи кезеңмен сабақтасып жатады. Мысалы, отарлық кезеңдегі қазақ бодандыққа көндікпеген, билікті мойындамаған еркін халық ретінде бейнеленсе, енді бірде кеңестік дәуірде жүйе ішінде адасып, еркіндігінен айырылған, бірақ рухын сақтап қалған қауым ретінде көрініп жатады. Әлем әдебиетіндегі қазақ образы ұлттық болмысымыздың өзге өркениет кеңістігіндегі бейнесін, өзіміз жайлы сырт көздің таным-түсінігін айқындаса керек. Дегенмен қазақ туралы жазған кез келген шетелдік автор, мейлі ол көркем әдебиет өкілі болсын, мейлі деректі прозаның өкілі болсын, пікірін сан алуан мәдени-тарихи, саяси-әлеуметтік ақпаратқа сүйене отырып, белгілі бір парадигма аясында құрары анық. Әсіресе XIX ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы жартысында жазылған саяхатнама, этнографиялық повестер, очерктер мен мемуарлар қазақты еуроцентрлік көзқарас тұрғысынан бейнеледі. Бұл әдебиет үлгілерінде қазақ батысқа мүлде ұқсамайтын, дәстүршіл әрі «экзотикалық» шығыстың бір бөлшегі ретінде көрініс тапқанын байқаймыз. Байқасақ, әлемдік әдебиетте ұшырасатын ұлт образы ешқашан бейтарап, шынайы болмайды. Әр шетелдік қаламгердің көзқарасы қашан да тарихи үстемдік, отарлық дискурс, мәдени қызығушылық немесе бөтен ұлттың «экзотикасына» тамсану секілді астарлы қабаттармен тығыз байланысып жатары анық. Айыптау емес, әрине, әркімнің өзіне шақ өлшемі болады ғой. Бүгін солардың бірнешеуін оқып, өзімізше талдап көрдік.
Кейде айна-тарихтың бетін сүрткен сайын оның ар жағынан өткен дәуірдегі алуан түрлі оқиға, тарихи шындықтар, тіпті заманның ағысына төтеп беріп, өз еңбегімен ел жадында қалған тұлғалар туралы деректер кездеседі. Сол үшін де кешегі күннің оқымыстысының бірі Хенри Гласси: «Тарих – өткен күн ғана емес, ол қазіргі жиһанкезге пайдасы зор белгілі бір көзқарасқа ие карта» деп бекерге айтпаса керек. Қалай десек те, қазақ тарихы қазған сайын қазынасы қопарылып шыға беретін сарқылмас байлыққа ұқсайды. Әрине, тамыры терең, салты мен дәстүрі бекем елдің өткен уақыттың еншісінде өз үлесі болары даусыз. Отарлық саясат қанша жерден бұғалық салса да, тарихты ешкім тұншықтыра алмайтынына көз жетті. «Тарих сұрақ қоя білген адамға ғана жауап береді». Бұл парасатты сөзді осыдан бір ғасыр бұрын дүниеге келген Хаджо Холборн айтыпты. Оның бұл пайымы өз тарихыңды іздеуден жалықпа дегенді айтып тұрғандай. Әрине, іздейміз де. Өткен дәуірге, қызыл көз қоғам мен солақай саясатқа біздің көбірек есеміз кетті. Осы орайда әлем оқырманы жақын таныс француз жазушысы Жюль Верннің Кенесары мен қазақ тағдырын арқау еткен шығармасы бар дегенге кім сене қояр. Кенесары ханның жорықтары мен күрескерлік жолы тек Орта Азия не Ресей жұртына ғана емес, сонау Еуропа елдеріне де жетіп, оның ерлік даңқы аңыз болып тарағаны мәлім. Бұл туралы әйгілі француз жазушысы, ғылыми-фантастикалық әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі Жюль Верннің өзі «Патша шабарманы» атты романында қалам тербеген. Кенесары Ресей патшалығының отаршыл саясатына қарсы көтеріліске шығып, азаттық үшін атқа қонғанда, Жюль Верн бар болғаны он жасар бала еді. Дегенмен араға қырық жыл салып, сол боздақтар туралы қалам тербеп, еркіндік жолында жан қиған тұлғалардың тағдырын көркем туындыға арқау етерін ол кезде ешкім болжап-білмеген болар. Жасы елуге таяған шағында Жюль Верн «Азия дертімен» ауырады. Сөйтіп осы шабытпен ол 1876 жылы Францияда «Патшаның шабарманы» атты романын дүниеге әкеледі. Бұл шығарма өзінің тосын тақырыбымен сол кездегі француз зиялы қауымының назарын бірден аударса керек. Әдеби сыншылар туындыны жоғары бағалап, оның тарихи-мәдени құндылығын бірден мойындайды. Тіпті бұл роман театр сахналарында да үлкен табыспен қойылып, көпшілік ықыласына ие болған. Кейінірек орыс жазушысы И.С.Тургеневтің қолдауымен роман орыс тіліне аударылады. Алайда патшалық цензура бұл шығарманың ықпалынан сескеніп, 1900 жылы «Михаил Строгов» деген жаңа атаумен жарияланған туындының орыс оқырманына таралуына шектеу қояды.
Жалған тарих жасайтындай Жюль Верн сауатсыз ертегіші деуге келмес. Оның колында қазақтардың тарихы туралы көп материалдар болған. Романдағы мына сөйлемдерді оқысаңыз, француз қаламгерін қыр қазағымен өмір бойы бірге жүрген бе деп қайран қаласыз. Мысалы, «Қырғыз көшпенділерінің көп бөлігі көтеріліске араласуға ден койғандығы туралы полицмейстрдің айтқаны орынды. Ол кезде қырғыздардың жалпы саны екі миллионға жуық еді, олар үш жүзге бөлінді: Ұлы, Орта және Кіші жүз. Кейбір рулар өз алдына тәуелсіз болса, енді біреулері Ресей отаршыларын мойындады. Сондай-ақ Бұқар және Хиуа хандығына бағыныштылары да бар еді» деген жолдар қай халықты суреттеп тұрғаны анық аңғарылатындай. Романдағы географиялық кеңістікте Ертіс өзені, Балқаш көлі, Семей, Тобыл мен Омбы өлкелері, Түркістан, Бұқара, Қоқан және Сібір қалалары нақты сипатталып, сол дәуірдегі қазақ даласының тарихи-мәдени келбетін көз алдымызға алып келеді. Ал шығармадағы көтерілісші Феофар хан образы арқылы Кенесарының тұлғасы анық байқалады. Бұл жерде автор оны тура атымен атамаса да, тарихи контекст пен оқиға желісі арқылы оның Кенесары екені анық аңғарылады. Жюль Верн патшалық Ресейдің отарлық саясаты мен дала жұртына деген менмен көзқарасын сынай отырып, көтерілісшілерді емес, патшаның шабарманын – Михаил Строговты жағымды кейіпкер ретінде бейнелейді. Ал Феофар хан мен оның ақылшысы Огаревті жағымсыз бейнеде суреттеп, сол арқылы патшалық биліктің идеологиясын үстем етіп көрсеткенімен, Кенесары ханды іштей мойындағандай сыңай танытады. Әлем жұртшылығы Ресейдің ешқашан да адам «құқын қорғаудың үлгісі», «халықтың жұмағы» болмағандығын білетін-ді. Дегенмен батыста сан мемлекеттермен жағаласып, шығыста аз бен әлсіздерге тізесін батырып келген осы елдің түрмелерге сонша «бай», ондағы жан түршігерлік жағдай, саяси қуғынға түсіп отырғандар негізінен зиялы қауым өкілдері екендігі, тағы да басқа «құпияларын» көп біле бермейтін. Қаламгер патша билігі мен отаршылдық саясаттың Қазақ даласына дендеп еніп бара жатқанын жақсы түсінеді. Сол себепті де Кенесарыны әдеби тұрғыдан талдап, алыстағы империямен бетпе-бет шайқасқан қаһарман ретінде танып, ханның ерлігін тарихи құбылысқа балайды. Жюль Верннің бұл шығармасы Кенесарының тұлғасын Еуропаға танытқан алғашқы әдеби мысалдардың бірі саналып, ұлт-азаттық қозғалыстың жаһандық сипат алғанын көрсетсе керек. Мұнда қазақ бейнесі тура аталмағанымен, дала, көшпелі рух, бодандыққа қарсы халықтың үнсіз қарсылығы қазақтың тарихи бейнесіне емеурін білдіреді.
Шетел қаламгерлерінің қазақ образын шығармасы арқылы әдеби кеңістікке алып келуі бір жағынан біздің өмір салтымызға, тұрмыс-тіршілігіміз бен тарихымызға деген шынайы қызығушылықтың белгісі шығар. Мәселен, Батыс жұртшылығын қазақ жерімен таныстыруда 1836 жылы француз тілінде Парижде жарық көрген Клер Клермонттың «Владимир мен Зара немесе қырғыздар» поэмасының да өзіндік үлесі бар. Поэма Арал теңізі маңын мекендеген қазақтар өмірінің көріністерін көз алдымызға әкеледі. Шығарма танымдылығы тағдыр тәлкегіне ұшырап, қазақ даласына ауып келген орыс офицеріне қазақ қызының, сүйкімді сұлу Зараның өз ортасын, ата мекенін, әке-шешесін тәрк етіп «ғашық» болуын баян етеді. Ең қызығы, қазақ образына автор «орыс терезесі» арқылы қарағаны анық байқалады. Әділ есімді бай қызы Зараның «кедей кәпірге» ғашық боп, көшпенді өмір салтынан қашып кеткенінің өзі санаға әбден сіңіп қалған кеңес идеологиясына анық мысал болар еді. Бұл идея әсіресе қазақ даласына көз тіккен сыртқы күштердің өз миссияларын мәдени романтикамен бүркемелеп жеткізу тәсілінен бастау алады. Кеңес өкіметі тұсында билік «ұлы орыс мәдениеті» мен «кеңестік бауырластық» сынды идеяның насихатшысы болды. Бұл идеяға сүйенсек, орыс адамы – өркениеттің, гуманизмнің, прогрестің өкілі ретінде бейнеленіп, ал шет аймақтардың халықтары, оның ішінде қазақтар «жабайы», «қараң», «надан» халық ретінде сипатталатын. «Владимир мен Зара» поэмасындағы орыс офицері Владимир – осы жоғары өркениет пен мәдениет иесі. Ол тек әскери тұлға емес, сонымен қатар қазақ қызына өзінің ішкі бітім-болмысымен, «жоғары мәдениетімен» әсер етіп, оның жанын баурап алатын тұлға ретінде сипатталатыны байқалады. Ал Зара – өз халқының «артта қалған», «ескі» дәстүрінен бас тартып, «жаңа өмірге» бет бұрған кейіпкер. Кеңес өкіметі тұсында жазылған, жарияланған әдебиетте мұндай қазақ әйелдерінің образы жиі кездеседі. Және бұл саналы түрде жасалған саяси дискурс екені де рас. Бір қарағанда поэма сюжеті сырт көзге махаббат жолында қолындағының бәрін құрбандық еткен қос ғашықтың трагедиясы боп көрінгенімен, шын мәнінде, тереңінде отарланған субъектінің өз болмысынан ажырауы мен «жоғары мәдениетке» бейсаналы түрде бас июі жатыр. Олар бізге ғана емес, дүниенің бәріне, неміс шығыстанушысы Б.Шпулер айтқандай, «орыстың терезесі» арқылы карауға үйретті. Клермонттың өзінің өмірбаянына үңілсек, ағылшын халқының ақсүйек өкілі, Батыс пен Шығыс арасындағы айырмашылықты жақсы түсінетін, мәдени стереотиптерге бейім ортада өскен тұлға. Оның «қырғыз» аталып кеткен қазақтар жайлы жазуының өзі де сол дәуірдегі еуропада қалыптасқан колониялық ойлау жүйесінің бір көрінісі болса керек.
Осы сөзімізге анық мысал болар әдеби шығармалар орыс әдебиетінде де кеңінен ұшырасып жатады. Осы тұста есімізге орыс жазушысы Дальдың «Бекей мен Мәулен» повесі қайта түсті. Повестің қаузаған тақырыбы – Кіші жүздегі байұлының бас старшыны атанған Есенгелді тархан Жанмырзаұлының отбасында орын алған қасірет. Автор ұзақ уақыт бойы Орынбор өлкесінде, қазақ пен башқұрт жұрты мекендеген шекаралас аймақтарда қызмет, жергілікті халықпен мидай араласып жүріп, тіліне, әдет-ғұрпына, тұрмыс-салтына терең үңілгені рас. Даль Есенгелдінің тарихта болғанын, Зәуреш, Асыл, Әсия деген үш әйелі болып, бәйбішесі Зәурештен Бекей көрінгенін жазады. Есенгелді ақсақалдың бәйбішеден туған қыздарының біріне байбақты руының жігіті құда түскен. Бірақ ол қызы оң жақта отырғанда қайтыс болып, күйеу жігіт төленіп қойған қалың малды қайтаруды сұраған. Алайда басқа туған қызы болмаған соң бәйбішесі қалың малды кері қайтаруға көзі қимай, Есенгелді шалды байбақты жігітіне өлген қыздың орнына екінші әйелден туған қыздарының бірін беруге көндіреді. Ол кезде Есенгелдінің екінші әйелі өмірден озған еді. «Басқа біреудің жазасын талдап, талқылаған кезде әділ де парасатты болған Есенгелді ақсақал жеке өз шаруасына келгенде жалған айтып, қиянат жасады, ал кейін оны мойындап, түзетуді де қаламады. Сөйтіп, екінші ұяның балапанын берді, ал ол үшін қалың мал біріншісінде қалды, бүкіл бәленің алғашқы себебі осы дейді» жазушы Даль. Ержетіп есейген соң анасынан айырылған өзінің құрсақтас бауырларына қамқорлық жасап, қорғаныш, пана болған Бекей: «Сіз менің қарындасымды қалыңдық ретінде емес, жесір немесе күң ретінде сатып жібердіңіз. Сіз екінші некедегі жанұяның игілігі үшін қосылатын қалың малды алған жоқсыз. Бірақ сіз оны жүз қойға немесе он бес түйеге беріп жіберетін кәпір сияқты бердіңіз. Олжаны өзара жасырын бөліп алдыңдар. Бізге, менің қарындасымның бүкіл қалың малын беріңдер немесе бірінші некенің бойжетіп отырған екі қызының біреуін беріңдер, біз оған күйеу тауып, қалың мал үшін береміз де, есеп айырысамыз» деген. Бағыныштылық пен бойұсынушылыққа үйренген ақсақал оған қоқан-лоқымен жауап берсе, өгей шешесі қартты Бекейге қарсы айдап салған. Ал өз еншілерінің берілер күнін күтіп жүрген, есейіп, ержеткен екі үлкен ағасының әкесі жағында болуы өзінен-өзі түсінікті еді. Сөйтіп, повестен әке мен бала арасындағы араздықтың одан әрі ушығып, тереңдей түсуіне ықпал еткен бәйбішеден туған ағалары екендігін байқаймыз. Оның үстіне, Бекейдің Хиуадағы орыс тұтқындарының хатын Орынборға жеткізуі, шеп бойындағы казак-орыстармен арадағы жылы қарым-қатынасы, әкесінің айттыруымен байбақты старшыны Тоқтамыстың Мәуленге ғашық болып, отау құруы және өзіне ағаларымен бірдей тең етіп енші бөліп берілмеуі де әке мен баланың арасын алшақтата түскен. Бәйбішеден туған ұлдары тоқалдан туған Бекейдің әрекетіне ашуланып, бауырын ақыры өлтіріп тынады. Бұл қанды оқиғаны жасыру үшін олар «Бекей аттан құлап, өзіне-өзі қылышпен жарақат салды» деген жалған сөйлейді. Кейін патша өкіметі Бекейдің өлімін әшкерелеп, Есенгелді мен ұлдарын айыптайды. Міне, повестің мазмұны осындай. Қазақ салтының, көшпелі халық образының көлеңкелі тұсы бейнеленген бұл повесть империяға отар ұлттарды айыптау үшін тіпті оң болса керек. Даль осылайша қазақ қоғамының билік құрылымындағы ішкі қайшылықтарды көрсетіп, астарлы түрде қазақ ішінде жеке билік пен әділдік жоқ, мұнда рулық мүдде мен өтірік шындықтың орнын басады деген астыртын ой тастағандай болады. Мәселен, Мамин-Сибиряктың «Ақ бозатым», Гребенщиковтың «Батырбектің хандығы», Сорокиннің «Бесекей» әңгімелері де сөзімізге жақсы мысал болушы еді. Бұл бүгінгі санасы тәуелсіз оқырманның көзқарасымен қарағанда, қазақтың өзін-өзі басқаруға қауқарсыздығын тұспалдап көрсетіп, патшалық биліктің қажет екенін ақтап беру тәсілі ме дерсің. Жалпы алғанда, шығармалардағы қазақ қоғамы өзін-өзі түтеп жейтін, жаңашылдықтан жұрдай, рулық мүдде мен кертартпа салттардың құрбанына айналған құрылым ретінде сипатталады. Шығармаларда қазақ адамы – аңқау әрі надан шаруа, ал орыс өкіметі сол «надандықтан құтқарған құдірет». Бұл түсінік отарланған халықтар өздігінен дамымайды, оларға сырттан тәртіп орнату қажет деген үстірт тұжырымды дәлелдеудің тағы бір формасына ұқсайды.
Ақгүлім Ерболқызы