Әлем назарын жаулаған, жастардың санасын улаған – TikTok

Әлем бойынша танымал әлеуметтік желілердің қатарына TikTok енді. Танымал бағдарламалардан ең көп жүктелетіндердің қатарына – TikTok, фейсбук, инстаграм кіреді.
Көпшілікті өзіне еліктірген бұл бағдарламаның шығу тарихына келсек, қытайлық бағдарламашылар Алекс Чжу мен Луис Янг Musical.ly бағдарламасын 2014 жылы жасап шығарады. Онда 15-тен 60 секундқа дейінгі музыкалық видеолар жасап, өзгелермен бөлісуге болатын еді. Musical.ly халықаралық нарыққа бағытталып, тез танымал бола бастайды. Кейіннен осыған ұқсас Douyin бағдарламасы шығады. Douyin бағдарламасы да тез танымал болып, артынша бұл бағдарлама аздық етеді деп TikTok-ты жарыққа шығарады.
ТikTok дегеніміз қандай бағдарлама дегенге келетін болсақ, 15 секундтық музыкалық видеороликтер түсіріп, бөлісуге болатын әлеуметтік желі. Видеоға сай келетін музыка таңдап, ән мәтініне немесе фильм сөздеріне ілесіп орындауға болатын Snapchat, инстаграм тәрізді шегі жоқ ленталы бағдарлама. ТikTok-қа кірген адам бір кіргеннен жіпсіз байланады. Дәл осы жастардың уақытын ұрлайтын, санасын улайтын бағдарлама біздің еліміз үшін қаншалықты қажет?
Дүйсенгүл Оқапқызы, психолог:
— Кейінгі уақытта шыққан бұл бағдарламаға түбегейлі қарсымын. Жастарымыз онсызда ашушаң еді, ТikTok пайда болғалы тіптен ашушаң болып кетті. Себебі, бір видеоны түсіру үшін бүкіл уақытын құртады. Ол дұрыс шықпаса, видо сәтті шықпаса, музыкасы сәйкес келмесе, бірден ашуға булығатыны рас. Бұл дегеніңіз, жастардың психологиясына едәуір зиянын тигізері анық. Жасөспірімдер суицидке де баруы мүмкін. Көп ата-аналар балаларының әлеуметтік желіде не істеп жүргенінен бейхабар. Тіпті қыздарының ТikTok-та жалаңаш билеп жүргенін де білмейтін шығар. Осыдан кейін педофилизм қалай көбеймейді? Жалпы, жастардың санасын жаулайтын бағдарламаларды елімізде қолдануға тыйым салу керек кеш болмай тұрғанда, – дейді.
Шынында, елімізде болып жатқан жағымсыз көріністер ТikTok-та көп көрсетеді. Осы бағдарламаға көшеде түсіп жүргендер құдды бір ауру адамдай көрінеді. Осыған орай, бірнеше мысалды алып қарасақ, метрода он шақты жасөспірімдер бір мезетте метроның жолына құлайды. Сол уақытта аяқастынан жүрдек метроның келіп қалатыны жастарды мүлде ойландырмайды. Осыдан ақ түкке тұрғысыз бағдарлама үшін өз өмірлерін өлімге қия жаздаған жастардың санасы қатты уланғанын аңғарамыз. Сондай-ақ, Атырау облысында мектеп жасындағы қыз бала жартылай жалаңаш күйі билеп, желіге видеосын салады. Бірақ артынша қызының жалаңаш түскен видеосын көрген әкесінің сабап жатқан видеосы да жарық көреді. Осы секілді видеоларды жүктейтіндердің арасында өзіміздің қаракөздеріміздің қатары көп. Тіпті осы ТikTok үшін төбелесетіндер де жетерлік. Ал ең сорақы жағдай, ұлы Абай атамызды, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханға, Ахмет Байтұрсынұлының суреттерін тірі жанға айналдырып, заманауи музыкамен оғаш қылық жасаған мазақ видеолары да пайда болды. Оны да жасап отырған өзіміздің қандастарымыз болып шықты. Осының өзінде бұл бағдарламаға еш бұғат қойылмады.
ТikTok жайында жастарға танымал желі белсенділерінің де пікірін білуді жөн көрдік.
Асқар Көмекбаев, пародист:
— ТikTok түсіру қазір трендте болып тұрған нәрсе. Қазір не нәрсе хит болса, адамдардың барлығы соған ұмтылады. Басты мақсат – елден қалмай, қатардан қалмай заманның ағымымен жүру. Шетелде жасаған дүниені қайталау. Оқырман жинау арқылы танымал болуға да септігі көп. ТikTok түсірудің түк қиындығы жоқ, үлгісі көрсетіліп тұрады, соны қайталаса болды дайын дүние пайда болады. Негізі ТikTok-ты санасы төмен адамдар немесе жасөспірім балалар көп қолданады деп ойлаймын, – дейді.
Шынында танымалдықты арттыратын бағдарлама болса болғаны шығар. Бірақ бейәдеп қылықтар жасау арқылы танымал болудың қажеті қанша? Дегенмен де, әбден санасы уланған жастарды біз тоқтата алмасымыз анық. Бірақ ақпарат арқылы әрбір ата-ана балаларының әлемжеліде не істеп отырғанын бақылап, бұл бағдарламадан алыстата алатынына үміт артамыз.