Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 10 Мамыр 2025

Әлем үшінші дүниежүзілік соғыс туралы жиі айта бастады

Украина Курсктен шегініп жатыр
Украина Курсктен шегініп жатыр. Фото: ЖИ

2022 жылдың 24 ақпанында Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысы халықаралық деңгейдегі ең үлкен дағдарыстардың біріне айналды. Үш жылға созылған бұл қарулы қақтығыстың нәтижесінде екі жақ та ауыр шығындарға ұшырады.

Қаншама адам өмірін жалмаған шайқастың аяқталатын түрі жоқ. «Президент болсам, соғысты бір күнде тоқтатамын» деген Трамптың да уәдесі орындалмады. Әзірге сарапшылар Украина даласындағы ұрыс жыл соңына дейін аяқталып қалатын шығар деп болжап жатыр. Бұған Киев пен Ақ үйдің сирек металдар бойынша келісімге келгені әсер етуі мүмкін. Бұдан бөлек, әлем қазір үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетпей ме деп жан-жағына жалтақтап отыр. Себебі соғыс өрті әлемнің әр аймағынан тұтанып жатыр. 

Ресей әскері 2022 жылдың 24 ақпанында Украина аумағына басып кіріп, Киев, Харьков, Одесса сияқты ірі қалаларға шабуыл жасады. Алғашқы кезеңде Ресейдің негізгі мақсаты Киевті тез арада басып алып, Украина үкіметін құлату еді. Алайда Украина әскері мен бейбіт тұрғындардың қарсылықтары Ресей жоспарларын жүзеге асырмады. 2022–2023 жылдары Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының бір бөлігін Ресей әскерлері басып алды. Осы кезеңде бірнеше мың бейбіт тұрғын қаза тауып, миллиондаған адам босып кетті. 2024 жылға қарай соғыс біртіндеп ұзаққа созылған окоп және артиллериялық шайқастар кезеңіне өтті. ISW сарапшыларының мәліметінше, екі жақ та қорғаныс шептерін нығайтып, позицияларын бекітуге көшті. Бұл кезеңде әскери әрекеттер айтарлықтай бәсеңдегенімен, адам шығыны азайған жоқ.

Украина
Фото: Alexey Kudenko/Sputnik/IMAGO

2025 жылдың көктемі Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыстың жаңа кезеңін айқындады. Сәуірдің басында Ресей әскері Украинаның Харьков және Сумы облыстарына шабуылын күшейтті. Бұл аймақтарда Ресей 67 мыңнан астам сарбаз жинап, әскери күшін арттырды. Шабуылдардың негізгі мақсаты – Днепропетровск облысына шығу, яғни Украина президенті Владимир Зеленскийдің туған өңіріне жақындау болатын. Дегенмен Украина әскері бұл шабуылдарды тоқтатып, Ресей күштері Донецк облысында бекініп қалды. Мамырдың басында бұл шабуылдар бәсеңдеп, екі жақ та қорғанысқа көшті.

Украина президенті Владимир Зеленский соғыс басталғалы бері батыс елдерінің көмегіне барынша жүгініп келеді. Ол әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен дрондарға қарсы технологиялар бойынша көмек сұрады. Сонымен қатар Мәскеу Ұлы Жеңіс мейрамына орай 8-10 мамырға үш күндік атысты тоқтату туралы ақылдасқан, бірақ Зеленский мұндай шағын үзіліс «соғысты ұзартады» деп, кем дегенде 30 күндік үзіліс керек екенін айтты. Ол басқа ел басшыларына Мәскеудегі парадқа бармауға кеңес берді.

Соғыс және адам шығыны

Қақтығысқа қатысушылар арасында адам шығыны мен гуманитарлық дағдарыс ауыр. БҰҰ-ның есептеуінше, 2022 жылғы 24 ақпаннан бері шабуылдар нәтижесінде кем дегенде 40 мың бейбіт тұрғын қаза тауып, 24 мыңға жуық адам жараланған. Сонымен бірге 3,7 миллион адам ел ішінде қоныс аударып, шамамен 6,9 миллион адам шетелге босқын болып кеткен. Жалпы 12,7 миллион адамға гуманитарлық көмек қажет. 2024 жылғы тамыз айына дейін кемінде 11 743 бейбіт тұрғын қаза тауып, 24 614 адам жараланғаны расталған. Украина бас прокуратурасының ақпараты бойынша, 2024 жылғы қарашаға дейін 589 бала қаза болыпты. Әскери шығындар туралы деректер сирек жарияланады. Құпия дерек болғанымен, батыс ақпараттары бойынша екі жақта да жүз мыңдаған әскери шығын болған – әсіресе Ресей жағы айтарлықтай ауыр шығынға ұшырады деп бағаланады. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылар шекара сызығы бойындағы қарулы қақтығыстар күшті болғандықтан, адам шығынының одан әрі өсуі мүмкін екенін болжаған. Бейресми болжамдар бойынша екі жақтан да адам шығыны 1 млн сарбаздан болуы мүмкін. Ал Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің 2025 жылғы 3 мамырда жариялаған күнделікті баяндамасына сәйкес, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бері ресейлік әскердің шығыны шамамен 950 мыңға жуықтаған. Бұл санға қаза тапқандар мен жараланғандар кіреді. Британдық барлау деректері бойынша, 2025 жылдың алғашқы төрт айында Ресей армиясының шығыны шамамен 160 мың адамды құраған. Егер осы қарқын жалғасса, 2025 жылдың соңына қарай Ресейдің Украинадағы шығыны соғыстың басталғаннан бергі ең жоғары деңгейіне жетуі мүмкін.

ресей сарбаздары
Фото: factor.am

2025 жылы бұл ауыр шығындарға қарамастан, Ресей Украинаның аумағында айтарлықтай жаңа жетістіктерге қол жеткізе алмаған. Сонымен қатар ВВС-тің орыс қызметі, «Медиазона» басылымы және волонтерлер тобы жүргізген зерттеулер бойынша, 2025 жылдың 25 сәуіріне дейін Ресейдің қаза тапқан сарбаздарының нақты тізімі – 104 мың. Бұл деректер әлеуметтік желілердегі жазбаларға, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламаларға және мемлекеттік органдардың сайттарында жарияланған ақпараттарға негізделген.

Ал Украина армиясының да шығыны аз емес. Бірақ нақты мәліметтер бәрібір жетіспейді. Кейбір дереккөздер украиналық жарты млн сарбаз қаза тапқанын мәлімдеген. Ақпан айында сұхбат берген Зеленский Ресеймен соғыста Украина 45 100-ге жуық сарбазынан айырылғанын, ал жараланғандардың саны 390 мыңға жеткенін мәлімдеді. UALosses жобасының ашық деректеріне сәйкес, 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап Украина қарулы күштерінің кемінде 63 584 сарбазы қаза тапқан. АҚШ президенті Дональд Трамп Украиндағы соғыста Ресей бір миллионға дейін сарбазынан айырылуы мүмкін екенін, ал Украинаның шығыны кемінде 700 мың адам болуы ықтимал екенін мәлімдеді, алайда ол бұл деректердің нақты қайдан алынғанын көрсетпеді.

Халықаралық ұйымдардың дерегінше, соғыс балаларға да ауыр соғып жатыр. UNICEF-тің мәліметі бойынша, 2022 жылғы соғыс басталғалы ресми түрде кем дегенде 600 бала қаза тауып, 1 350-ге жуығы жараланған​. Украин билігі 2024 жылғы қарашаға дейін 589 баланың мерт болғанын хабарлаған болатын​. Ең өкініштісі – Халықаралық құқық қорғаушылар мен сарапшылар деректері бойынша Ресей күштері соғыс барысында 19 мыңға тарта украина баласын зорлықпен өз бақылауындағы аумақтарға алып кеткен, олардың тек 1 236-сы ғана қайтарылғаны анықталды​.

Украинаның халықаралық жұмысқа орналастыру компаниялары қауымдастығының президенті Василий Воскобойниктің мәлімдеуінше, қазіргі таңда 18 жасқа толмаған шамамен 1,5 миллион украиналық бала шетелде тұрып жатыр. Бұл балалар шетелдегі жоғары оқу орындарына түсіп, сол жақта жұмыс істеуге мүмкіндік алса, кейін Украинаға қайтып оралмауы мүмкін.

Сирек металдар келісімі

Жақында АҚШ пен Украина арасында маңызды стратегиялық келісім жасалды, бұл келісім бойынша Вашингтон Украинадағы сирек кездесетін металдар мен басқа да табиғи ресурстарға қол жеткізеді. Вашингтон осы келісімді жариялаумен бірге Ресейге қарсы саяси риторикасын да күшейтті. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, бұл құжат «еркін, егемен және өркендеген Украинаны қолдауды» мақсат етеді. Келісім аясында АҚШ Украинадағы минералды ресурстармен қатар мұнай және газ қорларына да бірлесіп қол жеткізуге мүмкіндік алады. Алайда бұл ресурстардың меншік құқығы Украинада қалады. Келісім Украинаның Еуропалық Одаққа қосылуына кедергі келтірмейді, керісінше, АҚШ Украинаның ЕО-ға кіру мақсаттарын қолдап, қажет болған жағдайда келісім шарттарын өзгертуге дайын екенін білдірді. Ең бастысы, осы келісім негізінде АҚШ-тың Украинаға әскери көмек көрсету мәселесі қайтадан күн тәртібіне қойылды. Ақ үйдің хабарлауынша, болашақта қор шеңберінде Украинаға қару-жарақ жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Осы келісімнен кейін бірден Украинаның батыстағы одақтастары АҚШ-та өндірілген Patriot әуе қорғаныс жүйелерін Киевке қосымша жеткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл келіссөздер маусымның 24-25 күндері Гаагада өтетін НАТО саммитіне дейін нақтылануы қажет. Зеленский бұл мәселені Ватикандағы Рим папасы Францисктің жерлеу рәсімінде Дональд Трамппен де талқылағанын нақтылаған. Киев пен оның одақтастары қазіргі таңда Украина әуе кеңістігін толық қорғау үшін жоғары дәлдіктегі қару-жарақпен қамтамасыз етуге мүдделі. НАТО саммиті бұл тұрғыда шешуші кезеңге айналуы мүмкін.

Трамп, Путин, Зеленский
Фото: zhasalash.kz

Трамп, Зеленский және Путин

Жыл басында Сауд Арабиясында Украинасыз соғысты тоқтату туралы кездесу өтті. Украина президенті Владимир Зеленский бірнеше рет бейбіт келіссөз тек Киев қатысқанда ғана мүмкін екенін айтты. 2025 жылғы қаңтарда ол Трамп ұсынған бітімге Украина қатыспаса, «соғысты тоқтату мүмкін емес, өйткені Ресей бітім жасағысы келмейді, ал Украина келіскісі келеді» деген пікір білдірді. Сонымен қатар ол ешқашан Қырымды Ресейдікі деп мойындамайтынын, бұл ел конституциясына да қайшы келетінін атап өтті. Зеленский Трамптың жоспары туралы толығырақ мәлімет алу үшін келіссөздер шарты айқын болуы керек екенін, бәрі Ресейдің нені қабылдағанына байланысты екенін ескерткен еді. Кейін бұл келісімдер екі жақтың жеке-жеке қатысуымен жалғасқанымен айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Осыдан соң ақпан айының соңында сирек металдар келісімі бойынша Зеленский АҚШ-қа барғанда Трамппен сөзге келіп қалып, жедел түрде қайтып кетті. Трамп Зеленскийді айыптап, бірнеше мәлімдеме жасады. Соғыстың басталуына кінәлі адамның бірі екенін айтып, Украина басшысының атына ауыр айып тақты. Трамп мұнымен де тоқтамай, тіпті Путинді мақтағандай сыңай танытқан. Бірақ Зеленскиймен 26 сәуір күні Ватиканда өткен кездесуден кейін Путинге деген көзқарасы өзгерді. Батыс басылымдарының хабарлауынша, кездесудің нәтижесінде АҚШ Ресейге қатысты позициясын қатайтқан. Бұл кездесуде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф болмаған. Украина тарапы бұл екі тұлға Ресейдің ұстанымын көбірек жақтайды деп есептейді. Бұл да Трамптың көзқарасының өзгеруіне себеп болуы мүмкін.

Жалпы, кейінгі уақытта Трамп мәлімдемелері нақты істен гөрі жарнамаға қатты ұқсап барады. Ол президент бола сала, «Панама» каналы АҚШ-тікі, Канада 51-штат болып АҚШ-қа қосылуы керек, Гренландияны сатып аламын» деген сынды мәлімдемелер жасады. Иранға қарата да ауыр сөздер айтып, бомбалаймын деп сес көрсетті. Газадағы соғысқа байланысты палестиналықтардың көшіп кетуі керегін ескертті. Мұның бәрі АҚШ халқының наразылығын оятты. Бірнеше рет Трампқа қарсы шеру өтті. Қазір де шетелдік БАҚ алдағы уақытта Трампқа импичмент болып қалуы мүмкін екенін жазып жатыр.

Ал Путин бұрынғы мәлімдемелеріндей, кейінгі уақытта да ядролық қаруын көрсетіп, қорқытуын қояр емес. Бұған дейін ол соғыстың аяқталуы үшін бірқатар талап қойған. 2024 жылғы мамырда ол келіссөзді қайта бастауға дайын екенін, бірақ жаңа бітім қазіргі шептерді ескеруі керек екенін айтты. 2025 жылғы ақпанда Путин АҚШ-пен арадағы байланысты қалпына келтіру – басты қадам екенін, ал Еуропа кейінірек араласатынын мәлімдеді. Сондай-ақ жақында берген сұхбатында Ресейде қару-жарақ күші жеткілікті екенін, 2022 жылғы мақсатын соңына жеткізетінін, ядролық қару қолдануға мәжбүр болмайтын шығармыз деп үміттенетінін айтқан. Путиннің сөзіне қарағанда, ол Украина әскери қақтығысын «батыстың Ресейге қарсы саясатының жемісі» деп қабылдайды және соғыстың соңы Ресей талаптарының қанағаттандырылуына байланысты деп есептейді.

Әлем және үшінші дүниежүзілік соғыс

Қазір соғыс өрті әлемнің әр аймағынан тұтанып жатыр. Жақында Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс қайта ушықты. Кашмир – әлемдегі ең даулы аймақтардың бірі. Бұл жолы да екі ядролық держава – Үндістан мен Пәкістанның арасындағы кикілжің дәл осы жерден тұтанды. Үндістан армиясы Пәкістан аумағына және Кашмирдің Пәкістан бақылауындағы бөлігіне әуе соққыларын жасады. Бұған жауап ретінде Пәкістан да қарсы шабуыл ұйымдастырып, жағдай тіпті ушығып кетті. Шиеленіс Кашмирде орын алған туристерге жасалған шабуылдан кейін күшейді. Ол шабуылда 26 адам қаза тапты. Үндістан билігі шабуылды Пәкістандағы лаңкестік топтар ұйымдастырды деп айыптады. Араға екі апта салып, Дели «Синдур» атты әскери операцияны бастап, Пәкістан аумағына ракеталық соққылар жасады. Пәкістан деректеріне сүйенсек, 26 адам қаза тауып, 46 адам жараланған. Тағы екі адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Үндістан жағынан үш адамның көз жұмғаны, ондаған адам жарақат алғаны хабарланды. Қауіптің күшеюіне байланысты екі ел де шекараға жақын мектептерді уақытша жапты. Бұл – тұрғындар арасындағы үрейді күшейтіп, әлеуметтік тыныштықты шайқалтып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл – 2019 жылғы Балакот соққысынан бергі ең ірі шиеленіс. Екі тарап та ядролық қаруға ие екенін ескерсек, жағдайдың ушықпауы – бүкіл әлем үшін маңызды.

Газа секторы, Қытайдың Тайваньға қысымы, Иранның зымыран қоры сақтаулы қалашығын көпшілікке көрсетуі, Украина мен Ресей, Үндістан мен Пәкістан жағдайынан кейін үшінші дүниежүзілік соғыс туралы жиі айтыла бастады. АҚШ пен Еуропа тұрғындарының басым бөлігі алдағы 5-10 жылда үшінші дүниежүзілік соғыс басталуы мүмкін деп есептейді. Бұл тұжырым Британияның YouGov зерттеу компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесіне негізделген. Сауалнама нәтижесі алаңдатарлық. Еуропалық респонденттердің 55 пайызы, ал америкалықтардың 45 пайызы үшінші дүниежүзілік соғыстың болу ықтималдығын «жоғары» немесе «өте жоғары» деп көрсеткен. 70 пайызға жуық адам мұндай соғыста ядролық қару міндетті түрде қолданылатынына сенімді. Ал кейбір респонденттер, әсіресе АҚШ-та, бұл соғыс адамзат өркениетінің өзіне тікелей қауіп төндіреді деп есептейді. Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия және Испания азаматтарының 72-82 пайызы Ресей Федерациясын басты геосаяси қауіп ретінде көрсеткен. Бұл – соңғы жылдардағы Мәскеудің агрессивті сыртқы саясаты мен соғыс қимылдарына қатысты қалыптасқан көзқарас. Америкалықтардың да пікірі осы бағытта.

Батыс халқының Ресей агрессиясынан қорқуы да тегін емес. 28 сәуірде Ресей соңғы жылдары Финляндия, Норвегия және Балтық елдерімен шекаралас аймақтарда әскери әлеуетін арттырып келе жатқанын The Wall Street Journal басылымы жазды. Ленинград және Мурманск облыстарында жаңа казармалар мен техника қоймалары салынып, теміржол инфрақұрылымы кеңейтілген. Сонымен қатар Карелия мен Эстония шекарасына жақын аймақтарда жаңа армия штабтары құрылып жатыр. Әскери бөлімшелердің көпшілігі Финляндия мен Балтық елдері шекараларына қарай шоғырландырылып, үш есеге ұлғайған бригадалар толыққанды дивизияларға айналған. Ресей бұл қадамдарын НАТО-мен ықтимал қақтығысқа дайындық деп атайды. Сарапшылар Ресей Украинадан оралған әскерді НАТО шекараларына орналастырып, қысқамерзімді шабуылға дайын болуы мүмкін деп қауіптенеді. Балтық елдеріне қауіп төнуі ықтимал. Сонымен қатар Ресейде жаңа танк пен артиллерия өндірісі артып келеді. Украинадан кейін Ресей НАТО күшін сынап көруі үшін Эстония сияқты кіші елдердің біріне шабуылдап көруі мүмкін. Сарапшылар үшінші дүниежүзілік соғыстан қауіптену – тек қиял емес екенін айтады. Әлемде дипломатия әлсіреп, ядролық державалар арасындағы ашық диалог тоқтап, блоктарға бөліну процесі күшейіп келеді.

Тұрсынбек БАШАР