Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 06 Ақпан 2024

Әлемді үшінші дүниежүзілік соғыстың елесі кезіп жүр

соғыс
Фото: из открытых источников

Украина-Ресей соғысының қашан аяқталары белгісіз. Күніне мыңдаған сарбазынан айырылып жатқан екі жақ та бітім жасасуға асығар емес.

Кремль төрін тағы алты жыл таптау үшін президент сайлауына кірісіп кеткен Владимир Путиннің аузынан әзірше бейбітшілік туралы сөз шықпайды. Ал АҚШ-тағы сайлауда Дональд Трамп жеңіп кетсе Вашингтонның назары тағы да Пекинге ауатынын түсінген Еуропа Ресеймен өздері ғана алысып қалатынын ойлап, әлден қам жасай бастады. Саясаткерлер де, сарапшылар да кәрі құрлық халқын үшінші үлкен соғыс күтіп тұрғанын айтуды жиілетті.

«Ресей ешкімді күтпейді, сондықтан қазір әрекет етуіміз керек. Украина жеңіліп қалса зардабы бәрімізге ауыр тиеді. Біз, еуропалықтар, өте ауыр жүкті арқалап тұрмыз. Сол себепті де нақты іске көшуге тиіспіз. Еуропаның болашағы осыған байланысты».

Үміттен гөрі үрейге толы, шарасыздықтан туындаған жанайқайға ұқсайтын мына сөйлемдер Еуропа одағына мүше Германия, Нидерланд, Чехия, Дания және Эстония басшыларының одақтағы өзге әріптестеріне арнаған ашық хатынан үзінді. Украинаға қару-жарақ, оқ-дәріні көбірек және тезірек жеткізуге үндеген хатты 31 қаңтарда Ұлыбританияның Financial Times газеті жариялады.

Осы үндеуден бір күн өткенде Еуропа Одағына мүше 27 мемлекет Украинаға қаржылай 50 миллиард еуро көмек беруге келісті. Жоспар бойынша бұл қаржы былтыр желтоқсанда мақұлдануы керек еді. Бірақ Венгрияның ресейшіл премьер-министрі Виктор Орбан «өзіміз де қаражатқа мұқтажбыз» деп көндікпей, кеңесу бөлмесінен кетіп қалып, талқы 2024 жылға қалған. Бір айдан аса еуропалық саясаткерлер Орбанды ары айналдырып, бері айналдырып, кейде одақ ішінде дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін екенін айтып, бопсалап жүріп әрең иліктірді. Сүйінші хабарды 1 ақпан күні Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишел Х (бұрынғы Twitter) желісінде өзі хабарлады әрі «бәске не тігілгенін түсінеміз» деп жазды. Украина президенті де батыстағы серіктестеріне разылық білдіріп, алғыс айтты.

Еуропаның Украинаға жәрдемі екі жаққа да ауадай қажет. Киев те, Брюссель де оны жақсы түсінеді. Әсіресе АҚШ жақтан қару-жарақ, ақша жаңа жылдан бері сап тыйылған соң кәрі құрлық Вашингтонға жалтақтай бермей, тізгінді өзі ұстауға көшті. Импершіл дерті асқынған Кремль Украинаны тізе бүктірсе қауіп өздеріне төнетінін, жетпіс жыл бұрынғы соғыс тағы қайталанатынын немістер, ағылшындар, француздар мен италиялықтар, шведтер мен финдер жақсы түсініп отыр. BBC агенттігінің жазуына қарағанда, қазір Еуропа АҚШ-тағы президент сайлауына қатты алаңдайды. Украинаға көмекке құлықсыз, Путинді «жақсы жігіт» деп мақтайтын Дональд Трамп Ақ үйге қайта кірсе Еуропа Ресеймен жалғыз өзі бетпе-бет қалуы мүмкін. Оның тағы бір себебі – Трамп сыртқы саясатындағы негізгі бағыт Ресей емес, Қытай. Бұрын да сондай болған, алдағы саяси додадан озып шықса да солай болатынын ескертіп келеді.

2024 жыл басталғалы «Еуропа соғысқа дайын болу керек» дейтін мәлімдемелер саяси мінберлерден жиі айтыла бастады. Ең алдымен мұндай сөздер НАТО-ға әне-міне толыққанды мүше болғалы отырған Швеция жақтан естілді. Қаңтардың алғашқы аптасының соңында Швеция қарулы күштерінің бас қолбасшысы Микаэль Бюден қауіпсіздік кеңесінің отырысында халықты соғысқа әзірлене беруге шақырды. «Мақсатым – адамдарды алаңдату емес, оларға міндетін ескертіп, қазіргі жағдайды терең пайымдауға мәжбүрлеу» деді Бюден баспасөз өкілдерінің алдына шыққанда. Оның сөзін Швецияның азаматтық қорғаныс министрі Карл-Оскар Болин де «шведтерді тәтті ұйқысынан айырғым келмейді, бірақ ахуалды бағамдап, ойлану артық етпейді» деп қуаттады. Әскери адам болса да саясаткерлерге тән жұмсақ сөйлеп, ойын құбылтып жеткізуге әбден машықтанған бұл екеудің сөзінен әлдебір тасқынның белгісі, өрттің ұшқыны, бәлкім, құйынперен дауылдың лебін аңғару қиын емес.

Швецияның ізін ала Германия жақтан да болашақ соғысқа, қарулы қақтығысқа дайындық басталып кеткені жайлы ақпарат тарады. Таратқан – немістердің Bild басылымы. Газет НАТО мен Ресей алда-жалда соғыса қалған жағдайда Батыс не істейтіні туралы Германия қорғаныс министрлігінің «құпия жоспарын» қолға түсірген. Болжамға құрылған жоспарда «Ресей алдағы бірнеше айда Еуропаға, нақтырақ айтқанда Польша мен Латвия шекарасына бес қаруы сай 200 мың сарбазын Беларусь жері арқылы кіргізетіні, оған НАТО жыл соңында 300 мың жауынгермен қарсы тойтарысқа шығатыны» жазылған. Құпия делінген құжат ашыққа шығып кеткен соң Германия қорғаныс министрі «сырттан төнетін қандай да бір қауіптің алдын алу үшін әртүрлі сценарийді қарастыру артық етпейді» деп, үрейден үрпиісіп қалған елді сабасына түсірген. Бірақ осының алдында ғана, нақтырақ айтқанда 19 қаңтар күні жергілікті Tagesspiegel басылымына кең көлемді сұхбат берген министр Борис Писториус неміс сарапшыларының алдағы 5 не 8 жыл аралығында Ресей мен НАТО соғысуы әбден мүмкін екенін болжап отырғанын айтқан.

Болашақ соғысқа Ұлыбритания да дайындықты бастап кетті деуге болады. Ағылшын қарулы күштері бас штабының бастығы, генерал Патрик Сандерс Ресей агрессиясының әлі бәсеңдемегеніне сілтеп, елдегі жастарды әскерге шақыру ісін қайта жандандыру қажетін мәлімдеді. Оның сөзіне қорғаныс министрі де қосылатынын білдірді. Ресми ақпаратқа қарағанда, Ұлыбританияда тұрақты әскер саны көп емес. 75 мыңға да жетпейді. Өйткені екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаның өзге елдері сияқты ағылшындар да «енді соғыс болмайды» деген көңіл күймен әскери өмірді ұмытып кеткен. Сондықтан да Батыс сарбаздарын сапқа тұрғызып, қару-жарағын қайрап, сауыт-сайманын тігіп, оқ-дәрісін толтырғанша кем дегенде 3-5 жыл Ресейге қарсы Украинаны қалқан орнына ұстай тұрғысы бар. Серіктестерінің бұл ұстанымдарына Киев те кет әрі емес. Украина президенті Владимир Зеленский биыл қаңтардың басында ұлыбританиялық The Economist журналына берген сұхбатында «Путин әлсіздікті аң сияқты сезеді. Тіпті ол қанды сезіп, өзінің күшін біліп отырған аңның нақ өзі. Сондықтан ол сендерді Еуропа Одақтарың мен НАТО-ларыңды, бостандықтарың мен демократияларыңды қосып, кешкі ас орнына қылғыта салады» деген. Зеленскийдің сөзінше, Еуропа Украинаға қару-жарақ, ақша беріп өздерін, еуропалық балалардың болашағын қорғайды.

Еуропа Одағы немесе НАТО Ресеймен соғыса қалса ең алғашқы соққы Балтық елдеріне тиеді. Осыны ескерген Эстония, Литва, Латвия биыл Ресей мен Беларусь шекарасында мыңдаған бомбапана жасауға кірісті. Бұл әрекетті Эстония қорғаныс министрі Ханно Певкур «бункер қазу әне-міне Ресей басып кіреді дегенді білдірмейді» деп түсіндіруге тырысты. Дегенмен оған бағынатын вице-қорғаныс министрі Кайдо Тийтустың айтуынша, «Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің басқыншылық қауқары қазір әлсіреді. Бірақ алдағы екі-үш жылда Мәскеу қайта кемеліне келіп алуы мүмкін. Сол себепті Ресей шабуылдайды деп ойлап, дайындықты қазірден бастай беруіміз керек». Бұлай деп болжауға негіз де бар. Халықаралық мәселелерді зерттейтін Стокгольм институтының дерегінше, Ресей 2024 жылдан бастап ішкі жалпы өнімнің 7,1 пайызын, үкіметтік шығындардың 35 пайызын қорғанысқа жұмсап, екі жылда қалтыраған қару-жарақ өндірісін аяққа тұрғызбақ ниетте. Канаданың CBC News телеарнасына берген сұхбатында НАТО әскери кеңесінің төрағасы Роб Бауэр «Батыс Ауғанстанда немесе Иракта соғысқан кәсіби сарбаздарға ғана сенім артып, соларды жеткілікті деп ойлап келді. Қазір оның қате екенін көріп отырмыз. Қоғам қару-жарақ, ұшақ, оқ-дәрінің көбірек өндірумен қатар қатардағы жауынгерлердің саны да көп болуы маңызды екенін ұғуы керек» деп, азаматтарды өзін қорғаудың амалын ойлай бастауға шақырған.

Украинаны соғыста қатты қолдап отырған елдің бірі – көршісі Польша. Миллиондаған босқынды қабылдап, оларға жәрдемақы беріп, балаларды мектептерінде оқытып жатқан ел соғыстың былай ұзаққа созылатынына сенбесе керек. Енді өздері де алаңдай бастады. Елдің қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш қаңтардың соңында парламент отырысына қатысып «Ресейді ақылмен түсіне алмайсың. 2022 жылға дейін ешкім олардан соғыс күтпеген. Сондықтан қандай да болса сценарийге дайын болғанымыз абзал» деп, тұрақты әскердің қатарын толтырып, санын көбейтуге келісім беруді сұрады.

Кәрі құрлықтан маза кете бастағанда ұлыбританиялық SkyNews агенттігі әлемді үшінші дүниежүзілік соғыс елесі кезіп жүргенін сарапшыларға талқылатқан. Мәселен, арнаның халықаралық сарапшысы Алекс Россидің сөзінше, бірінші дүниежүзілік соғыстың қалай басталғанын тарихи деректерден қарап, түсіне білген адам үшін қорқатындай негіз бар. Ол АҚШ жаһанды жалғыз өзі билеп төстеген құдіретінен айырылуға жақын және ондай мүмкіндікті басты қарсыластары Қытай мен Ресей қалт жібермей, ұстап қалуға тырысатынын айтады. Талқыға қатысқан тағы бір сарапшы, Сассекс университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі маманы, доктор Дэвид Уринг бұған дейінгі жаһандық екі соғыста ешкімде ядролық қару болмағанын ескеріп, алдағы үшінші соғыстың зардабы өте ауыр болатынына алаңдайды. Таяу Шығыстағы Израиль-ХАМАС қақтығысының әлемдік соғысқа айналып кету қаупі аз деп есептейтін ол қантөгіс қатты болатын аймақтар ретінде Украина мен Тайванды атап көрсетеді. Әскери сарапшылар, соғысты зерттеп жүрген журналистердің басы қосылған бұл талқыда сөйлегеннің бәрі қазір әлем халқы әлдебір үлкен соғыстың қарсаңында тұрғанына келіскен.

Ресей Еуропадан дүркін-дүркін айтылып жатқан мұндай мәлімдемелерге, түрлі болжамдарға күліп қояды. Күлкісінің қаншалық шынайы екенін кім білсін, әйтеуір сондай түр көрсетеді. Алда сайлауға дайындалып жатқан президент Владимир Путин «НАТО-мен соғысатындай бізде геосаяси, экономикалық, әскери қызығушылығымыз жоқ. Мұның бәрі бос сөз» деген. Оның сөзін елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та жүрген жерінде қайталайды. Алайда Кремльдің сөзі мен ісі басқа шығатынын, Путиннің өтірігі мен шынының арасы өте жақын екенін, қанша секемденсе де серіктестерін Украинаға басып кірмеуге сендіріп, бір-ақ күнде Киевке тарпа бас салғанын әлем ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне, дәл Путин мен Лавров, қорғаныс министрі Сергей Шойгу жария мәлімдемесе де орыстардың өзге лауазымды адамдарының аузы ашық. Бұрынғы президент, қазір Қауіпсіздік кеңесі төрағасының (Путиннің) орынбасары Дмитрий Медведев Еуропаны ядролық қарумен атқылап, тозаққа айналдыру туралы екі күннің бірінде жазып отырады. Шешенстан президенті Рамзан Қадыров та осы зымырандармен НАТО-ның күлін көкке ұшырып, «тұлымдысын тұл, айдарлысын құл қылуды» ұсынған. Федералды пропаганда телеарналары мен газеттері күн құрғатпай АҚШ-ты «отқа күйдіріп», Еуропаны «суға батырып, мұзға қатырып» жатады.

АҚШ-Қытай қатынасының жұмсармай, уақыт өткен сайын күрделеніп бара жатқанын жер жүзі көріп, біліп отыр. Алып екі елдің арасында соғыс оты тұтанса «байтал түгіл бас қайғы» дегендей, Батыс күш-қуатының көбін Пекинге қарсы жұмсап, Украинаның жайы әдірем қалмақ. Бұл сөзсіз Ресейге таптырмас мүмкіндік. Оны НАТО сарапшылары да түсінеді. Альянстың әскери комитетінің бастығы Роб Бауэр «тектоникалық плиталар жылжи бастады, енді біз алдағы он жылдықта өте қауіпті сүрлеуден өтеміз» деп есептейтінін жасырмады. Бауэр НАТО құрамындағы елдердің басшыларын Ресеймен соғысқа дайындалуға, ол үшін жайбарақат, бейбіт өмір иллюзиясынан шығып, нақты қауіп-қатерге қазірден бастап бейімделе беруге үндеген. Оның сөзі НАТО-ның Еуропада алты айлық оқу-жаттығуы басталар сәтте айтылды. Ресми мәлімдемелерге қарағанда, қаңтардан маусымға дейін жоспарланған «Тас қамал» атты жаттығуға 90 мың сарбаз қатысады әрі мұндай кең көлемді іс-шара ұйымның соңғы 35 жылдан бергі тарихында болмаған.

Айгүл Баба