Әлемде маймыл шешегі өршіп барады
Маймыл шешегінен Перуде алғаш рет жергілікті тұрғын көз жұмды, деп хабарлайды Жас Алаш «Хабар24»-ке сілтеме жасап.
Рейтер агенттігінің хабарлауынша, 45 жастағы ер адам осыған дейін иммун тапшылығына шалдығып, ем алып жүрген екен.
Үндістан астанасы Нью-Делиде де 22 жастағы тұрғын маймыл шешегінен қайтыс болды. Ол жақында ғана Біріккен Араб Әмірліктерінен ұшып келген екен. Билік марқұммен байланыста болған 20-дан астам адамды оқшаулады. Бұған дейін аталған вирустан Испания мен Бразилия тұрғындары жан тапсырған болатын. Әлемде маймыл шешегін жұқтыру бойынша АҚШ көш бастап тұр. Қазіргі сәтке дейін науқастар саны 5 мыңнан асты. Ауруға байланысты төтенше жағдай жарияланған Сан-Франциско қаласында вакциналау орталығында жүздеген адам ұзынсонар кезекте тұр.
«Бізге өткен жұмада 4 мыңға жуық жаңа екпе әкелінді. Бірақ бұл партия осы аптаның аяғына дейін таусылатын шығар. Ал жоғарыдан берілген нұсқауға сәйкес, қала бойынша 40 мыңдай тұрғын вакцина салдыруы тиіс», — деді аурухананың бас дәрігері Люкджон Дэй.