Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:48, 07 Наурыз 2022

Әлемді дүрліктірген Маргарет

None
None

Бұдан бұрын Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына және оның үзеңгілес сыбайластарына санкция салу туралы бастама көтерген Маргарет Ходж тағы да әлемді аузына қаратты.

Бұл жолы Маргарет ханым Ұлыбритания парламентінде сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Әзірбайжанға жаңа санкциялар салуды талап етті.

Осы орайда, қазір көптеген адамдар ол біздің елімізді Ресей мен Украина қақтығысында жанама түрде болса да Путинге қолдау білдірген Қырғызстанмен шатастырып алды деп есептейді.

Маргареттің өзі де осал емес, ол өте дәулетті, әрі беделді адам. Қандай да бір лоббистердің оған қысым көрсетіп, сөзін өткізуі қиын дүние. Енді соның себептеріне назар аударайық. Миссис Ходж 1944 жылы Каирде Германиядан қашып келген еврей босқындарының отбасында дүниеге келген. Одан кейін оның отбасы 1948 жылы Египетте де еврейлерге қысым жасала бастаған соң, Лондонға қоныс аударады. Ходж «Stemcor» болат балқыту компаниясының құрылтайшысы Оппенгеймердің қызы. Ұлыбританияда Оппенгеймерлер әулеті әлемдегі ең ірі жекеменшік металлургия корпорацияларының бірінің қожайындары ретінде белгілі. Бауыры Ральфпен бірге Маргарет осы компанияның негізгі акционерлері. Сондықтан оның Лондондағы беделді экономика мектебіндегі оқудан кейін 1973-1994 жылдар аралығында Ислингтон кеңесінің (Лондондағы аудан) басшылығында, ал 1982 жылдан 1992 жылға дейін оның басшысы болғанына таңғалуға болмайды.

1994 жылдан бері ол Ұлыбритания парламентінің мүшесі. Депутат болғаннан кейін ол Лейбористер партиясының көшбасшылығына ұсынылған, бұрын Ислингтонда өзінің көршісі болған Тони Блэрдің кандидатурасын қолдайды. Айтпақшы, біздің барлығымыз Блэрдің кезінде экс-президент Назарбаевтың кеңесшісі болғанын жақсы білеміз.

Маргарет төрт рет Ұлыбританияның министрі болды: 2001 жылдан 2010 жылға дейін кезегімен жоғарғы білім министрі, балалар ісі жөніндегі министр, еңбек және зейнетақымен қамтамасыз ету министрі, мәдениет министрі болды. Ал 2010-2015 жылдар аралығында ол Ұлыбритания үкіметі есеп комитетінің төрағасы болды.

Ходж 2003 жылы Иракқа баса-көктеп кіруді қолдап дауыс берді және осы елдегі соғысты тергеуге қарсылық танытты. Бірақ 2006 жылғы 17 қарашада «Islington Tribune» газеті Ходждың Ирактағы соғысты «сыртқы саясаттағы үлкен қателік», – деп атағанын хабарлады. BBC News көшіріп басқан бұл материал Ходждың Тони Блэрдің сыртқы саясатына сенімсіздік білдіргенінен сыр бергендей. Мақалаға жауап берген Даунинг-стрит өкілі «Ходж Ирактағы әскери әрекеттерді қолдап дауыс берді. Содан бері ол осы ұстанымынан танған емес», – деді.

2015 жылы Ходж Лихтенштейндегі активтерінен 1,5 миллион фунт стерлинг табыс тапты деген ақпарат шықты. «The Times» басылымының хабарлауынша, отбасылық кәсіп акцияларының 75 пайызы бұрын Ходж қаржылық құпиялары және салықтан қашатын орын ретінде сынаған Панамада болған. Әлемді дүрліктірген Маргарет Ходж, міне, осындай. Ол өзінің неғұрлым танымал аттасы – Маргарет Тэтчер сияқты қазақстандықтардың есінде қалады.

Тегтер: