Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Асылбек Құлмағанбетов

26.11.2018, 00:11

10

ХХ-ХХІ ғасырда ұлтымыздың спорттық тарихындағы айтулы тұлғаның бірі – осы Асылбек Құлмағанбетов екені дау туғызбайды. Біз Асылбекті білгелі ширек ғасырдан асып барады. Құлмағанбетовтың ат жалын тартып мінген кейінгі отыз жылдағы иек артқан  асуы мен өкшесі тиген биігін осы шағын мақала аясында айтып көрейік.Алдымен Асылбек Қалабайұлының төрешілік қызметі туралы бірер сөз. Құлмағанбетов өткен ғасырдың сексенінші жылдары ортадан ауа самбо күресінен Совет Одағының ересектер чемпионаттарында қазылық жасай бастады. Яғни, Асылбек жасы жиырма бестен аса бере тар арнадан таси атылған асау өзендей буырқанып шыға келді. Сол жылдары қанатының суылы құз-жартасты дір еткізер қыран қазақтың күрес кілеміне қадам басқанын үлкендер жағы сезген болар, ал біз одан қаперсіз едік. Біздің құрдас одақ чемпионаттарымен шектеліп қалған жоқ. Тоқсан екінші жылы орда бұзар отызында жастар арасындағы әлем чемпионатының қазылар құрамына кірді. 1998 жылы Калининград қаласында самбо күресінің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған әлем чемпионатында Асылбек Құлмағанбетов жер шарындағы ең майталман он төрешінің бірі ретінде «Алтын ысқырыққа» лайық деп танылды. Бұл – қазақ төрешілеріне бұйырған тұңғыш  «Алтын ысқырық» болатын. Осы аламан айқаста Асылбек бірнеше финалдық белдесуге қазылық етті.  Әрі қарай Құлмағанбетов үш бірдей әлем чемпионатының бас төрешісі атанды: 2004, 2005, 2008 жылдары. Бұған үш әлем кубогындағы тура осындай мәртебені қосыңыз: 1998, 1999, 2002  жылдар. Ал Азия чемпионаттарында қанша мәрте бас қазы болғанын Асылбектің өзі естен шығарып алған екен. Тоқ етері: 1997-2008  жылдардағы самбодан әлем чемпионаттарында Асылбек Қалабайұлы не бас төреші, не бас төрешінің орынбасары дәрежесінде болған екен. Әлемдік самбоның  дәл төріне ат шалдырған  Асылбек бауыр – алаш жұртының осы саладағы ең бір абыройлы, ең бір айдынды  азаматтарының бірі.    «Бапкерлік пен қазылықты терең ұштастырған маман әр әдістің бағасын жетік біліп, кілемдегі тосын жағдайларға даяр тұрады, – дейді Асылбек. –  Сондықтан күрес шыңын көздеген бауырлардың осы жағына мән бергенін қалар едім. Біздің қазылардың  ішінде Марат Жахиттің орны бөлек. Ал жаттықтырушылардан Керей Қойшыбек пен Диқанбай Биткөзовтың  білім-білігі, кәсіби деңгейі жан сүйсінтеді. Осы  ағаларымнан көп нәрсе үйрендім».    Асылбектің бапкерлік жолы да тағылымға толы. Ол 23 жасынан бастап Мәскеудегі «Самбо-70» академиясына арнайы барып, іздене бастаған екен. Ұғымтал, зерек бапкер жер шарындағы ең мықты самбо орталығы мамандарының жаттығу үдерісін барынша көкейге тоқуға күш салды. Қазақстан мен Ресей самбо мектебінің шәкірт баптаудағы ерекшеліктері мен ұқсастықтарын өзінше екшеп, сараптап, таразылай бастады. Құлмағанбетов Мәскеумен шектелмей, ертеден адыгей жұрты мекендейтін Майкоп қаласына да ат басын бұрып тұрды.  Себебі, Майкопта самбо мен дзюдоның ірі маманы, адыгей бапкері Якуб Коблев тұратын. Коблев дзюдодан олимпиада және әлем чемпионы Владимир Невзоровтың, тағы басқа атақты балуандардың  бапкері. Әрі осы саланың мықты ғалымы. Ол кезде Асылбек жас. Қазіргі абырой-беделге жете қоймаған кезі. Якуб ағасы жер түбінен келген өндірдей қазақты жаттықтырушылар бөлмесіне жатқызып жүрді. Бұл бөлмеде күндіз, кешке жаттықтырушылар отырады. Түнде Асылбек түнейді. Сол тұста елдегі талай әріптестері жаттығу процесін қағазға түсіруге ерініп жүргенде Асылбек Құлмағанбетов Якуб Коблев пен Арамбий Хапай секілді әлемдік самбо мен дзюдо білгірлерінен тәлім алуға кірісті. Арамбий Хапай самбодан дүние жүзінің 11 мәрте чемпионы, Ресей чемпионатының 19 мәрте жеңімпазы Мұрат Хасановтың  ұстазы. Жас қазақ  сауатты әрі білімді болуға талап қылды. Жаттығу үдерісін жоспарлаудың маңызына терең үңілді. Жоғарыдағы екі ұстаздың тамаша жетістіктері ғылымға, нақты жүйеге, тынымсыз ізденіске  арқа сүйегенін Асылбек қапысыз ұқты. Сөйтіп, мүмкіндік туса, Майкопқа тартып отыратын әдет тапты. Себебі, Коблев пен Хапай он құрық жалғасаң да тұңғиығына бойламайтын теңіз тәрізді.    Бұл кезде қазақ самбосы да атойлап тұрған. Елдегі дүркіреген жарыстар, іркес-тіркес жалғасқан жаттығу жиындары Асылбектің ішкі дүниесін жыл санап байыта түсті.      Пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):   «Барлық нәрсе ниетке байланысты» деп айтқандай, 1998 жылы Асылбек бапкерге өзіне лайық шәкірт жолықты. Бұл балуанның аты-жөні – Асхат Шахаров болатын.   Асхат Шахаров – самбо күресінен дүние жүзінің 3 дүркін чемпионы (74 келі, 2000,2004,2005 ж.ж.), Азия біріншілігінің 2 дүркін жеңімпазы (2000, 2005). Дзюдо күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері (73 келі, 2001), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2000). Самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.Асхат Асылбекке туған бауырдай ыстық. Шахаров 1998 жылдан бастап он жылдай Асылбек ағасының үйінде тұрды. Яғни, шылбырын үзген асау құнандай кезінен бастап, қазақтың самбо тарихындағы ең олжалы балуан атанған жылдары Асылбек пен Сәуленің берекелі шаңырағында өтіпті. Жайшылықта жайдары ағасы спорттық режимге келгенде тым қатты екен. Жарты қадам қиыс тартуға хақың жоқ.  Тамағың тоқ. Межелі уақытта жатасың, қажет кезде сымдай тартылып жаттығуға шығасың. Бұлғақтауға болмайды. Асхат кейде құрбы-құрдастарымен еркін сейілдегісі келеді. Ондайда Асылбек ұстазы тоң теріс. Еркіндігі көзден бұл-бұл ұшқан Асхат жеңгесі Сәулеге  мұңын шағып көрген. Бірақ, онысынан да ештеңе шықпады. Спорт шыңын бетке ұстаған Асылбек тәртіп пен режимге келгенде болаттай берік. Қалған уақытта шәкіртінің ішкі наразылығына қарамай, қасына ертіп алады. «Елмен аралас. Көпті таны. Спорт сенің отызға дейінгі тірлігің. Әрі қарай да өмір бар. Көре, біле түскен сайын өрісің ұзарады, көкірегің ашылады...»     2000-жыл өрісті, берекелі болды. Асхат тұңғыш рет самбо күресінен әлемнің ерлер чемпионатында топ жарды. Бұған қоса дзюдодан Азия чемпионатының күмісін еншіледі. Тоқсан тоғыздың соңында дзюдоға ден қойған Шахаров небары жарты жылда олимпиада жолдамасын жамбасқа басты.  Ендігі  меже – дзюдо күресінен әлем чемпионатының тұғырына табан тіреу. 2001 жылы дзюдодан Қазақстан спартакиадасын ұтқан Асхатты құрама бапкерлері жаттығу жиындарына шақырған жоқ. Асылбек  болса, шәкіртін Ақтөбеде жеке баптауға кіріскен. Алматыдан Керей Қойшыбекті арнайы алдыртып, дайындық жоспарын түзді. Ақтөбенің жілікті, қайратты жігіттерін Асхатқа қайрап салған Асылбектің  өзі де кілемде қара терін саулатып жүрді. Ара-тұра Асхатты Мәскеуге жіберіп алады. Себебі, Қазақстанда Шахаровқа лайық қарсылас тапшы. Мәскеудегі дене шынықтыру институтының залында тек жетпіс үш келідегі  дзюдо балуандары алысатын күндер болады. Асылбек  шәкіртін сол додаға қосып тұрды. Мақсаты: әр мықтымен белдескен сайын шыңдала, пісе түссін дейді.  Ұстасқанның бәрін жығу міндет емес. Ақылды, сезімтал балуан ұстазының тапсырмасына өте тиянақты.  Ең бастысы, жарақаттан аман, дені сау, күрес қайда деп жұтынып тұрса, болғаны.  Жиырма үштегі нар жігіт Асылбектей нән кеуделі ұстазы мен Керағадай қабырғалы бапкерге арқа сүйей жүріп, шар болаттай шыңдалып шықты. Екі мың бірдегі әлем чемпионатында Асылбек пен Керағаның баптау жүйесінің дұрыстығы тайға таңба басқандай айқын көрінді. Самбоның дүлдүлін еркін тізгіндеген Шахаров енді дзюдо тұлпарына тақым артты.    «Асхат самбоның соңынан алаңсыз қуғанда кемі жеті-сегіз рет әлем чемпионы болар еді, дейді Асылбек ұстаз.Ол кілемдегі қарсыластарына өзінің өрелі балуан екендігін күмәнсіз дәлелдеді. Ал кілем сыртындағы қысастық пен пендешіліктен жүрегі айнығаны сонша, 2005 жылғы әлем чемпионатына зордың күшімен әрең барды.  Содан кейін күресті біржола доғарды...»    Енді Асылбек Құлмағанбетовтың әлемдік деңгейде олжа салған басқа да шәкірттеріне қысқаша тоқталып өтейік.   Раиса Байлиева – самбо күресінен әлем чемпионы (60 келі, 2007), дүниежүзілік чемпионаттың 8 мәрте жүлдегері (1994-2006), Азияның 10 дүркін жеңімпазы (1994-2013), әмбебап жекпе-жектен әлемнің 5 дүркін чемпионы (2014-2018). Дзюдодан Азия чемпионатының қола жүлдегері (2000). Самбо күресі мен әмбебап жекпе-жектен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.Мұрат Досанов – самбо күресінен әлем кубогының жеңімпазы (52 келі, 1996), әлем чемпионатының қола жүлдегері (2002),  Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері (2000,1995.Жанаргүл Ақбаланова – самбо күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері (56 келі, 2006), Азия чемпионы (2006), әлем кубогының қола жүлдегері (2006).   Қажымұқан Шалтақов – самбо күресінен Азия чемпионы ( 100 келі,2006). Әлем кубогының қола жүлдегері (2006). Полицейлер арасында әлемнің екі дүркін чемпионы (2005,2007).Айнұр Исмайылова – самбо күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері (48 келі, 1997). Дзюдо күресінне Ынтымақтастық елдері спартакиадасының қола медалисі (1995).  Елмира Ысқақова – самбо күресінен Азия чемпионы (64 келі,2013).Берік Бәкешев – самбо күресінен әлем кубогының қола жүлдегері (57 келі, 1995), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (1997).  Бақтияр Төлеуов – жауынгерлік самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері (57 келі, 2009).Жарбол Байғожин – самбо күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері (100 келі, 1999).Жамбыл Жайлыбаев – самбо күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері (82 келі,2000).

Қыдырбек Рысбек

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

13.05.2020, 11:46
Қайрат Тұрлыханов өмірден озды
11.05.2020, 18:13
Илья Ильин спорттық карьерасын аяқтады
26.04.2020, 14:43
Илья Илин қайырымдылық акциясына үлес қосты
25.04.2020, 14:01
Футболшылар маскамен ойнайды
24.04.2020, 13:11
Не қымбат: футбол ма, адам ба?
21.04.2020, 16:23
Жақсының жалғасы едіңіз аға

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39