01:04, 08 Маусым 2018
Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Боранбек Қоңыратов
Кейінгі 15 жыл бедерінде қазақтың күрес саласындағы жаттықтырушыларының ішінде өзіндік қолтаңбасымен, бапкерлік білігімен, оған қоса, табанды мінезімен көзге түсіп жүрген Боранбек Қоңыратов десек, артық айтқандық емес.
Боранбек, ең бастысы, өз ұстанымы бар, мінезді бапкер. Керек жерінде өз позициясы үшін қасқиып тұрып алады. Сосын үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ұлттық әдебиет пен тарихтан да қара жаяу емес. Асылы, шәкірт ұстаған адамның көкірегінде сәуле болғанына не жетсін. Боранбек Абайдан бастап, Бауыржан Момышұлын құмартып оқиды. Кез келген мәселеге ой көзімен, тура қарағанды ұнатады. «Тура биде туған жоқ...» демекші, осы мінезімен талайларға жақпай қалатыны бар. Бірақ мінезсіз бапкердің жапырақсыз ағаштан несі артық?! Мына аумалы-төкпелі, ағын судай арқыраған өмірде өзіңнің табан тірер белесің әрі қажет кезде әділдікке басып, керек тұста мәмілеге жүгінетін ер-азаматтың ұстанымы болғаны жақсы ғой. Енді Боранбек шәкірттері туралы әңгіме тарқатып көрейік.Алмас Кебісбаев – әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері. Боранбектің әлемдік деңгейде танылған әзірге ең атақты шәкірті. Жасөспірім кезінде белгілі жаттықтырушы Рысбек Нұрғазиннің қол астында Азия біріншілігін ұтқан дарынды спортшы. Алматты Боранбекке 2005 жылы Рысбектің өзі табыстады. Ол кезде Алмат 17-дегі бозбала. Содан бері 13 жыл өтті. Қоңыратов пен Нұрғазиннің арасында Кебісбаевқа қатысты жайсыз әңгіме, келіспеушілік болған емес.Ал Боранбек Алматты сыртынан бақылап жүретін. Кебісбаев – ішкі рухы оттай лаулаған, табанды, еңбекқор спортшы. Оның үстіне Алмат тәрбиелі, тәртіпке бойсұнған жігіт болып шықты. Биік деңгейдегі балуан болуға белді шарт буған Кебісбаев керек кезінде нәпсісін ауыздықтай алатын, өзін көлденең жүрістен тыйып ұстайтын қасиетімен Боранбек бапкерге бірден ұнады. «Ең бастысы, мақсат айқын, – деді Боранбек шәкіртіне. – Күрес шыңын бағындырғың келсе, жеке шаруа, көлденең тірліктен тыйыласың. Уақытында жатып, уақытында тұрасың. Бір мезгіл кітап оқисың. Балуандардың бөлмесін аралап, бос әңгіме айтпайсың. Саған арнап бірнеше жылдық жоспар түземін. Сол жоспардан ауытқымайсың. Тағы айтарым: мені сөйлетуге жарасаң – жақсы спортшы болғаның. Сұрағың болса тоқтама. Алмат, сен мені бір мезгіл «жанды радио» деп есепте. Мен бір әңгімені жүз рет қайталайтын шығармын. Сен дәнегін ала біл. Ден қойып тыңдасаң, бүгін кеше тыңдаған әңгімені басқаша түсінуің мүмкін. Ертең менің бүгінгі сөзімнен бөлек бірдеңе табатын шығарсың. Ойың дамысын. Жалықпай тыңдай білсең, жүйке орнында деген сөз...»Сол тұста 60 келі салмақта жастар арасында әлем чемпионы, ересектерден Азия жеңімпазы Нұрбақыт Теңізбаев дүркіреп тұрды. Боранбек Алматтың мүмкіндігін екшей келе, Нұрбақыттың соңына салып қойды. Әзірге Алмат Нұрбақытпен ұстасуға жарамайды. Бірақ күндердің күнінде Теңізбаевтың деңгейіне жетуге тиіс. Бір күні таудағы кросс кезінде Нұрбақыт пен Алмат жолай тоқтай қалып кеудені жерден көтеруден (отжимание) жарысқа түсті. Нұрбақыт тоқтаған бетте 30 әрекет жасаса, Алмат одан асуға тырысады. Келесі беткейде Нұрбақыт кеудесін жерден 35 рет көтерсе, Алмат одан қалыспай жанталасты. Содан, не керек, кросс аяғында екеуінің үзік-үзік «отжиманиясы» жинала келе 500-ге жуықтады. Теңізбаев – кеудесі желкөрік балуан. Басында Алмат ұзаққа жүгіруде оған ілесе алмайтын. Арада бірнеше жыл өткенде Нұрбақытпен үзеңгі қағыстырды. Ал турникке тартылудан қанша жанықса да, Теңізбаевқа жете алған жоқ. Екеуінің кілемдегі тартысы да ұзаққа созылды. Алмат бірнеше жыл бойы Нұрбақыт ағасын ұта алған жоқ. Бірақ қайтпады. Соның нәтижесінде 2010 жылғы Қазақстан чемпионатында Теңізбаевтан басым түсіп, әлем чемпионатына жол тартты. Боранбек бапкер Алматты асықпай, иін қандыра баптаумен болды. Бір әдістің сан қырлы тетігін үйретті. Қарсыласты сан соқтыру үшін комбинациялық тәсілдер тізбегін меңгеру де оңайға түскен жоқ. Екеуі сан рет сүрінді, талай сынаққа түсті, сан мәрте төрешілердің әділетсіздігіне тап болды. Ақыры, не керек, араға бес жыл салып, 2010 жылы Алмат Кебісбаев әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2011 жылғы әлем чемпионатында Алматқа күміс медаль бұйырды. Сол жеңіс сәтінде Боранбек бапкер булығып бір жылады дейсің. Талай жыл тартқан тауқыметі мен жүйке жонған кездері көз алдынан кино лентасындай тізіліп өтіп жатыр. Алматтың жаттығу жиынына қаражат таба алмай, тау етегінде машинада түнеген сәттері дәл қазір көрген түстей. Небір қасқыр жігіттермен тайталаста кірпігін қақпайтын Боранбектің ыстық жасы омырауын жуып кетті…Алмат балуан 2015 жылы әлем чемпионатының тағы бір қола медалін қанжығаға байлады. 2011, 2017 жылдары Азия чемпионатында жеке-дара шықты. Бұған қоса, әлем кубогы үшін бәсекеде жеке есепте топ жарды. Кебісбаев – ХХІ ғасырдың алғашқы 18 жылында грек-рим күресіндегі қазақ балуандары арасынан әлем чемпионатында бір күміс, екі қола медальға ие болған жалғыз балуан.Дархан Баяхметов – әлем кубогының жеңімпазы, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері. Боранбектің қол астына 2006 жылы 21 жасында келді. Дарханның да бапкері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рысбек Нұрғазин. Дархан – құйын-перен күресетін, күші мығым, мінезді жігіт. Балалар мен жастар арасында бұрқыратып жүріп, ересектерге өтер тұста тоқырауға ұшыраған. Содан іштей күйзеліске түскені бар. Осының бәрін терең ескерген Боранбек Дарханмен оның құрдасы тәрізді сөйлесті. «Сен анаңды қадір тұтасың ба?» «Әрине!» «Онда анаңа сөз келтірмеу үшін менің сөзімді екі етпеуің керек. Себебі сен шалалық қылсаң, менің саған тілім тиюі мүмкін. Саған тілім тисе, сені өмірге әкелген анаңа сөз келеді. Болмаса қамшының астына аламын. Осы саған жақсы ма?!» «Жоқ! Анама сөз келтіргім келмейді». «Онда менің айтқанымды бұлжытпай орындайсың!» «Жақсы, аға, келістік!»Дархан – қарсыласын кеудеден асыра лақтыруға, диірмен әдісіне, жамбасқа салуға және төрттағаннан кері тартуға шебер балуан. Бірақ кейінгі кезде төрттағаннан кері тартуы көңілден шықпайды. Құрамадағы басты қарсыластары Баяхметовті әбден зерттеп, қыр-сырын біліп алған. Кері тартудан соқыр ұпай алуы мұң болды. Боранбек көп ойланды. Ақыры кілтін тапқандай болған. «Сен кері тартуды ендігі жерде әлем чемпионатының қола жүлдегері Ермек Көкетов тәрізді жаса, – деді Боранбек бапкер Дархан балуанға. – Оның аяқ-қолы қысқа, соған орай, бұл әдісті сәл басқаша меңгерген. Сен соның қалыбына түссең, кері тартуда жан шыдатпайтын боласың». Боранбек шәкіртін сергіту үшін қасына ертіп жүретін болды. Кейде көлігінің кілтін беріп қояды.Дархан атан түйенің белін қайыстырар жаттығумен қатар, ішкі ой арпалысына қатар түсті. Бірте-бірте Көкетовтің кері тартуы «бағына» бастады. Ал 2009 жылғы Азия чемпионаты қарсаңында Боранбек Дарханға «Көкетовше емес, бұрынғы әдісіңе, өз кері тартуыңа көш» деді. Көптен тұсалып жүрген Баяхметов Азия чемпионатында қарсыластарын тулақша қағып, алтын тұғырдан бір-ақ шықты. Пекин олимпиадасында да арыстанша арпалысты. Кері тартуын қапысыз орындады. Тек финалға сынық сүйем қалғанда төреші жолын қиып жіберді. Сол белдесуде өзінен де бір қателік кетті. Бұйырғаны – бесінші орын.2009 жылы Даниядағы әлем чемпионатына нағыз зар күйінде барды. Бапкерлер алқасы бірауыздан «Баяхметов «алтынға» лайық» деген. Бұйырмаса, амал қанша, екі қарсыласын сеңдей соғыстырған Дарханның Куба жігітімен айқаста сол шынтағы тайып кеткені. Бапкер мен балуанның өзегін өрт шалды. Осы жылы жекелей есепте әлем кубогын жеңіп алды.Демеу Жадыраев – әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Бапкері Жұмахан Тұрғанбеков Демеуді Боранбекке тапсырғанда аяқ-қолы серейген, күші аз, көп бозбаланың бірі болатын. «Жаттықтырушысына уәде беріп қойған соң сөзімді жұтқым келмеді, – дейді Боранбек сол күндерді қайта жаңғыртып. – Маған келген бала күресуге тиіс. Менің ұстанымым – осы. Ал мына бала әлі шикілеу екен». Бірақ нағыз мұсылманға тән аса сабырлы, мінезі жұмсақ жігіт Алматының бір қиырындағы «Барахолка» жақта пәтер жалдап тұрғанына қарамастан, жаттығудан қалып көрмепті. Тіпті Боранбек ағасы сапарда жүрген кездерде жаттығуды босатпай, ұстазының тапсырмасын қалт жібермей орындайды екен. Және таңертең үйден шығарда құтысына су құйып алып, екі-үш тілім ет табылса соны, табылмаса май жаққан екі-үш жапырақ нанды күні бойы талғажау қылыпты. Осылайша төрт-бес жыл тер төгіпті. Ешкімге мұңын шағып көрмепті. Таң бозынан институттағы сабағына үлгеріп, одан ертеңгілік жаттығуға асығады екен. Жаттығудан шыға сала қайтадан сабағына жүгіреді. Кешке қайтадан күрес залына келеді. Кекірік атып тойып жүрсе, бір сәрі. Сонда да күрес шыңына шықсам деген қайсар мінезінен айнымапты. Алла тағала бес уақыт намазын қаза қылмайтын Демеу пендесінің ниетін қабыл алып, Жадыраев 2017 жылы әлем чемпионатының күміс тұғырына табан тіреді. «Демеу әлем жүлдегері болғанда командаластары оның өзінен бетер қатты қуанды, – дейді Боранбек бапкер. – Себебі оның бұл биікке қандай жанкештілікпен жеткенін жігіттер жақсы біледі». Биылғы Азия чемпионатында Демеу Жадыраев күміс жүлдегер атанды.Ербол Қоңыратов – 2012 жылғы Азия чемпионы, «кіші әлем чемпионаты» саналатын Иван Поддубный халықаралық турнирінің жеңімпазы. Азия біріншіліктеріндегі бірнеше медалі өз алдына бір төбе. Дүниежүзілік студенттер универсиадасының қола жүлдегері. Боранбектің туған бауыры.Қадірлі ағайын, біз Қоңыратовтың әлемдік деңгейде олжа салған шәкірттері туралы аздап қалам тербедік. Оның республика чемпионы болған балуандары көптеп саналады. Ал 2015 жылы Боранбек Қоңыратов баптаған Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионатында командалық бас бәйгені жеңіп алды. Қазіргі таңда Алмат Кебісбаев және Демеу Жадыраевпен бірге Қазақстанның ұлттық құрамасында Боранбектің бірнеше жас шәкірті тер төгіп жүр. Яғни Қоңыратовтың бапкерлік ұстаханасы дүрілдеп тұр.Қыдырбек Рысбек