Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:08, 14 Маусым 2018

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Марат Жақиев

Марат – кезіндегі танымал боксшы. 1989 жылы Совет Одағы чемпионатының қола жүлдегері атанып, советтің ересектер құрамасында бағын сынаған саңлақ.
  Бұған қоса, Одақ кубогында жүлдегер болды.Бала кезінен былғары қолғап киіп, айқасқа түскен Марат әлі осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Боксқа әбден байланып қалған. Кейінгі 15 жылда бапкерлік білігімен таныла бастады. Марат Жақиев – біздің елде олимпиялық спорт түрінен әлем чемпионын баптаған  санаулы маманның бірі. Шәкірті Ердос Жаңаберген 2005 жылы дүниежүзінің чемпионы болған сәттен бастап Мараттың бокстағы жаңа дәуірі басталды.Ердос Жаңаберген бокстан әлем және Азия чемпионы.  Мараттың қол астына 2003 жылы келді. Ердос бұл кезде жастар арасындағы Қазақстан чемпионы болатын. Боксты Өзбекстанда жүріп бастаған Ердос одан кейін бапкері Ерік Балжановпен бірге Ақтөбеге қоныс аударады. Сол жақта біраз шыңдалып, жаттығу жиындары мен жарыстарға қаржы жағынан қысылған соң, Ерік Балжанов Марат Жақиевқа Ердосты Ақтауға ауыстыруға өтініш жасайды. Марат келіседі. «Ердос бізге келгенде біршама қалыптасып қалған боксшы еді, – дейді Марат сол күндерді еске түсіріп. – Маған ерекше ұнағаны: тәрбиелі, өте еңбекқор, табиғатынан зерек бозбала екен.  Ішінде  жанартау бар дерсің. Серпіні сұмдық. Жүз метрді 11,5 секундта заулап өте шығады. Бойдағы алапат күшіне сай бір отырғанда шағын қозының етін тауысып қояды. Соққысы жан шыдатпайды. Ол кезде боксшылар шлем киіп айқасты. Ердостың жұдырығы шлемнің сыртынан тигеннің өзінде оңдырмайды. Ал 81 келіге бойы тапалдау. Өзі майтабан. Аяқты нық басып, ұзақ айқасуға жарамайды. Сондықтан аяқтың ұшымен секіріп жүріп бокстасуға бейімделген. Бәсеке кезінде аяқты тиімді пайдалану жағынан кемшілігі бар екен. Соны біраз уақыт түзедік. Сосын қарсыластарымен  орта қашықтықтан аңдысып жұдырықтасуды дұрыс деп ұйғардық.  Қарсыласы ұрған бетте Ердос жарыса соғады. Оның тағы бір қасиеті – жүйкесі берік. Небір күшті жігіттермен бәсекеге бара жатқанда ұйықтап отырады.… Осылайша екеуміздің жолымыз бір арнада тоғысты».2005 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында Бакудегі халықаралық турнирге  Марат Жақиев ұлттық құраманың бас бапкері Дамир Буданбековтен рұқсат сұрап, төрт жігітті Маңғыстаудың қаражатына алып барды. Солардың бірі Ердос болатын. Ердос сол сында қарсылас шақ келтірген жоқ. Біздің елден Мұхтархан Ділдәбеков екеуі ғана Бакуден алтын жүлдемен оралды. Одан кейін Алматыдағы жиында Азия чемпионы Бейбіт Шүменовтен басым түсіп, әлем чемпионатының жолдамасына ие болды. Әлем кубогы үшін жарыста барлық қарсыластарын ұрып жығып, жекелей есепте топ жарды.Қытайдағы әлем чемпионатында Ердос Жаңаберген бес  рет жекпе-жекке түсті. Марат бапкер ол кезде ұлттық құрамаға беки қоймаған. Сондықтан рингте секундант болуға хақы жоқ. Содан жаттығу кезінде Ердостың қасында болып, жарыс үстінде шәкіртінің әр жекпе-жегін трибунада отырып басқаруға тура келді. «Ердос менің трибунадан айтқан тапсырмамды бұлжытпай орындады, – дейді Марат. –  Сол жолы оның алғырлығына тәнті болдым. Әлем чемпионаты біткен бойда АИБА-ның бірінші вице-президенті Бекет Махмұтов: «Шәкіртің сенің трибунадан берген тапсырмаңды тамаша орындап шықты. Жарайсыңдар!» – деп ризашылығын білдірді».2005 жылы Азия чемпионатында топ жарған Ердос батыр 2006 жылы студенттер арасында, 2011 жылы әскерилер арасында  әлем чемпионы атанды. Содан көп ұзамай бел омыртқасы сыр беріп, боксты біржола доғарды.    Әділбек Ниязымбетов – олимпиада ойындарының екі дүркін, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері. 2003 жылы әкесі Сәбит «еті сенікі, сүйегі менікі» деп, салмағы 42 келі тартатын жұқалтаң  баланы Мараттың үйіне қалдырып кетті. Алғашқы бапкері – Жеңіс Жарылғапов.  «Әділбектен боксшы шықпайды» дегендер аз болған жоқ. Жақиев осы баланы үйінде жатқызып, баптай бастады дегенді естіген кейбір жаттықтырушылар бұларға сыртынан мысқылдай қарады. Ал Маратқа кішкентай баланың өжеттігі, намысқойлығы ұнады. Жасына қарамай рингте өте сақ. Көп нәрсеге ой көзімен қарайды. Төрешілер шешімі теріс болса, «жеңілген жоқпын» деп, әділдік іздеп тұрады.  Марат Әділбектің бойынан екінің біріне бұйырмайтын ғажап сезімталдық пен көшбасыға тән өр мінезді дөп басты. Сосын жолбарыстай жылдам. Тумысынан алғыр.Баланың аты – бала емес пе, кейде бапкердің көңілінен шықпай қалады. Сондайда Марат Исағалиұлы оны бір жағы қайрап, бір жағы ширықтыру үшін: «Сенен боксшы шықпайды дейтіндер көп. Сол рас екен», – дейді намысына тиіп. Содан жаттығу аяқталып, жұрт үйлеріне қайтады. Ал кішкентай аққұба бала ғана төбеге ілінген зілдей былғары қапты өші кеткендей төмпештеп жатады. Елдің соңынан Марат та  сыртқа беттейді.   Әдейі көрмегенсиді, бірақ көзінің қиығы Әділбекте. Үйде де екеуі тоң теріс. Кейде тамақты бөлек ішеді.Аққұба бала жыл санап шыңдала түсті. Футболды шырқ үйіреді. Сыртынан еріксіз сүйсінесің. Баскетболға салсаң, жайнап сала береді. Діттеген жерден шығыршықты дәл көздейді. Тенниске де шебер…2007 жылы Әділбек жастар арасындағы Азия біріншілігін ұтып алды. Келесі жылы 18 жасар Ниязымбетов 69 келі салмақта Қазақстанның ересектер чемпионатында топ жарды. Одан кейін Азия чемпионаты. Марат шәкіртінің қарсылығына қарамай, оны 75 келіге ауыстырды. Жақиев бозбаланың бұғанасы бекіп, сүйегі ауырлап келе жатқанын дәл түйсінді. Артық салмақтан арылу Әділбектің жылдамдығын тежеп, төзімділігіне нұқсан келтіретінін ішкі түйсікпен сезе білді.Бірақ… құрлық чемпионатында Әділбек күтпеген жерден қырғыз боксшысынан нокдаунмен ұтылып қалды. Қырғыздың оң жұдырығы Ниязымбетовті екі-үш рет тәлтіректетіп тастады. Жақиев анадай жерден қырғыз оң қолын сілтегенде «сен де жарыса ұр» деп қанша айқайлағанымен, ештеңе шықпады. Жекпе-жектен кейін шәкіртіне: «Сен неге қарсыластың оң жұдырығын қайта-қайта жіберіп қойдың?» – деп кейісе, Әділбек: «Аға, мен оның соққысын  көрмей қалдым», – деді. «Қалай көрмейсің? Сен емес, сыртта тұрып мен көріп тұрдым». «Аға, шынымды айтайын, көрмедім...»Ақтауға оралысымен Әділбек дәрігерге барды. Мәссаған! Көз маманы Ниязымбетовтің сол көзі дұрыс көрмейді деп қағаз жазып беріпті. Марат аң-таң. Осы уақытқа дейін сап-сау көз аяқастынан қалай көрмей қалды? Сыйлас жігіттер арқылы шәкіртін арнайы көз дәрігеріне көрсеткен. Ол да сол диагнозды мақұлдады. Марат, шынымен, сасайын деді. Сөйтіп жүргенде Ақтөбеден көз саласының профессоры келгенін естіп, Әділбекті сол кісіге көрсетті. «Сол көзінде ақау бар. Бокспен шұғылдануға мүлде болмайды. Жұдырық тисе соқыр болып қалуы мүмкін». Мына сөзді естіген Марат сең соққандай   күй кешті. Иіні түсіп, өңі қабарып кетті. Екі аптадай уақыт ұйқыдан айырылды. Сөйтіп жүргенде Ақтөбеден сыныптасы Үміт келе қалды. Марат пен Әділбектің басындағы жағдайды естіген бойда «Орынборда көз институты бар. Сондағы таныс дәрігерге хабарласайын» деді. Марат бұл сөзге онша селт ете қойған жоқ. Әйтсе де Үміт Орынбор жағымен хабарласқан соң баруға бекінді. Содан Әділбек екеуі Орынборға тартып отырды. Көз институтындағы мамандар Әділбекті қарап шығып: «Көзін  емдеуге 95 пайыз кепілдік береміз. Келіссеңдер, ертең операция істейміз» деді. Қуанышы қойнына сыймаған Марат бірден «тәуекел» деді. Ертеңіне ота жасалды. Отадан кейін көзге міндетті түрде бір ай тамызуға дәрі берді. Бұл дәріні бір рет үзуге болмайды екен. «Үзілсе, көз көрмей қалады» деді дәрігерлер. Әділбек дәрігерлердің тапсырмасын бұлжытпай орындады. Сөйтіп, бапкер мен боксшының зәресін алған сол көз қалпына келді.2011 жылы Әділбек Ниязымбетов әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал Лондон олимпиадасының финалында ресейлік Егор Мехонцевтен сәл басым болған. Бірақ төрешілер екеуіне тең ұпай жазып, таразы басын Мехонцевқа аударып жіберді. Сол бәсекеден кейін орыс мамандарының өзі Ниязымбетовтің басым болғанын мойындады.2016 жылы Ниязымбетов Рио олимпиадасының финалында әлемнің үш мәрте чемпионы, кубалық Хулио Сесар ла Крусты үш раунд бойы тықсырумен болды. Ла Крус тек қаша ұрыс салды. Төреші ла Крустың қолын көтерген сәтте сарай толы жанкүйерлер наразылықтарын білдіріп, гуілдеп кетті. Ал омырауына күміс медаль таққан Әділбек күйінгенін жасыра алмай жылап тұрды. Шетелдің небір белді мамандары Маратқа келіп, «жеңіс сендердікі еді» десті шын пейілден.   Берік Әбдірахманов –  әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, кәсіпқой бокстан 2015 жылғы әлем чемпионы. Берік 2009 жылы Марат ағасына өзінің Ақтауға ауысқысы келетінін айтады. Бірақ реті келмейді. 2010 жылы Әбдірахманов Ақтөбенің атынан әскерилер арасындағы әлем чемпионатын ұтып келгенде, жергілікті жаттықтырушылардың алауыздығынан оның бапкері Әділ Басқараев боксты біржола доғармақшы болады. Оның үстіне  бокстан тапқан пайдалары да шамалы. Білікті маманның жағдайын естіген Марат Әділ мен Берікті Ақтауға шақырады. Содан бастап жағдайлары біршама жақсарып, Берік жарыстарға, жаттығу жиындарына жүйелі түрде бара бастайды.   Нәтижесі белгілі: Әбдірахманов 2013 жылы 27 жасында әлем чемпионатының қола жүлдегері әрі Азия чемпионы атанды. «Берік алғаш келгенде аяқпен сауатты ойнай алмайтын, – дейді Марат бапкер.  – Сосын соққы жұмсағанда денесі тырысып, еркін сілтей алмай жүрді. Бұл жағын түзедік.  Беріктің жүрегі таза. Жас боксшылар ашылып қалған сәтте  ұрып жібермей,  жұдырығының ұшымен сипап қана өтеді. «Неге ұрмадың?» десем, «Аға, өсіп келе жатқан бала ғой», – дейді мейірленіп. Мұндай қасиет жігіттің жігітінде ғана болады».Мараттың жоғарыдағы үш шәкірті де иманды азаматтар. Иман жүрген жерде ынтымақ пен береке болатыны әлімсақтан белгілі.Қыдырбек Рысбек
Тегтер: