Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:45, 31 Қазан 2018

Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Сейділда Қалиев

Биыл Сейділда бапкер жетпіске толды. «Аға, күніне екі мәрте жаттығудан шаршамайсыз ба?
» – дедік Қызылордаға жарысқа барған сапарымызда. Сейдош аға қызыл шырайлы жүзі жадырап, күліп жіберді. «Жоқ, қайта жаттығу жасамасам шаршап қаламын. Жаттығудан қалғым келмейді», – деді сергек үнмен. Ағамыз ақкөңіл, жайсаң кісі. Бірақ шаруаға мығым. Екі күн бойы Сыр бойында 18 жылдан бері жібін үзбей өтіп келе жатқан Болатбек Сүлейменовті еске түсіруге арналған ірі еларалық турнирде төрешілердің әр қимылын жіті қадағалап, әрқайсысының бағасын әділ қойып отырды.Бұл кісіде менменсу, кісімсу деген атымен жоқ. Құшағыңды ашып аңқылдап барсаң, жатырқаусыз бауырына тартады. Тымырайып үндемей барсаң, нұрлы жанарымен бір шолып, жылы жымиып тұра береді. Балуан баптағанда жосыла тартатын Сейдош аға сөзге сараңдау. Ал іші толған шежіре, шетінен кертіп, суыртпақтап қана қаныға аласың.Бұл бапкердің көзінің ағы мен қарасындай егіз қызы: Айман, Шолпан – өзінің төл шәкірті. Кешегі мыңжылдық тоғысында жеңіл салмақта Қазақ елінің ту ұстаған бағландары. Екеуі 10 жылдай дзюдо төрін армансыз еркін дуылдатты.«Бапкерлікті ә деп бастағанда құрылысшы жастарды баптадым, – дейді Сейдош аға. – Содан сыйлас жігіттер пәтеріме турник орнатып берді. Бұл аздай, үйдің төбесіне білектей арқанды тас қып бекітіп тастадық. Кәдімгі күрес залындағы балуандар өрмелейтін канаттың келте түрі. «Қыз әкеге жақын» деген рас. Екеуі кішкентайынан турникке тартылып, арқанға өрмелеп шыңдала берді. Бұған қоса, еденге көрпе төсеп, қара тер боп алысатындарын қайтерсің. Кейде екеуін ертіп қонаққа барамыз. Сондай кездерде достарым ұлдарына: «Сейдоштың қыздарымен күресесіңдер ме?» дейді. Ұлдар «иә» десе болды, Айман, Шолпан білекті сыбанып шыға келеді. Кей жігіттер қызық көріп, екі қызымды турникте сынайды. Айман, Шолпан табиғатынан әлді. Турникке тартылудан ұлдарды жолда қалдырады. Сөйтіп, екі құлыншағымның арқасында барған жеріміз у-ду боп жататын.Бір күні үйге түскі шайға дзюдо бапкері, ұстазым Әбілқайыр Байбосынов келе қалды. Ол кісі егіз қозыдай қыздарыма сүйсіне қарап: «Қане, турникке қанша рет тартыласыңдар?» – деп сұрады. «Жиырма рет», – деді екеуі жарыса. «Мүмкін емес», – деді Әбілқайыр аға сенер-сенбесін білмей. Әбден машықтанып алған 13 жасар Айман, Шолпан бір-бірінен қалыспай, жиырмадан тартылды. «Өй, жарайсыңдар, екеуің де дайын дзюдошы екенсіңдер», – деп, қызық болғанда, Әбілқайыр аға қыздарымды күреске шақырды. Содан балалардан маза кетті. Шешелері Рахизаның қарсылығына қарамай, бұйырған күні екеуі жұбын жазбай дзюдо залының табалдырығын аттады. Тағдырдың жазуы ғой, өз бапкерім Әбілқайыр аға екі қызымның алғашқы жаттықтырушысы болды».Айман Қалиева –  дзюдо күресінен  Қазақстан Республикасының жеті дүркін чемпионы (1999-2005 жж.), Қазақстан халықтары спартакиадасының жеңімпазы. 13 жасынан әкесі Сейділда Қалиев пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, білікті маман  Әбілқайыр Байбосыновтың қол астында дзюдоға ден қойды. Буыны беки қоймаған Айман мен Шолпан табиғи күш пен жылдамдықтың арқасында өздері құралпы ұлдарды жығып жүріпті. Сейдош аға: «Бұл қызым жүрегі кең, ақкөңіл бала», – дейді. Айманның өзі болса: «Әкеміз бізді бес-алты жасымыздан ерте тұрғызып, стадионды айналдыра жүгіртетін. Күрес – менің сүйікті кәсібім. Спорттың қызығына тоймаймын», – дейді. Рахиза ана басында екі қызының күресін көруге барып жүріпті. Сосын, біржола доғарған екен. Себебі ана жүрегі нәзік. Қыздары жан ұшыра айқасып жатқанда шыдай алмайды екен.«Спорттық норматив тапсырғанда Айман менен озық тұратын, – дейді Шолпан шынайы көңілмен. – Кросс жүгіруде ол үнемі алда келетін. Айман турникке 46 рет тартылса, менің үздік нәтижем 40-қа тең. Ол екі қолдың күшімен кеудесін жерден 200 мәрте көтерсе, мен 180 рет жасайтынмын».Айман республика бойынша 52 келі салмақтың тізгінін ұзақ жыл ешкімге ұстатқан жоқ. Айман Сейділдақызы қазір Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт интернат-колледжінде жаттықтырушы болып қызмет істейді.Шолпан Қалиева  – дзюдо күресінен Азия ойындарының қола жүлдегері (2002), Азия чемпионатында төрт рет үшінші орынға табан тіреді (2001, 2003, 2006, 2008), әлем кубогының жүлдегері (2006). Қазақстан Республикасының 10 дүркін чемпионы (1998-2008). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 13 жасынан бастап әкесі Сейділда Қалиев пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, білікті маман Әбілқайыр Байбосыновтың қол астында дзюдомен кәсіби түрде шұғылдана бастады. 1998-2008 жылдар аралығында 48, 52 келі салмақ дәрежелері бойынша Азия құрлығындағы ең мықты дзюдошының бірі. Қазақстан чемпионаттарында бірнеше жыл бойы чемпиондық атақты ешкімге бермеді. Табиғи күші мол, әдіс-айлаға жетік, аса жылдам спортшы.2008 жылы Азия чемпионаты қарсаңында Шолпанның оң аяғы күп болып ісіп кетті. Қайсар қыз сонда да алған бетінен қайтқан жоқ. Ұлттық құраманың жаттықтырушыларына білдірмей, тістеніп жүріп жаттығуын жалғастыра берді. Шолпанның оңтайлы әдісі – қарсыласын иығынан асыра лақтыру. Кейде тізені сәл бүгіп тастап жібереді. Оңтайы келгенде тізерлей бере лақтырады. Аяғы зіл тартып, сыздай ауырған кезде Шолпан қарсыластарын көбіне партерде ұтуға мәжбүр болды. Сол жылғы Азия чемпионатында Қалиева ауыратын оң аяқты артқа тастап, жалғыз аяқпен белдесті. «Моңғол балуанымен айқаста оң аяққа күш түсіп еді, жаным көзіме көрінді. Сол сапарда аяғым көгеріп кетті», – дейді Шолпан жадында қалған  ауыр күндерді еске түсіріп. Шолпан Сейділдақызы сол Азия чемпионатында кезекті қола медальға қол жеткізді. Бұл чемпионаттың әр белдесуінде Шолпан екі бірдей қарсыласпен  – жан төзгісіз аурумен және қарсыласпен қатар жұлқысты.Пекин олимпиадасына шамалы уақыт қалғанда Шолпан тағы да сынаққа тап болды. Қарағандыдағы жаттығу жиынында тамақтан уланып, ауруханаға түсті. Сырқаттың меңдегені соншалық – жайшылықта 54-55 келі тартатын Шолпанның салмағы бірден 48 келіге құлдырады. Командалас құрбылары олимпиадаға шешуші дайындықты пысықтауға кіріскенде Шолпан аурухана төсегінде торығып күйзеліп жатты. Екі көзден ыстық жас парлады. Оның үстіне емдеуші дәрігер: «Сізге жарты жылға дейін күресуге болмайды», деп, төбесіне төнген бұлтты одан сайын қоюлата түсті. Бір күні шу асаудай шамырқанған Шолпан қыз емі аяқталмай жатып Алматыға тартып отырады. Есіл-дерті – олимпиада дуынан сырт қалмау. Құрама  бапкерлері 52 келідегі үміткерге қатты алаңдаулы екен: Шолпан келген бойда оны екінші нөмірлі балуан қызбен шешуші сынаққа салды. Қалиева үміткер құрбысын бір минутта алып ұрды.Олимпиада ойындарында спорттық бабының кемдігінен қол созымдағы қола медаль алақанынан сусып кетті. Алжир қызы вазари олжаласа, Шолпанның үлесі – юко. Күші бұрынғыдай тепсініп тұрмаған соң болмайды екен. Бұйырғаны – бесінші орын.Елдос Жұмаханов – дзюдо күресінен Азия чемпионаты (2017) мен Еуропа кубогының (2015) күміс жүлдегері, Азия ойындарының (2018) командалық жарысында күміс жүлдегер, Азия чемпионатының үш мәрте қола жүлдегері (2014, 2015, 2016), әлемдік Гран-при турнирінің жеңімпазы (2013), ТОП-16 «Әлемдік шеберлер» жарысының күміс жүлдегері (2017), әскерилер арасында әлем чемпионы (2013). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 12 жасынан Алматы қаласында Сейділда Қалиевтің қол астында жаттығады. Алғаш келгенде салмағы 30 келіге жетпейтін арық бала болатын. Жасөспірімдер жарыстарында жарқырай көрінген жоқ. Ресми бәсекелерде жүлдеге іліге алмайтын. Жастар арасындағы белдесулерде де биік белестерден көрінген жоқ. Бірақ Сейділда ағасы Елдостан үмітін үзбеді. Сабырмен, ақылмен бабына келтіре шыңдаумен болды. Жұмаханов табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында есейе келе ұстаз сенімін ақтады. Ол алғашқы ірі жеңісіне жасы 23-ке дейінгі балуандар арасындағы Қазақстан чемпионатында қол жеткізді.Бапкері Сейділда Қалиев екеуі қаражаттың тапшылығынан әуелі екі жылдай Жамбыл облысының намысын қорғаса, одан кейін үш жыл Маңғыстау облысының атынан күресті. Елдос Жұмаханов кейінгі бес-алты жыл ішінде 66 келі салмақ бойынша Азия құрлығын мойындатып, дүниежүзіндегі таңдаулы балуандардың қатарында тұр.  Cейділда бапкер мен Елдос балуанның алар асуы бұдан да биік болуына тілектеспіз.Сейділда ағамыз жетпістің биігіне шықса да, балуан баптаудан жалығар емес. Майталман бапкердің шәкірті Ғалия Тынбаева биыл қыздар арасында Азия біріншілігін ұтып алса, Мөлдір Нарынова Азияның күміс алқасын мойнына тақты. Бұл екеуінен басқа, тағы бірнеше көкөрім жас күн санап жетіліп келеді.Атам қазақ «Тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Сейділда ағамыздың атасы Қанайдың туған ағасы Төреш ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Ақтөбенің Ырғыз өңіріне танымал балуан болыпты. Әрі большевиктердің қанды қыспағына қарсы Ырғыз көтерілісіне қатысушылардың бірі екен. Қызыл коммунистер Ырғыз көтерілісін аяусыз жаныштаған соң, Қанай мен Төреш амалсыз Орынбор жағын сағалайды.Міне, қазақ намысын айтулы додаларда қорғап жүрген Сейділда Қалиевтің текті тұқымнан екенін біле жүргеніміз артық болмас…

Қыдырбек РЫСБЕК

Тегтер: