Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:47

Әлемнің ең бай адамдары рейтингінде көшбасшы ауысты

Ларри Эллисон
Фото: shutterstock

Oracle бағдарламалық қамтамасыз ету компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон Bloomberg миллиардерлер рейтингінде Tesla мен SpaceX басшысы Илон Маскты артқа қалдырып, бірінші орынға шықты.

Bloomberg дерегінше, Эллисонның байлығы 393 млрд доллар, ал Масктыкі 385 млрд доллар деп бағаланған. Оның бір күн ішінде капиталы 101 млрд долларға өскен – бұл Bloomberg тарихындағы ең үлкен тәуліктік өсім.

Маск кейінгі бір жылға жуық уақыт бойы көшбасшы болып келген еді. Ол алғаш рет 2021 жылы рейтингтің басына шыққанымен, кейін Amazon құрылтайшысы Джефф Безос пен LVMH иесі Бернар Арноға орын берген. Қазір олар сәйкесінше төртінші және сегізінші орында тұр.

Шілде айынан бері Эллисон Meta басшысы Марк Цукербергті басып озып, екінші орынды иеленіп келген.

Forbes дерегі

Forbes та Эллисон байлығының өскенін растады. Басылымның есебінше, оның жалпы капиталы 395 млрд доллар, яғни шамамен 102 млрд долларға артқан. Дегенмен Forbes рейтингінде Илон Маск әлі де бірінші орында қалып отыр — оның байлығы 437 млрд доллар деп бағаланған.

Ларри Эллисон
Ларри Эллисон. Фото: Getty images

Ларри Эллисон кім?

Эллисон – 81 жаста. Ол 1977 жылы Боб Майнер мен Эд Оутспен бірге Oracle компаниясын құрған. 37 жыл бойы бас директор болған ол 2014 жылдың қыркүйегінде қызметінен кетіп, директорлар кеңесінің төрағасы әрі техникалық директор атанды. Қазіргі таңда Oracle акцияларының 40%-дан астамына иелік етеді.

Сонымен қатар ол Paramount Skydance компаниясының шамамен 50%-на ие. 2018–2022 жылдары Tesla директорлар кеңесінің мүшесі болған, қазір де компания акцияларына иелік етеді.

Байлықтың күрт өсу себебі

Эллисонның байлығының артуына Oracle-дың 2026 қаржы жылының бірінші тоқсаны бойынша есебі түрткі болды. Компания акциялары жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымға инвестиция салудың арқасында күрт қымбаттады.

Ірі келісімдердің ішінде ChatGPT жасаушысы OpenAI-мен 4,5 ГВт қуаттылықтағы деректер орталықтарын салу бойынша келісім бар. Соның нәтижесінде Oracle міндеттемелерінің портфелі 359%-ға артып, 455 млрд долларға жетті.

Сондай-ақ Oracle АҚШ президенті Дональд Трамп қаңтар айында жариялаған Stargate – жасанды интеллект инфрақұрылымы жобасына қатысушылар қатарында. Эллисон көптен бері республикалық партияны қолдап келе жатқан белгілі тұлға.