Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімі қысқарады

25.07.2018, 02:20

28

Денсаулық сақтау министрлігінің осы бастамасы науқастарға қалай әсер етпек? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергеновпен  әңгімеміз осы сұрақтан басталды.–Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміндегі аурулар саны 13 топқа топтастырылған. Болашақта тізімде ВИЧ-індеті мен туберкулезді, психологиялық және наркологиялық ауруларды, қатерлі ісік түрлерін қалдыру жоспарланып отыр. Неліктен бұл аурулар қалдырылады? Біріншіден, оларды емдеумен айналысатын психологиялық, наркологиялық, туберкулез диспансері деген сияқты арнайы инфрақұрылымдар жүйесі бар. Олардың бәрі де мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынған. Мысалы, туберкулезден, нашақорлық пен спиртті ішімдікке әуес адамдарды мәжбүрлеп емдеу шаралары қарастырылған. ВИЧ-індетінен емделуден бас тартқандар мен оны қасақана таратқандарға әкімшілік қана емес, қылмыстық жаза қолданылады. Ал онкологиялық ауруларды емдеу өте қымбат. Оны кез келген науқастың қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне қатерлі ісіктің дәрілері де дәріханаларда сатылмайды, арнайы бақылауға алынған. Осындай мәселелерді ескерген денсаулық сақтау министрлігі білікті сарапшылармен бірлесіп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакетін оңтайландырып жатыр. Бүгінде жұмыстың бастапқы нәтижесі дайын, заң жобасы арнайы мемлекеттік органдардың мақұлдауына берілді. Ол қабылданған жағдайда болашақта, яғни 2020 жылдан бастап медициналық көмек пакетінің екі түрі іске қосылады.–Сонда қалған аурулар, мәселен, қант диабеті мен гепатиттің маңызы төмен бе?    –Жоқ, олай емес. Аталған сырқаттар динамикалық бақылауға алынатын тізімге енгізіледі. Бірақ бұл олар барлық жеңілдіктен қағылады деген сөз емес. Мысалы, ешқандай ауруханаға жатқызбай-ақ, емханадағы учаскелік дәрігердің көмегімен бақылауға болатын аурулар болады. Пациент салауатты өмір сүрсе, дәрігердің айтқанын орындап, дәрісін дер кезінде ішіп жүрсе, ауруын асқындырмай, толыққанды өмір сүруіне әбден болады. Яғни науқас өз жағдайын өзі бақылауда ұстай алады. Негізінен, артериалды гипертензия, бронхиалды астма, қант диабеті сынды созылмалы аурулар динамикалық бақылауға алынады. Әлеуметтік маңызы бар сырқаттар тізімі қысқарғаннан кейін адамдар медициналық көмек пен тегін дәрі-дәрмектен құр қалады деген үрейдің еш негізі жоқ. Азаматтар тегін көмекті бұрынғыша ала береді. Тегін берілетін дәрі-дәрмек №666 бұйрық арқылы реттеледі. Онда тек әлеуметтік ауруларға шалдыққан науқастарға ғана берілетін препараттардың ғана емес, түрлі сырқаттарға бөлінетін дәрілер тізімі көрсетілген.–Ештеңе өзгермейді дедіңіз. Ендеше, тізімді қысқартудың не қажеті бар?–Әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға шын мәнінде қандай диагноздардың жататынын анықтау қажет болды. Бұл термин ең алғаш рет  90-жылдардың екінші жартысында, денсаулық саласына мардымсыз ғана қаржы бөлінетін тұста пайда болды. Азаматтардың денсаулығын қорғау кодексінде әлеуметтік аурулармен ауыратын сырқаттарға шалдыққан пациенттерге дәрі-дәрмек тегін беріледі, міндетті түрде диспансерлік еммен қамтамасыз етіледі деп жазылды. Денсаулық саласына бөлінетін қаржы көбейгеннен кейін бұл түсінік өзектілігін жойды. Бұл тізімнің маңызы бүгінде бұрынғыдай емес және медициналық көмек көрсетуде науқастарға ешқандай артықшылықтар бермейді. Бір сөзбен айтқанда, тізімнің қысқарғанынан қорқудың қажеті жоқ. Медициналық көмек алу жағынан пациенттер үшін ештеңе өзгермейді. Себебі дәрігерлік көмек бұл тізімге байланысты көрсетілмеді. Ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетіледі.–Былайша айтсақ, мұны қаржы үнемдеу деген дұрыс емес қой?..–Жалпы, тегін медициналық көмек пакетіне бөлінетін қаржы көлемі қысқармайды. Сондықтан министрлік шығынды қысқартқысы келеді деуге болмайды. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі өзіне жүктелген міндеттерді толық орындай алмай отыр. Мұның ең бірінші себебі – қаржы тапшылығы. Соңғы деректерге қарағанда, былтыр қазақстандықтардың медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсаған жеке шығындары 678 миллиард теңгеге жеткен. Былайша айтқанда, 18 миллион қазақстандықтың әрқайсысы жыл сайын 36 мың теңгені өз қолымен емдеу мекемелерінде қалдырады деген сөз. Жұртшылықтың қалтасынан шығатын шығындардың жартысына жуығы кепілдендірілген тегін көмек пакетіне (ТМККК) енген медициналық қызмет түрлерін жеке клиникалардан сатып жұмсалады. Болашақта медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін бұл цифр қысқарады деген болжам бар. Десе де, оның қаншалықты қысқаратынын дөп басып айту қиын, әрине. Бірақ біз қазір қаржы жетпей жатқан медициналық қызмет түрлерін сатып алуға ден қоймақпыз.Сөз орайы келгенде, ТМККК пакетінің жаңа үлгісінің бір артықшылығын айта кеткім келеді. Қолданыстағы заңда 2020 жылдан бастап емханалар сақтандырылмаған азаматтарды тек әлеуметтік аурулары болған жағдайда ғана қабылдайды деп жазылған. Мысалы, азамат жөтеліп бастады делік. Ол бронхитқа шалдыққанын, әлде туберкулез жұқтырғанын, не болмаса жүрегінде ақау барын білмейді. Сақтандыру жарнасын төлемесе, емханаға да қарала алмайды. Өйткені оған әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдықты деген диагноз қойылмаған. Ол тек жөтелі асқынып, қанды қақырық түсе бастаған кезде ғана жедел жәрдеммен ауруханаға жата алады. Міне, біз осыны болдырмау үшін емхана деңгейіндегі бастапқы медициналық көмекті статусына қарамастан, елдің бәріне көрсетуді ұсынып отырмыз.–Олай болса, бастапқыда ұсынылған өтпелі кезеңнің қажеттігі жоқ қой?–Жоқ. Адамдардың артынан жүгіріп, «жарна төлемесең, емханаға бас сұға алмайсың» деп түсіндіріп жатудың қажеті жоқ.–Жұртшылықтың сақтандыру жарнасын төлемеу қаупі күшейіп кетпей ме? –Әлбетте, сақтандыру жарнасын төлеу қажет. Өйткені сақтандыру пакетінде сапасы мен деңгейі жағынан өзгеше қызметтер көрсетіледі. Оған бағасы қымбат болып келетін диагностикалық қызметтер, қазір қаржы тапшылығынан көрсетілмей жатқан оңалту сынды ТМККК пакетіне енбеген қызметтер кіреді.–Жалпы, бізде оңалту орталықтары жеткілікті ме?–Біз бұл қызметтерді жекеменшік клиникалардан да сатып алуды жоспарлап отырмыз. Олар да қызығып тұр.  Қазір біздің азаматтарымыз осындай орталықтардың оңалту қызметіне жыл сайын 11 миллиард теңгеге жуық қаржы төлеп отыр. Бастапқыда біз массаж, емдік шынықтыру сынды қарапайым түрлерінен бастап, кейін оның тізімін мейлінше кеңейту көзделген. Қалай болғанда да, біз ТМККК пакетінде және сақтандыру пакетінде қарастырылған көмектің қазақстандықтарға шын мәнінде көрсетілгенін қалаймыз. Халық аталған пакеттерге енген қызметтер үшін ақша төлемеуі тиіс. –ТМККК пакетінде қандай қызметтер қалдырылады?–Бұған дәрігердің жедел көмегін қажет ететін шұғыл жағдайларда, әлеуметтік маңызы бар ауруларға (туберкулез, ВИЧ-індеті, психикалық ауытқулар, қатерлі ісік т.б.) шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмек жатады. Сондай-ақ бұл тізімге соңы мүгедектікке әкеп соқтыратын, демографиялық өсімге залал келтіретін жұқпалы емес созылмалы аурулардың негізгі түрлерін, қоршаған ортаға қауіп төндіретін өткір жұқпалы сырқаттарды диагностикалау мен емдеу де кіреді. ТМККК пакетіне кіретін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ішінде: профилактикалық екпелер, тоқ ішек, сүт безі, жатыр мойны ісігіне скрининг, қан айналым жүйелерінің ауруларына тексеру, глоукома, бір жасқа дейінгі балаларды және жүкті әйелдерді қарау, созылмалы ауруларды қадағалау (29 топ), әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды бақылау (аурудың бес түрі бойынша), жедел жәрдем, зертханалық диагностика (126 қызмет бойынша), қондырғылардың көмегімен диагностика жасау (қызметтің 89 түрі бойынша), созылмалы немесе әлеуметтік аурулар бойынша дәрігердің кеңесі де бар. Оған қоса, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде бақылауға болатын созылмалы ауруларды тұрақты бақылау (бұл бойынша 24 түрлі сырқатқа шалдыққан 2,4 млн адамға көмек көрсетіледі) мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтау және емдеу де ТМККК пакетіне ұсынылған консультативтік-диагностикалық көмекке кіреді.–Ал сақтандыру пакетінде қандай қызметтер болады? –Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне бағасы қымбат лабораторлық диагностика қызметі, ТМККК пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан науқастарды амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек, медициналық оңалту және денсаулықты қалпына келтіру сынды қызметтер енгізілмек. Сонымен қатар оған МӘМС деңгейіндегі: ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу; 18 жасқа дейінгі балаларды скринингтік тексеруден өткізу; 18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға стоматологиялық қызмет көрсету; сала мамандарының қабылдауы, кеңесі мен ем-дом шаралары (35 профиль бойынша); бастапқы медициналық санитарлық көмек деңгейінде бақылауға жатпайтын созылмалы ауруларға шалдыққан науқастарды бақылау (неврологиялық, эндокриндік, тұқым қуалайтын аурулар, өсе келе пайда болған ақаулар, тамыр, сүйек, буын аурулары, жарақаттардың салдарынан болатын аурулар, зат алмасу жүйесі қызметінің бұзылуы т.б.); бағасы қымбат лабораторлық диагностика (қызметтің 750 түрі); инструменталды зерттеу және функционалды диагностика (228 қызмет бойынша) сынды консультативтік-диагностикалық көмек түрлері енуі тиіс.–Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген Ш.Әлжанова

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.08.2020, 18:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 19:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 16:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 02:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 17:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 16:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды

Аңдатпа


  • Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)
    29.09.2020, 10:22
  • Ар сатылды, кен шашылды
    29.09.2020, 09:55
  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16