Әлеуметтік осал топтарға қолдау керек-ақ...

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Халық табысын арттыру бағдарламасында азаматтар кірісін көтеруге бағытталған нақты шаралар қарастырылған.
Біріншіден, бюджет саласы және квазимемлекеттік сектордың 1 млн аса қызметкерінің, сондай-ақ мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру және екіншіден, экономиканың барлық салаларында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орындарының табысын арттыру көзделген. Үшіншіден, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыруға басымдық берілген. Бұған қоса, «Бақытты отбасы» сияқты жобалар арқылы көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға жыл сайын 20 мың жұмыс орындарын құру және «жастар практикасы», «бірінші жұмыс орны» жобалары және (400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) гранттар беру арқылы 160 мың жасты жұмысқа тарту қарастырылған.
Барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау мақсатында 4 трлн теңге қарастырылған, бұл өткен жылдың деңгейінен 230 млрд-қа артық. Инфляция дәлізінің 8-10 пайыз болып өзгеруіне байланысты зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшерін тағы да 4 пайызға қосымша индекстеу көзделіп отыр, бұл жиынтығында, барлық әлеуметтік төлемдердің 9 пайызға, ал ынтымақты зейнетақының 2021 жылға қарағанда, 11 пайызға өсуін қамтамасыз етеді. Бұл өсім 4,2 млн әлеуметтік төлем алушыларды қамтиды. Оның ішінде, 11 пайызға ортақ зейнетақы, 9 пайызға базалық зейнетақы, барлық жәрдемақылар мен төлемдер 9 пайызға артады. Бұл мақсатқа нақтыланған бюджет жобасында қосымша 111 млрд теңге қарастырылған.
Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелердің бірі – аз қамтылған отбасылардың жағдайы. Біз күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бүгінде осындай көмекті 95 мың отбасы алып отыр. 2020 жылы азаматтардың талап-тілектері ескеріле отырып, атаулы көмекті тағайындау механизмі өзгертіліп, 25 табыс түрлері мен әлеуметтік төлемдер алынып тасталды. Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса, атаулы көмек 6 айға тоқтатылады. Бұл атаулы әлеуметтік көмектің масылдыққа айналуын болдырмауға бағытталған.
Сондықтан атаулы әлеуметтік көмекті басқа жәрдемақылармен салыстыруға болмайды. Атаулы көмек – табысы жан-жақты тексеріле отырып, тұрмысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ғана тағайындалатын мемлекеттік қолдау. Бұл ретте, үкімет тарапынан мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасыларды тұрақты қамқорлыққа алып, қажет кезінде проактивті форматта көмек көрсету үшін мемлекеттік органдардың 20 цифрлық қосымшаларын интеграциялау арқылы Отбасының цифрлық картасы әзірленеді. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметімен қамтамасыз ету мақсатында – 2021-2023 жылдары республикалық бюджет есебінен 12 оңалту орталықтарын салу жоспарланған, оның бесеуінің құрылысы былтыр басталды. Сондай-ақ «Қамқорлық» жобасы аясында аутизммен сырқаттанатын және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталық ашу жоспарлануда. Осындай 17 орталық былтыр ашылып, қолданысқа берілді.
Сонымен қатар еңбек дауларын реттеуде де ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Біріншіден, еңбек дауларын шешу бойынша жедел шаралар кешені жүзеге асырылды. Жыл басынан бері 140 проблемалық кәсіпорын анықталып 91-інде мәселе шешілді. 49 кәсіпорында жұмыс жүргізілуде (оның ішінде, Маңғыстауда – 19, Атырауда – 7, Қарағандыда – 5, Қызылордада – 4, Шымкент қаласында – 3, Қостанай, СҚО, ШҚО – 2-ден, Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында – 1-ден). Бұл ретте, 800-ден аса заң бұзушылық жойылып, 10 мыңға жуық қызметкердің құқығы қорғалды.
Екіншіден, 200 кәсіпорында 2,7 мыңнан аса жұмыскер жалақысы бойынша берешекті өтеу қамтамасыз етілді.
Үшіншіден, 1 млн аса жұмысшының жалақысы 5-тен 50 пайызға дейін көтерілді. Қызмет көрсетуші компаниялар қызметкерлерінің жалақысы негізгі компания қызметкерлерінің орташа жалақысының 70 пайызына теңестірілді.