Әлеуметтік жегі
Менің анам осы өмірдегі мен көрген адамдардың ішіндегі ең ақылды жандардың бірі.
Ол кісі көп сөйлемейтін, кез келген мәселеге екі ауыз сөзбен баға бере білетін. Өмір бойы қара жұмыс істеп кеткен анамыз әлемдік классиктер мен халықтың даналығынан мысалдар келтіре сөйлейтін. Солардың ішінде менің миымның қыртысында қалғандарының бірі – осы «Мен айтпаймын, жұрт айтады, «Қоқым-ау» дейді» деген сөз. «Апа, жаңылтпаш сияқты екен, дұрыстап түсіндіріңізші» деймін. Анамның айтуынша, «Бір ауылда Қоқым деген атақты бір өсекші болыпты. Ол қай үйге барса да, қандай ортада болса да, өзінің сөзін «Мен айтпаймын, жұрт айтады: «Қоқым-ау, анау жерде мынадай болыпты» деп бастайды екен. Оның бұл «кіріспесі» «менің кінәм жоқ, жұрт маған айтады, ал менікі олардың айтқандарын қайталау ғана» деген ақталуының түрі. Елдің арасына от салып, отбасын бұзатын да, аталастарды ажыратып, жазықсыздарды жазалайтын да, осы – «жұрттың сөзін қайталау» шығар.
Өз басым, өкінішке қарай ма, әлде бақытыма орай ма, әлеуметтік желіде «отырмаймын». Оны талай сұхбатымда айтқанмын. Әрине, аптасына бір мәрте «мынадай бір соны ақпарат шығыпты» деген сөзді естіген уақытта қарап шығамын, бірақ өсек пен өтірікке негізделген жеке бір пікірлер (мейлі, оны миллион адам қайталасын) менің назарымнан тыс қалады. Бұл да өнер. Отыз үш жылдық қоғамдық өмірімнен түйгенім болар. Сондықтан жоғарыдағы сәт сайын өзгеріске толы қоғамдық жағдайларға өзімнің көзқарасымды білдіріп, әлеуметтік желінің батырлары мен күрескерлеріне бес күндік азық бергім келіп отыр.
Қоғамның дамуы, өзгеруі немесе бірқалыпты өлі күйінде не тұрақты жағдайда қалуы сол қоғамдағы сан түрлі көзқарастарға тікелей байланысты. Сол көзқарастарды жинақтап, көпшіліктің пікірі ретінде саяси-қоғамдық мақсатқа айналдыру – азаматтық қоғамның (саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың) міндеті. Ал демократиялық жүйесі әлі қалыптаспаған елдерде саяси-қоғамдық пікірлер биліктің тікелей араласуымен жасалынады, оның тәсілдері де жеткілікті (бұқаралық ақпарат құралдарына тендер арқылы қаржы бөлу, телеканалдарға бақылау қою арқылы билікке қарсы не сыни пікірлерді халыққа жеткізбеу, биліктің идеологиялық жобаларын насихаттау, сөз бостандығына тосқауыл қоятын заңдарды қабылдау т.т.). Алайда осы бір классикалық жағдай соңғы уақытта үлкен өзгеріске ұшыраған сияқты, себебі қоғам өміріне әлеуметтік желі келді.
Қадыр ағамыз айтқандай, «бір жақсының – бір жаманы бар» («Бір жаманы – қазақтар үй салмаған, бір жақсысы – абақты тұрғызбаған»). Интернет, әлеуметтік желі – тіршілігіміз пен өміріміздің ажырамас шарты, артық айтсам кешірім сұраймын, керек десеңіз, туған баламыздай болып кетті (баламыздың не істеп жатқанынан гөрі телефонда не болып жатқанын көбірек қараймыз). Әрине, кірпік қаққанша керек ақпаратыңды алдыңа жайып салатын интернет адамзаттың мүмкіндік деңгейін барынша кеңейтті, оған дау жоқ, дегенмен пікір алуандығының жаңа түрін әкелген сияқты. Бұған ғылым мен техниканың кінәсі жоқ, әңгіме адамдардың сол техника ұсынып отырған мүмкіндікті пайдалана білу мәдениетінде жатыр. Біреулер бұл мәселені «халық мәдениетінің өсу деңгейі мен ғылыми дамудың диспропорциясы (үйлеспеуі)» деп те атайды. Мүмкін, мұның да шындығы бар шығар, бірақ сөйлеу мәдениетіне ерекше көңіл бөлетін («Өнер алды – қызыл тіл») қазақ халқы техниканың әсерінен кенеттен өсекші болып, қаңқу сөз қуып кетті деп айту да қиын.
Жансыз техниканы, оның ішінде интернетті жамандаудан аулақпын. Сол арқылы қоғамды ұйыстырып, бір бағытқа алып келуге де болады, басшы деп отырған жандардың ақымақтығы мен білімсіздігін де ашып көрсете аламыз, мемлекеттің қаржысын бақылап, саяси қарсыластарымыздың мүлт басқан қадамдарын да қалт жібермей бақылауда ұстаймыз. Алайда сонымен қатар қазақ жеріндегі әлеуметтік желінің негативті қызметі жалпыхалықтық індетке айналып бара жатқан сияқты. Соңғы бес-алты жылдың ішінде бұл жағдайға бәріміз куә болдық-ау деймін. «Біреулерді жамандаудан» басталған бұл бағыт (Менің ойымша, әлеуметтік желінің біреулердің артын қазу «қызметін» алғаш рет Тұңғышбай ағамыз бен Арыстанбек ініміздің арасындағы жанжал кезінде көрдік. Сол арқылы екіге бөліндік. Кейін, президенттік сайлаудан соң, өздерін оппозициямыз деп атайтын, бірақ билікті қолдаған жандардың «Әміржан бізді сатып кетті» деген айқайы да, одан соң Серікжан Біләш деген қоғам белсендісін әуелі мақтау, сосын, даттау науқаны да осы әлеуметтік желі арқылы жүргізілді) қазақ қоғамын, адамдарды ақымақ қылу деңгейіне дейін көз алдымызда өсіп, өркендеп, бүгінгі әлемдік індет кезінде тағы бір деңгейге («Бұл еврейлердің (масондардың т.т.) халықты азайту үшін жасаған тәсілдерінің бірі» дегеннен басталып, «Ұшақпен бірдеңе шашып жүр» деген аттанға дейін таралғанын көрдік) жетті. Енді соңғы оқиғаға көз салсақ, адамның өлімін де біреулерді айыптауға, біреулерден кек алуға пайдалануға болады екен. Әңгіме соны жазатын жандарда емес, соны оқитын халықтың көптігінде.
Жеке адамдардың арасындағы өсек, өтірік, жала, күйелерді былай қойғанда, әлеуметтік желі біздің саяси-қоғамдық көзқарастарымызды өзгертіп, басқа бағытта қалыптастыруға кірісті. Әлеуметтік желі арқылы өзінің діндесі, тілдесі, тарихи, рухани туысы Украинаның жерін басып алып жатқан Ресейдің саяси, идеологиялық тұтқынында жатып, Қытайдан басқа жау жоқ деуге көштік. Әлі есімде, «Дода» бағдарламасында (осыдан он жыл бұрын) «Сені біреу зорлап жатқанда көшенің екінші жағында келе жатқан адамнан қорқудың қажеті жоқ» дегенім бар. Әлеуметтік желінің арбауына түскендерге «Біз жерді сатпауымыз керек» десем, «Неге Қытайға сатпау керек демейсің?» деп өре түрегеледі, «Қазақ қыздары өзге ұлттарға шықпау керек» десек, «Қазақ қыздары қытайға шықпауы керек» дейді. «Қазіргі билік кешегі биліктің заңды және табиғи жалғасы» десем, әлеуметтік желі арқылы үйретілгендер «Жоқ, «Ақорда» деген бар, «Кітапхана» деген бар, бұлар бір-біріне қарсы екі топ, мыналар халыққа жақсы нәрсе жасағысы келсе, екіншілері мүмкіндік бермейді, ал Тоқаев – жиһаз» деп өзеурейді. Бұл жерде менікі дұрыс дегеннен аулақпын, әңгіме екінші жақтың ешқандай дәлелсіз, дерексіз, пікірталасқа түспей, ми қыртысында қалыптасқан пікірді тотықұсша қайталауында жатыр.
Шетелдерде әлеуметтік желінің қызметі жан-жақты зерттелуде. Көптеген ғылыми-сараптамалық еңбектер, зерттеулер жазылып, дерексіз қаңқу пікірлерге көңіл аудармау туралы ұстаным алға шықса, біздің басшылар өздерінің қарамағындағы қызметкерлерге «әлеуметтік желіні көзден таса қылмай бақылап отырыңдар» деген бұйрық беретінге ұқсайды. Демек, жұмыс істеудің орнына ақталу мен өсек-өтірікке жауап беруге көшкен сияқтымыз. Оны көрген өсекшілердің одан ары өршелене түсетіні анық. Ақыр аяғында билік тарапы «өздерінің қызметтерін жақсы тұрғыдан көрсетуге арналған» тендерлер жариялап, өздерін қолдаған топтарға (сайт, портал т.т.) ақша бере бастады. Мұндай ақымақтықты – халықтың ақшасын халықтың өсегінен қорғауға жұмсауды – ешқандай елден естімеппін. Біз бүгін осыған келдік.
Әлеуметтік желінің басты ерекшеліктері мыналар сияқты: біріншіден, әлеуметтік желімен сөз таластыра алмайсың – ол жердегі адам сенің бетіңе кислота құйып, көрінбей қашып кететін қаныпезердің дәл өзі. Үш ауыз сөзбен ешқандай дәлелсіз, «анау – жаман, мынау – оңбаған» деу барлығының қолынан келеді, ал оның оңбаған екенін дәлелдеу, нақты деректер келтіріп, керек десеңіз, сотта жеңіп шығу олардың жұмысы емес. Былғанған адам өзінің киімін өзі жуып алуы керек.
Екіншіден, адамдар нақты деректермен, дәлелмен берілген ақпаратқа емес, өздерінің сенгісі келген мәселесіне ғана сенеді. Ал егер Абай айтқандай, «Ақымақ – көп, ақылды – аз» немесе «Көпте ақыл жоқ» екенін қаперге алсақ, «өздерінің сенгісі келетін» адамдар қоғамның 80-90 пайызы болары анық. Үшіншіден, жауапкершілік жоқ. Соңғы уақытта бірнеше сотқа жеткен мәселе болды, бірақ неге екені белгісіз, өздерін жаладан қорғаушылар қарсы жаққа не бір тиын айып салды немесе кешірім жасаумен шектелді (бұл педофилді бостандыққа жіберуімен бірдей). Әрине, мен де түсінемін, өзін жаладан қорғаушылар «ақша алу үшін соттасып жатыр» деген сөзден құтылу үшін бір тиын талап етеді, бірақ жала жабушылар үшін бұл басынан сипағанмен бірдей ғой, ертең ол тағы біреуге шабуыл жасайтыны анық.
Әлеуметтік желінің қоғамдық өмірдегі басты қаупі – қорқыныш туғызу деп білемін. Қазір көптеген адам өзінің ойын, пікірін ашық жаза алмайтын деңгейге жетті. Биліктің қолынан келмеген мәселені әлеуметтік желі шешіп берді. Көптің сөзіне құлақ қоя бермейтін, дүрмек арқылы қалыптасқан пікірлерге әрқашан сын көзбен қарайтын жандар өздерінің ойларын жарыққа шығарудан қашқақтай бастаған сияқты. Бұл түсінікті де. «Көптің» дұрыс деген мәселесіне қарсы пікір білдірсең, сені «жеп қояды». Жабыла сабайды. Мен сияқты «ит үреді, керуен өзінің жолымен жүре береді» деген ұстаным жолда қалды.
Біз өсек ордасына айналып бара жатқан сияқтымыз. Әлеуметтік желі барлығын – ақымақ пен ақылдыны да теңестірді. Бұрын мұрындарын пыш-пыш тартып, көздерінің астымен алая қарап, сындарлы ой айтқан адамдарға қызғана қарайтын, сол пікірлерін тыңдайтын, оқитын адамдарды өздерінің жауларындай көретін жандардың құдайы берді. Олар да айта алады. Әңгіме – сындарлы сөз айтуда емес, сенің сөзіңнің көпшіліктің құлағына жетуінде.