Әлеуметтік желі әл бермей тұр
Кеше ғана ресейлік Пермь мемлекеттік университетінің 18 жастағы студенті Тимур Бекмансұров өзі оқитын оқу ордасына оқ боратып, сегіз адам қайтыс болды.
28 адам жараланған. Күдікті өзінің қылмысын ұзақ уақыт бойы жоспарлағанға ұқсайды. Үнемі әлеуметтік желіге ойындағысын ашық жазған. «Мен бұл туралы ұзақ ойлап жүрдім, жылдар өтті, мен армандаған нәрсені іске асыруға бір сағат қалғанын түсіндім», – деп оқиға орын алардан бұрын әлеуметтік желідегі парақшасына жазба қалдырған. Алдымен, ол бұрынғы мектебіне шабуыл жасағысы келген, бірақ наурыз айының соңында шешімін өзгерткен. Желідегі парақшасына: «Бұл мектеп өмірімнің соңғы 10 минутын өткізуге тым жағымсыз жер», –деп жазған. Демек, ол не істейтінін алдын ала жоспарлап, оның немен аяқталатынына дейін жете түсінген.
Осыған ұқсас оқиға осыған дейін де орын алған еді. Қазан қаласында мектепте атыс шығарған Ильназ Галявиевтің оғынан жеті оқушы мен екі ұстаз көз жұмған болатын. Кейін тергеушілер қаскөй оқты ғаламтордағы «Counter Strike» ойынынан тапқан ақшасына сатып алуы мүмкін екенін, өйткені 19 жастағы жігіт мектепте қырғын салмас бұрын күнде екі сағат компьютер ойынында уақытын өткізгенін, ойындағы әртүрлі заттарды сату арқылы 50 мың рубль табыс тауып, оны Hatsan ESCORT мылтығы мен 500 патрон сатып алуға жұмсағанын айтқан болатын. Және ғаламтор ойындарына әуестігі көп Ильназ Галявиевтің осы қадамға баруына атыс шабысқа толы ғаламтор ойындарының да әсері болғанын ресейлік басылымдар жарыса жазды. Көрші елдегі жағдайдан соң, біз де абыр сабыр болып, етек жеңімізді қымтап, еліміздің бас мұғалімі Аймағамбетов оқу орындарында қабылданған қауіпсіздік шаралары туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысы да білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді. Бұл мәселе үкімет отырысында да қаралып, әкімдіктерге міндет жүктеді. Осы орайда айта кетер жайт, екі оқиғада да қаскөйлердің атысқа толы ғаламтор ойындарына үйір болғаны жиі айтылуда. Яғни ғаламтор жастардың сана сезіміне айтарлықтай әсер етуде.
Шыны керек, қазіргі таңда баламызды әлеуметтік желілер мен ғаламтордағы түрлі қосымшалар тәрбиелеп жатқаны рас. Пандемиялық жағдайға орай онлайн тіршілік өмірімізге дендеп енгелі балаларды телефоннан ажырата алмайтын болдық. Ал ғаламтор баламыздың санасына, тіліне, діліне қалай әсер етіп жатыр? Ғаламтор негізінен, орыс тілді ақпараттарға толы болғандықтан, тілі орыс тілінде шығып жатқан ұрпақ көп. Үйінде қарым-қатынас қазақ тілінде болғанымен ойын орыс тілінде жеткізетін 3-4 жасар балдырғандар көбеюде. Басында баласының тілі орыс тілінде шыққанына таңданып, оны қызық көргенімен, уақыт өте келе балаларын логопедке сүйреп, қазақ тілді тақпақ жаттатып әуреге түсіп жүргендер де жетерлік. Youtube әлеуметтік желісінен таңертеңнен кешке дейін тек орыс тіліндегі мультфильмдерді көрген ұрпақтың тілі де еріксіз орыс тілінде шығуда. «Балапан» арнасының өнімдері мен бірді-екілі мультфильмдер болмаса, балаларға арналған қазақша контент жоқтың қасы. Сондай ата-аналардың бірі Гүлдана Аманжолқызы: «Ғаламтордағы мультфильм қызымның тілін ғана орыс тілді қылып қоймай, мінезін де өзгертті. Қыңыр, өзімшіл Машаның қасиеттерін бойына сіңіріп, «Маша и медведь» мультфильміндегідей дастархан басына келіп: «Кашу, кашу», – деп айқайлағанына қарап, ұлымның «Влад и Никитаның» хикаяларына сай қатыгезденіп бара жатқанын көргенде, не істерімді білмей кеттім. Әлеуметтік желі арқылы сұрау салып көрсем, туа сала телефонды тани кететін талай кішкентайлардың тілі орыс тілінде шығып келе жатқанын естідім. Ғаламтордағы өнімдерді бақылап, осы бастан өзіміз алдын алмасақ, ғаламтордың бізді тәрбиелейтінінің бір айғағы бұл! Ал Youtube әлеуметтік желісіндегі балаларға арналған контентті көбейтіп, баланы тәрбиелеуде ұлттық ұстанымдарымызды, қазақ ертегілерінің басты кейіпкерлерін санасына сіңіріп, әлеуметтік желінің балаларға тиімді әсер етуін ойласақ, қазірден ғаламторды қолға алуымыз керек», – дейді.
Сондай-ақ қазіргі таңда компьютер ноутбукты айтпағанда теледидар мен ұялы телефонға еркін қосыла беретін ғаламтор арқылы, балаңыз зиянды әдеттерге оңай шырмалып, тіпті ажалға шақыратындардың арбауына да түсіп қалуы бек мүмкін. Мысалы, жыл басынан бері елімізде жасөспірімдерді суицидке итермелеген 14 топ анықталған екен. Олардағы барлық нәрсе кураторлар деп аталатын зиянсыз тапсырмалардан басталып, өз-өзіне қол жұмсауды талап етумен аяқталады. Өлім ойынын ойнаған Түркістан облысындағы бір оқушы алғашында оны қарапайым ойын деп ойлаған. Олар әртүрлі тапсырмалар жіберіп, сурет салғызып, ең соңында тамырды кесуді бұйырған. Бас тартқан кезде қоқан-лоққы жасап, тығырыққа тірелген оқушы соңында қорқыныштан барып тамырын кесуге мәжбүр болған. Сыныптастарынан алшақтап, қатты қобалжып, жиі ашуланып, мінез-құлқы өзгере бастаған жасөспірімнің өзгерісін көргенімен, өлім ойынын ойнап жүргенін айналасындағылардың ешқайсысы түсінбеген. Бүгінде жасөспірімдердің гаджеттермен көп уақыт өткізетінін ескерсек, мәселе өткір болып тұр. «Үлкен жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі», – дейді психотерапевтер. Өз істерінен «қолы босамайтын» ата-аналар баласының қиын жағдайға тап болғанын сезбейді де екен. Сондықтан мамандар: «Оң мен солын танымаған жасөспірімдерді өлімге итермелейтін қоғамға қауіпті ондай адамдар кез келген уақытта пайда болуы мүмкін. Ата-аналары тарапынан балаларға үнемі қадағалау, жақын тартып, сыр жасырмай әңгімелесіп отыру қажет. Кез келген көріністерге, кез келген қоңырауларға назар аудару керек. Елемеуге, күлуге, бағаламауға, морализацияға немесе айыптауға болмайды. Баламен сөйлесу керек, өзін қанша уақыттан бері осылай сезінетінін, немен байланысты екенін сұрау керек. Кураторлар арамшөптер сияқты, құқық қорғау орындары қадағалап отырғанымен үнемі жаңалары пайда болып отырады», – дейді.
Соның айғағы «Тихий дом», «Синий киттен» соң пайда болған балаларды суицидке иермелейтін «Қырға дейін 50 қадам» жаңа ойыны атауы өзгергенмен, мақсаты бір. Әуелі балаларды өзіне қарай баурап алып, кейін түрлі тапсырмалар беріп, соңында өзіне қол жұмсауға мәжбүрлейтін топтарға айналасынан жылу іздеген, ата-анасының назарынан тыс қалған балалар үйір болатынын ескерсек, ата-аналардың балаларына уақыт бөліп отыруы маңызды екенін байқаймыз. Ұл балаларға арналған ойынның атыс-шабысқа толы екенін ескерсек, көп ұзамай өзімізде де ғаламтор ойындарына еліктеп мылтық кезенген ұрпақ көбею қаупі сезіледі...
Айтпақшы, жақында Өзбекстан президенті Мирзияев әлеуметтік желіге әуес, бетімен кетіп бара жатқан жасөспірімдерге шүйлікті. Өзбекстанның Ақпарат және телекоммуникация саласын бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы WeChat мессенджерінің жұмысын шектеді. Бұның алдында инспекция Twitter, TikTok және ВКонтакте желілерінің жұмысына шектеу енгізген болатын. Шектеулер анықталған кемшіліктер дұрысталған соң алынатыны туралы хабарланды. Яғни әлеуметтік желілер толық қадағалауда деуге болады.
Қазіргі таңда балаларды тез баурап алып, жасөспірімдердің мықты ермегіне айналған әлеуметтік желінің бірі TikTok. Оның қолданушылары бүкіл әлемде 800 миллионнан асып жығылады екен. TikTok-қа еліткен жастар би билеп, ән айтып, түрлі қозғалыстарды жасап видео түсіруден бөлек, шағын рөлдерді де ойнайды. 2016 жылы құрылған әлеуметтік желідегі әуестік бізге енді ғана жетіп жатыр. Желінің негізгі қолданушылары – жастар, жасөспірімдер мен балалар. Қазақстанда TikTok былтырдан бастап ерекше кең тарай бастады. Ал жақында ұлт зиялыларын мазақ етіп, Абай, Ыбырай, Әлихан аталарымызды билетіп, бет-аузын қисаңдатып қойған әрекеттеріне қарап, аталмыш желіні де бақылауға алмасақ болмайтынын аңғарамыз. Сондай-ақ ВК әлеуметтік желісінің де талай жастарды жат ағымдардың шырмауына тартқаны есте. Тіпті ВК әлеуметтік желісіндегі топтарды үнемі бақылап жүрген орта жастағы азаматтарымыздың өзі көп ұзамай Сирия асып кеткен. Баламыздың тілінің шығуынан бастап, ықпалын жүргізіп, тіпті санасының өзгеруіне әсер етіп жатқан әлеуметтік желіні талай ел қадағалауға алған. Мәысалы, Үндістан 59 қытайлық қосымшадан бас тартты. Оның ішінде Tik-Tok та бар. Ал Иран жаппай әлеуметтік желіге тыйым салу туралы бастама көтерді. Ал біз ше? Елдің соңынан қозғалып опық жеп қалмаймыз ба?!.