Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:01, 17 Тамыз 2023

Әлеуметтік желі – қылмыстың көбеюіне әкелді

None
None

Ғаламтор әлеуметтік желілер мен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандық құрылымның өзгеруіне ғана емес, қылмыстың көбеюіне де әкелді.

 Бүгінде әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасудың ғана емес, сауда-саттықтың үлкен алаңына айналды. Сондай-ақ интернет алаяқтықтың көбі трансшекаралық сипатқа да ие екені белгілі. Яғни онда бір қылмыстық істе алаяқ басқа өңірде, не басқа мемлекетте жүріп, жәбірленушіні торына түсіруі мүмкін. Мәселен, интернет алаяқтар бір өнімді жарнамалап, сауда жасап, не болмаса банк қызметкері ретінде өзін таныстырып, біреудің атынан онлайн несие рәсімдеуі арқылы қылмыс жасап жатады. Ал қылмыстың бұл түрінің алдын алу мақсатында қазір еліміздің барлық өңірлерінде арнайы киберполиция қызметтері жұмыс атқаруда.

Ал алаяқтар жәбір шегушіні қалай құрығына түсіреді деген сұраққа инспектор Мейіржан Байзақ: «Алаяқтар көбіне біреудің атынан несие алуға жақсы машықтанған. Ол үшін алаяқ бірінші қауіпсіздік қызметінің жұмыскері атынан телефон соғып, интернет-банкингі бұзылып, сол тұлғаның атынан несие мақұлданғанын айтып, қорқытады. Артынша ол адамға көмектесу мақсатында үшінші тұлға ақшаны ұрлап алмауы үшін клиентті өз атына несие рәсімдеуіне көндіреді. Алдап, құпия кодын біліп алады да, несиеге берілген қолма-қол ақшаны банкоматтан алуды талап етеді. Сол ақшаны несиені жабамыз деп, өз шотына аудартады.

Егерде телефон алаяқтары сізге құпиясөзді өзгерту үшін смс хабарламасына келген кодты айтуды, несие рәсімдеуді, несиенің ақшасын алып, өз шотына аударуға, жеке деректерді көрсетіп, әрекет жасауға, сақтандыру агентінен сақтандыру ұяшығына ақша аударуға қатысты телефон қосымшаларын орнатуға, қайта телефон соғып, басқа бөлімге қосу секілді әрекеттер орын алса, бірден телефонды қоя салу керек.

Сондай-ақ банк алаяқтар банк қызметкерлері жеке кабинет бұзылды, онда транзакция жүріп жатыр деп қорқытуы мүмкін. Не болмаса қомақты ақшаға оңай жұмыс ұсынады. Мемлекеттік қызметшілер атынан қарыз барын немесе қылмыстық іс қозғалғаны туралы сұрайды. Сонымен бірге онлайн дүкен арқылы ақша мен жеке деректерді сұрауы да мүмкін. Ал қаржы пирамидалары брокер ретінде аз ақша салып, көп табыс табуға уәде беріп, қаржы пирамидаларының былығына кіргізіп жібереді. Сондықтан алаяқтардың осындай жаңа жүйелерінен сақ болу керек» дейді.

Осы уақытқа дейін елімізде қаржы пирамидаларына қатысты алаяқтар белең алған болатын. Сол алаяқтардың құрығына көбінесе зейнеткерлер мен студенттер ілігеді екен. Соның ішінде көбіне студенттер көп қаржы табамын деп қаржы пирамидасына кіріп, ата-анасынан оқу ақысын сұратып, не болмаса ноутбуктарын сатып, алаяқтардың құрбанына түскендерін көзіміз де көрді. Сондықтан да мамандар ата-аналардың алыста жүрген балаларының қадамын үнемі бақылап отырған абзал дейді. Одан бөлек, AnyDesk, Teamviewer қосымшаларын бөгде адамдардың нұсқауы бойынша компьютер мен ұялы телефондарға орнатпауға шақырады. Себебі бұл құрылғылар арқылы алаяқтар сіздің телефоныңызды алыстан бақылап, басқара алады.  Ал бұл бағдарламалар ұялы телефонға өзге нөмірлерден, не болмаса танысыңыз таратқан уатцап желісі арқылы «Сіз ұтысқа қомақты ақша ұтып алдыңыз, не болмаса белгілі өндіріс компаниялардың атынан байқауға тіркеліп, ұтыс ұтып алдыңыз. Ол үшін сілтемеге өтіңіз» деген секілді хабарламалар болуы мүмкін. Сондықтан да қандай хабарламалар болсын, тек күмәнмен қараған жөн.

Тегтер: