Әлеуметтік желіден қорыққан Тараз қалалық білім бөлімі әділдіктен аттап кетті

Қазақстан Республикасы Жоғары сотының төрағасы Жақып Асановтың назарына!
Қазір әкімдер әлеуметтік желіден өлердей қорқатын болды. Әйтеуір, әкімдердің жүйкесіне ши жүгіртуде әлеуметтік желінің әл-қуаты сұмдық болып тұр. Жұмыс барысында әлденеге көңілі толмаған қол астындағы қызметкерлері шу шығарып, жұрттың назарын аударып жатса, мәселенің ақ-қарасын тексермей жатып, дауды тезірек басу үшін соны жақтап, асығыс-үсігіс шешім шығара салуды дағдыға айналдырып алды. Әлеуметтік желілерде жұрттың көзі біреуді қаралаған, әшкерелеген, жамандаған жазбаларға алдымен түседі. Соған пікір білдіреді, жанашырлық танытады, қолдау көрсетеді. Мұндай жазбалар, шынында да, оқырман мен жылы пікірді лезде жинайды. Міне, басшылар осы қолдаудың қарқынынан қорқып, екінші жақтың пікірін елең қылмай, тез шешім қабылдап жіберетіні бар. Нәтижесінде әділдік орнаған сияқты болып көрінеді. Бірақ бұл дау әлеуметтік желілердегі пікір білдірушілердің екпінімен мүлдем басқа бағыт алып, көпшілік мәселенің мән-жайын тереңірек білмей қалады.
Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Тараз қаласындағы білім ошақтарының бірінен шу шықты. Нақтырақ айтсақ, облыс орталығындағы №43 орта мектептің мұғалімдері өз басшыларының үстінен арыз айтып, әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы дабыл қақты. Олардың айтуларына қарағанда, мектеп директоры Эльмира Өмірбекова мұғалімдерден ақша жинаған көрінеді. Осы мектепте жұмыс істеп кеткен мұғалім Күнсұлу Бөрімбекова бастаған үш-төрт ұстаз бен ата-аналар осылай деп дау шығарды.
Сонымен, мектеп мұғалімдері директорға қандай айып тақты? Олардың айтуларына қарағанда, мектеп директоры Эльмира Өмірбекова жыл бойы ақша жинайды. Өзінің билігін пайдаланып, дөрекілік көрсетеді. «Қайда арыздансаңдар сонда арызданыңдар, бәрібір қолдарыңнан ештеңе келмейді» деп ашық айтатын көрінеді. «Мектеп директоры ашық сабақтарға қатысады. Оның «ставкасы» – 5 мың теңге. Осы соманы бермесең, сенің ашық сабағың өтті деп есептелмейді. Мен бірде «Осы ақшалар қайда кетіп жатыр?» деп сұрап едім, менің үстімнен акт толтырып, заң баптары бойынша мені жұмыстан босатамын деп қорқытты. Кейіннен мектеп директоры маған жұмыстан себепсіз қалдың деп тиісті», – дейді республикалық телеарналардың тілшілеріне сұхбат берген Күнсұлу Бөрімбекова.
Осы тұста Күнсұлу Бөрімбекованың өзі де бұған дейін жұмысынан босатылып кеткенін айта кету керек шығар. Яғни осы дау шыққан кезде ол бұл мектепте жұмыс істемейді. Оның үстінен де ата-аналар арыз айтып, біраз айыптар тағылған көрінеді. Міне, осындай жағдайдан кейін мектеп директоры оны жұмысынан босатқан екен.
Енді Бөрімбекова көтерген дауға байланысты мектеп директоры да өз ойын айтқан. Яғни Э.Өмірбекова бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарады. «Мен бұл жөнінде сотқа шағымданамын деп шештім. Істің ақ-қарасын сот шешсін. Заң алдында барлығы бірдей», – дейді ол.
Шынында, бұл әбден зерттеп, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін жіті тексеретін мәселе еді. Әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдары арқылы ел-жұртты шулатты екен деп, әдеттегідей асығыс шешім қабылдап, арыз айтушылардың ықпалында кететін мәселе емес болатын. Негізі, кез келген дау қандай жағдай болса да, алдымен тексеріліп, жан-жақты зерттелуі керек емес пе? Адам өлтіріп қойсаң да, не үшін өлтірді, қалай өлтірді, оқиға қалай өрбіді деген сұрақтарды айналып өту мүмкін емес қой. Міне, бұл істе де осындай ыждағаттылық керек еді.
Бірақ бұл кезде Тараз қаласының әкімдігі біраз басшыны қызметінен тайдырған мектеп дәретханасы дауынан енді ғана ес жиып, тағы қай жақтан жел тұрар екен деп алаңдап отырған болатын. №43 мектептегі осынау дау бұрқ ете қалғанда қала басшылары тағы да жұрттың назарын аударып, қып-қызыл айтыс-тартыстың ортасында қаламыз деп қорыққан сияқты. Өйткені осы мәселеге қатысты бұдан кейінгі жағдай тез өрбіді. Алдымен К.Бөрімбекованың шағымына байланысты комиссия құрылды. 2020 жылдың 28 ақпанында едел-жедел құрылған бұл топ білім, еңбек, қаржы, бюджет заңдары мен педагог статусы, жалпы тәртіпке байланысты бірқатар кемшіліктердің болғанын анықтайды. Тіпті Жамбыл облыстық мемлекеттік еңбек инспекторы жоспардан тыс тексеру жүргізіп, олар да бірқатар кемшіліктерді анықтаған көрінеді. Біздің қолымыздағы сот шешімдерінде осылай жазылған. Артынша, яғни 2020 жылдың 2 наурызы күні мектеп директоры жұмысынан босайды. Айтпақшы, директорды қызметінен босатардың алдында Тараз қалалық білім бөлімі Э.Өмірбекованы шақырып алып, Бөрімбекованы қайтадан жұмысқа алуға мәжбүрлеген. «Қайтадан жұмысқа алсаң, дау осымен басылады» деген сыңай танытқан. Сөйтіп, Бөрімбекова жұмысына қайтадан тұрғанымен, екі сағаттан кейін Өмірбекова жұмысынан босайды.
Әрине, Тараз қаласының білім бөлімі бұл мәселеде мектеп директорын жұмыстан босату арқылы дауды бастық, әділетті шешім қабылдадық деп арқаны кеңге салғаны анық. Бірақ, олар ойлағандай, бұл дау бір шешіммен пышақкесті сап тыйыла салған жоқ. Қайта тіптен өршіді. Енді бұл дау сот залдарында жалғасын тапты.
Осы дауға дейін, яғни 2019 жылдың қазан айында Эльмира Өмірбекова білім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін «Жылдың үздік директоры» төсбелгісімен марапатталған болатын. Енді Өмірбекова әп-сәтте қалайша «ең нашар директор» болып шыға келді? Және ол бұған дейін Тараз қаласындағы №25 мектепті абыроймен басқарып, білім бөлімі 2017 жылдың 24 тамызында оны №43 мектептің директоры етіп ауыстырған еді. Былайша айтқанда, басшы ретінде де тәжірибесі мол. Жаңадан директор болып отырған жоқ.
Жалпы, мектеп директорының нақты кінәсі не? Шынында, кінәлі болса, бұл істе неге заңсыздықтар көп орын алды? Әлеуметтік желіні шулатты екен деп, ақ-қарасын айырмай, басшыларға әлімжеттік жасай беруге бола ма? Істің ақ-қарасын асықпай зерттеуі тиіс Тараз қалалық білім бөлімі мектеп директорын қалайда жұмыстан босатуға құлшынып кіріскені соншалық – заңсыздықтарға оңды-солды жол беріп, адам тағдырын аяқасты еткені көрініп тұр. Әлде олар да жоғары жақтың тапсырмасын орындаймыз деп, естері шығып, не істеп, не қойғандарын өздері де білмей қалды ма екен?
Енді бәрін рет-ретімен айтып көрейік. Ең алдымен мектеп директоры Э.Өмірбекованы жұмыстан босату туралы бұйрықтың өзі заңсыздыққа толы. Қандай жағдай болса да, заңның мерейі үстем болып, заң талаптары қатаң сақталуы тиіс емес пе? Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы У.Байдуанов 2020 жылдың 2 наурызында шығарған №15 бұйрығында №43 мектеп директоры Эльмира Өмірбекованы Еңбек кодексінің 49-бабы 3-тармақшасына сәйкес, қызметтік міндеттерін орындауда кемшіліктерге жол бергені үшін атқарып отырған лауазымынан босатылғанын көрсеткен. Бұл бұйрыққа Тараз қаласы әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы тобының жүргізген тексеруінің қорытындысы негіз болыпты. Бірақ Байдуановтың бұл бұйрығы кейіннен мың құбылады. Өйткені сотқа келген білім бөлімінің өкілі енді заңның басқа баптарын алға тартып, мектеп директорымен келісімшартты бұзуға Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасы негіз болғанын айтады.
Ал Еңбек кодексінің 52-бабында не жазылған? «Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері» деп аталатын бұл баптың 14-тармақшасында «тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар (аморальные проступок) жасаған» деп жазылған. Мәссаған, Өмірбекова моральға қайшы келетін қандай қылықтар көрсетті?
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» жинағында Еңбек кодексінің осы бабын былай деп түсіндірген. «Егер Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасында көзделген негіз бойынша олар жасаған моральға қайшы қылық осы жұмысты жалғастыруымен сыйыспайтын болса, еңбек шартын тәрбиелеу функцияларын тікелей атқаратын адамдарға (мектеп мұғалімдері, оқу орындарының оқытушылары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тәрбиешілері, өндірістік оқыту шеберлері және басқалар) қатысты ғана бұзуға жол беріледі. Оқу-тәрбие ұйымдарының тәрбиелеу функцияларын тікелей атқармайтын өзге жұмыскерлері бұл негіз бойынша жұмыстан шығарылуы мүмкін емес».
Міне, мектеп директорын заңның бұл бабымен жұмыстан босату мүмкін емес екенін жоғарыдағы жолдар айғақтап тұр. Өйткені мектеп директорының тікелей міндетіне тәрбиелеу функциялары кірмейді. Жоғарыдағы заң бабында «тәрбиелеу функцияларын тікелей атқармайтын өзге жұмыскерлері бұл негіз бойынша жұмыстан шығарылуы мүмкін емес» деп, тайға таңба басқандай етіп жазылған емес пе?
Ал Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы М.Жинақбаева бекіткен №43 орта мектебінің директоры Эльмира Өмірбекованың лауазымдық міндеттемесінде білім беру ұйымының қызметін оның жарғысына және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес басқаратыны көрсетілген. Мектеп директоры балаларды жалпыға міндетті оқыту мен қамтамасыз ету заңына сәйкес, жалпыға міндетті оқытумен қамтамасыз етеді. Қалай айтсақ та, Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасы мектеп директорын жұмыстан босатуға негіз бола алмайды. Осыдан-ақ мектеп директорын жұмыстан босатуда заңсыздықтың орын алғанын, оны жұмыстан босату туралы бұйрықтағы заңның баптары дұрыс қойылмағанын анық аңғарамыз.
Жалпы алғанда, «Моральға қайшы қылықтар жасағаны үшін...» дегенді қалай түсінуге болады? Мектеп директоры жұмыс барысында арақ ішті ме, жоқ әлде біреуді боқтады ма, немесе оқушылардың көзінше жалаңаш жүрді ме? Міне, осы әрекеттердің бірі моральға қайшы қылықтарға жатпай ма? Ал Өмірбекова осының қайсысын істеді?
Әрине, Тараз қалалық білім бөлімі Өмірбекованы жұмыстан босатуда мектеп директорының теріс іс-әрекеттеріне байланысты түскен шағымды зерделеу бойынша құрылған комиссияның анықтамасына сүйенгені анық. Комиссия анықтамасында еңбек заңдылығының сақталуына, қаржылық заңбұзушылықтарға байланысты бірқатар кемшіліктер көрсетілген. Бірақ комиссия қандай кемшілікті анықтаса да, мектеп директорын жұмыстан босату туралы ұсыныс жасауға құқы жоқ еді. Өйткені қаржылық заңбұзушылықтарды арнайы аудит қызметі тексеруі керек. Солар арнайы қорытынды беруі қажет. Анықталған кемшіліктер бойынша да сот шешімі болуы тиіс еді. Осылардың анықтамасына сүйене отырып, мектеп директоры жұмысынан босатылуы қажет еді. Ал бұл комиссия осы функцияның барлығын өз мойнына алып, мектеп директорының тағдырын бір сәтте шешіп тастай салды. Былайша айтқанда, Тараз қалалық білім бөлімі осынау комиссияның өте асығыс әрі ештеңенің байыбына бармастан жасаған анықтамасына сүйеніп, әділетсіз шешім қабылдады.
Айтпақшы, Өмірбекованы жұмыстан босатуға негіз болған бұл комиссия қандай кемшіліктерді анықтады және анықтағаны қаншалықты заңға сыйымды? Өйткені білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова №43 мектепте жүргізілген тексеру жұмыстарының негізсіз екенін айтып, арнайы хат жолдаған. Ол хатта тексеру жұмыстары білім және ғылым министрінің 31.12.2015 жылғы №719 және экономика министрінің 31.12.2015 жылғы №843 бұйрықтарының талаптарына сай емес екені жазылған. Бұдан бөлек, мектепте ақша жинау мәселесімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің аға тергеушісі айналысып, бастан-аяқ тексеріп, 22.05.2020 жылы қылмыстық заңбұзушылықтың дәлелденбеуіне байланысты қылмыстық істі жапқан. Енді қалай ойлайсыз, мектеп директоры Э.Өмірбекованы жұмыстан босатуға қандай негіз бар? Комиссияның берген қорытындысы заңсыз болып шықты. Оны білім және ғылым министрі орынбасарының хаты да дәлелдеп тұр. «Ақша жинады, қаржылық заңбұзушылықтар орын алды» деген айыптаулар да дәлелденген жоқ. Сонымен, қылмыстық іс жабылды.
Осы тұста кәсіподақтың да мектеп директорына адам құрлы араша түсе алмағанын айта кету керек. Соңғы жылдары кәсіподақтың рөлін, беделін көтеру туралы елбасы да, президент те үнемі айтып келеді. Бір қарағанда білім саласында кәсіподақ ұйымы үлкен күшке ие сияқты. Бірақ шын мәнінде кәсіподақ жоғарыдағы басшылардың айтқанынан шыға алмайтын, соның ықпалындағы ұйым екені осы істе анық аңғарылады. Заң бойынша Эльмира Өмірбекованы жұмыстан босатпас бұрын, бұл мәселе мектептегі кәсіподақ ұйымында талқылануы тиіс еді.
Ал Тараз қалалық білім бөлімі ауыс-түйіс мәселесін кәсіподақпен ақылдасуды мүлдем естен шығарған. Тіпті еңбеккерлердің құқын қорғайтын кәсіподақ ұйымын қауқарлы мекеме ретінде елеп отырған да жоқ. Яғни мектеп директоры Э.Өмірбековамен келісімшартты бұзу кәсіподақ ұйымымен келісілмеген. Тек арада үш ай өткенде ғана, нақтырақ айтсақ 2020 жылдың 15 маусымында, білім бөлімі Тараз қалалық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағына осы мәселемен қайырылған. Енді қараңыз, «Кәсіптік одақтар туралы» заңының 1-бабы 3-тармақшасында «бастауыш кәсіподақ ұйымы – кәсіподақтың тікелей ұйымдағы және осы ұйым қызметкерлері болып табылатын кәсіподақ мүшелерінен тұратын құрылымдық бөлімшесі» деп жазылған. Міне, №43 мектепте құрылған кәсіподақ ұйымы осы бастауыш кәсіподақ ұйымы болып саналады. Оның төрағалығын Г.Еременко атқарған. Енді Тараз қалалық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағы бекіткен ұжымдық шарттың 19-бабының 1-тармағында «жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек келісімшартын бұзу туралы бұйрық шықса, оған бастауыш кәсіподақ ұйымының келісімі керек» деген жолдар бар.
Міне, шындап келгенде Тараз қалалық білім бөлімі әділетті жақтаушы болса, бұл дауды шешуде алдымен құзырлы органдардың тексеруін күтіп, солардың шешіміне сүйенуі тиіс еді. Қысқасы, Эльмира Өмірбекова әлеуметтік желінің, заңсыз шешімдердің құрбаны болып отыр.
Ендігі үміт – тек Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов мырзада. Сот саласында үлкен реформаларды қолға алып, қашанда әділдіктің жақтаушысы бола білген Жақып Қажыманұлы осы дауға мән беріп, істің ақ-қарасын айырады деген үміттеміз.