Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 14 Мамыр 2024

Әлеуметтік әділеттілікті қалай қалыптастырамыз?

2
Фото: из открытых источников

Халықты әлеуметтік қорғау – әлеуметтік теңдік пен экономикалық балансты белгілі бір деңгейде реттеуге арналған құрал.

Мемлекеттің халықты әлеуметтік қамтамасыз етуі азаматтарды, әлеуметтік топтарды әртүрлі жағдайларға сәйкес әлеуметтік төлемақылармен қамтамасыз ету деген сөз. Біздің елімізде де әлемнің көптеген елдері секілді зейнетақымен, жәрдемақылармен, атаулы әлеуметтік көмекпен, өтемақылармен, жеңілдіктермен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік қызметтер көрсету жағы реттеліп, қарастырылған. Мемлекет белгілеген жүйемен халықтың тиісті топтары қажетті көмектерін алып отыр. Алайда мұны мінсіз істеліп жатқан жұмыс дей алмаймыз. Әсіресе құжат жинаудағы жүйесіздіктер мен қаржылай көлемнің аздығы немесе жеткіліксіздігі туралы жиі айтылып жатады. 

Осы мәселелерді шешу үшін әлеуметтік қорғауды, әлеуметтік қызметтер мен мемлекеттік әлеуметтік көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерді, басқа да әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдерді тағайындау және көрсету процестерін орындау барысындағы талаптарға бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Аталған өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Ендігіде әлеуметтік қолдау шаралары, белгіленген кепілдіктер мен төлемдер электронды түрде жүзеге асырылуы тиіс. Демек, әлеуметтік көмек алғысы келген азамат электрондық қолтаңбамен қол қойылған өтiнiштi электронды түрде бере алады. Бұл әрі-бері жүгіріс пен «офлайн кезек күтуді» азайтып, уақыт үнемдеуге септігін тигізеді, процесс біршама жеңілдейді. Осы сынды әлеуметтік төлем мөлшерін мерзімді түрде арттыру мәселесі де там-тұмдап болсын шешімін тауып келеді. Бұл туралы әлеуметтанушы Әнел Әлібекова былай дейді:

«Халықты әлеуметтік қорғау мемлекет жүзеге асыратын ең маңызды шаралардың бірі десек артық емес. Себебі тұтас бір республика халқының әлеуметтік деңгейі шамалас болуы мүмкін емес. Әзірге кедейлікті толық жою жағы да ақсап тұрған мәселе. Сондықтан мемлекет өз халқын әлеуметтік қорғау шараларын қабылдап, іске асырып отырады. Әрі ондағы тұрақтылықты сақтауға талпынады. Өйткені әлеуметтік әділеттілік қоғам үшін аса маңызды. Әрбір азамат өмір сүрудің базалық деңгейіне қол жеткізе алуы қажет. Сонда ғана азаматтар өзін қорғалған, қауіпсіз сезінеді. Болашаққа жоспар құра алады, өзі үшін жұмыс істеу арқылы ел экономикасына оң ықпалын тигізеді. Түптеп келгенде, экономика дегеніміз – әр азаматтың жағдайы. Сол секілді жұмыссыздарға берілетін әлеуметтік көмектер де өз деңгейінде орындалса жақсы әсер береді.

Осының бәрі жүйелі жүзеге асырылуы керек. Мәселен, Қазақстанда әлеуметтік қолдау Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі. Сол арқылы азаматтардың арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар. Оған қоса, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең негізде арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар алуға құқылы. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын қандастарға, босқындарға, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға да көрсетіледі».

Иә, қазіргі таңда жеке тұлғалардың шартсыз ақшалай көмек немесе шартты ақшалай көмек түріндегі атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігі бар. Негізінен, шартсыз қаржылық көмек жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігі жоқ жалғызбасты немесе аз қамтылған жалғызбасты тұлғаларға, зейнеткерлік жасқа жеткендерге, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектерге, екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін ауруы барларға беріледі. Осының ішінде зейнетақы жағы өте ауқымды тақырып. Статистикаға сүйенсек, елімізде 2 млн 340 мыңнан астам зейнеткер бар. Оларға берілетін әлеуметтік төлемнің көлемі де өзгерістерге ұшырап жатыр. Биылғы жылдан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, ең жоғары мөлшері – 45 578 теңге. Одан соң, мүгедектігі бар азаматтарға берілетін әлеуметтік қолдау деңгейі артуда. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша республикада шамамен 535,6 мың адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Ал көмектің мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне байланысты бекітіледі. Ол бір жағынан «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне де байланысты. 2023 жылы жалпы аурудан мүгедек болғандарға төленетін жәрдемақы мөлшері І топ үшін – 77 889 теңгені, ІІ топ үшін – 62 068 теңгені, ІІІ топ үшін – 42 190 теңгені құрайды.

Әрине, әлеуметтік көмек жоқ емес, қамсыздандыру шаралары жасалып жатыр деген есептер де жетеді. Алайда олардың деңгейі мен көлемі, қолжетімділігі мен азаматтарға қолайлылығы әлі де біраз қарауды қажет ететін секілді. Өйткені әлеуметтік топтардың ерекшелігіне қарай олардың шығындары әртүрлі. Әрі бұл қажеттіліктердің көлемі уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Осындай ньюанстар ескерілсе, көмек артса, қолжетімдірек болса деген пікірлер де көп айтылып жүр. Сондықтан әлеуметтік қорғау шаралары нағыз қажеттіліктер мен шынайы жағдайға сәйкес болуы үшін қандай қадамдар тиімді болатыны әлі де қарастырылса игі.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: