Әлеуметтік қамсыздандыру немесе халықты әлеуметтік қамтамасыз ету дегеніміз не?

Әлеуметтік қамсыздандыру немесе халықты әлеуметтік қамтамасыз – ету дегеніміз азаматтарды әлеуметтік топтары мен басқа да тиісті факторларға сәйкес зейнетақымен, жәрдемақылармен, атаулы әлеуметтік көмекпен, өтемақылармен, жеңілдіктермен, басқа да әлеуметтік қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету.
Бұл әдетте мемлекет белгілеген, бекіткен жүйе бойынша жүзеге асатын аса маңызды процесс. Елімізде халықты әлеуметтік қолдау шаралары ҚР Әлеуметтік кодексімен реттелетінін білеміз. Осы заңға сәйкес, тиісті әлеуметтік қызметтер мен көмектер тағайындалады, беріледі. Осы әлеуметтік көмектердің ішінде зейнетақы беру үрдісі өте ауқымды. Соңғы есептерге сүйенсек, елімізде 2 млн 343 мың зейнеткер бар.
Ал биылғы өзгерістер мен жаңалықтар туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Биылғы жылдан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 215 теңге, ең жоғары мөлшері – 45 578 теңгені болып бекітілді. Ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 744 теңгені құрап отыр. Бұл бұрынғы осы көрсеткішпен салыстырғанда 11 602 теңгеге көп. Айта кетейік, 2024 жыл басталғалы зейнетақы төлеуге республикалық бюджеттен 306,8 млрд теңге бөлінді. Ведомство 2018 жылдан бергі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің өтілі есепке алына отырып, әрбір зейнеткерге жеке қаралып, тағайындалатынын айтты. Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылға толса, одан аз болса, тіпті болмаған жағдайда, базалық зейнетақының көлемі елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65 пайызына тең келсе, мұндай жағдайларда бұдан арғы әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артып отырады. Мәселен қатысу өтілі 20 жыл мерзімді құраған кезде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 85 пайызына теңеседі. Ал 30 және одан көп мерзімдегі өтілге осы көрсеткіш 105 пайыз болып белгіленген. Бұдан түсенітініміз, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым көп болады. Демек, жас мөлшеріне қатысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы негізге сүйене отырып еңбек өтілін мен зейнетақыға шығар кезеңнің алдындағы орташа табысқа қарай белгіленеді.
Елімізде зейнетақымен қоса басқа да әлеуметтік қамсыздандыру шеңберінде берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері өсіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы күнінен бастап мемлекеттік жәрдемақылардың бірқатарының көлемі артты. Мысалы, бірінші, екінші, үшінші сәбиін дүниеге әкелген аналарға тағайындалатын жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, ал төртінші және одан кейінгі сәбиін дүниеге әкелген аналарға 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін артты. Және көпбалалы отбасындағы баланың санына қарай тағайындалатын жәрдемақы көлемі де өзгерді: 4 балаға – 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 балаға –138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін көбейді. Мүгедектерге берілетін жәрдемақы болса, бірінші топтағы мүгедектігі барларға – 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, екінші топтағы мүгедектерге – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, үшінші топтағы мүгедектерге – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін артты.