Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін заңдағы жеңілдіктер орындалмай келеді

Бейресми деректерге қарағанда, елімізде әлеуметтік кәсіпкерлер қатары 15 мыңның шамасында деп айтылады.
Алайда әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне ресми түрде 846 кәсіпкерлік нысаны ғана тіркелген. Бұл қайта көбейгені, бір жыл бұрын олардың саны 300-ге де жетпейтін. Алайда соңғы уақыттары осы тізімге адал еңбектен гөрі тегін олжа іздеп келетін «кәсіпкерлердің» кіруі белең алған.
Жалпы, елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы 2021 жылдан бастау алады. Белгілі кәсіпкер, Қазақстанда осы саланың негізін қалаушы деп айтуға болатын Эмин Аскеровтің бастамасымен кейін қауымдастық та құрылды. Мұндай шараны қолға алуға негізінен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар арасында жұмыссыздықтың көптігі, медициналық, экологиялық және басқа да түйткілді мәселелер түрткі болған.
Сөйтіп, 2021 жылы маусымда бірнеше заңға өзгерістер мен түзету енгізіліп, нәтижесінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер 9 бірдей мемлекеттік қолдау шараларына үміттене алатын болды. Оның ішінде инфрақұрылымдық қолдау, яғни әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы мен жұмыс істеуіне жағдай жасау, салық кодексі шеңберінде салық жүктемесін азайту. Қаржылық көмек, яғни несие бойынша пайыз мөлшерлемесін субсидиялау және мүлікті жалға алу шығындарының бір бөлігін жабу. Жалға алатын жерін жеңілдетіп беру, ақпараттық тұрғыдан қолдау және тағысын тағы.
Бүгінде елімізде осы сала өкілдерінің басын қосатын Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығы жұмыс істейді. Аталған қауымдастықтың басшысы Гүлмира Пармышеваның сөзінше, осы айтылғандардың ішінде әлеуметтік кәсіпкерлер әзірге екі санаты бойынша ғана қолдау тауып отыр. Олар 5 млн теңге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар мен «Даму» бағдарламасы аясындағы 8%-дық жеңілдік.
«Қостанай сынды беткеұстар аймақтарда ақпараттық қолдау шаралары да бар. Бірақ құзырлы орган – Ұлттық экономика министрлігі тарапынан үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр деп айта алмаймын. Сала өкілдеріне көрсетіліп жатқан жеңілдіктер жеткіліксіз. Қазір депутаттық қорпусқа шығып, тиісті сараптама дайындап, жағдайды өзгерту үшін күресіп жатырмыз», – дейді Гүлмира Пармышева.
Оның үстіне, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін салық жеңілдіктері қарастырылмағанын айтады. Заң қабылданғалы үш жылдан асса да қазір реформаның аясында әлі де мән берілмей отыр. Қауымдастық жуық арада депутаттық корпуспен мәселе ретінде көтеруге ниетті. Сол үшін тиісті орындарға хаттары жолданған.
Айта кетерлік өкінішті бір жағдай, соңғы жылдары елімізде пайдакүнем «кәсіпкерлер» көбейген. Мәселен, қауымдастық басшысының сөзінше, әлеуметтік кәсіпкерлердің жоғарыда аталған тізілімдегі саны 2024 жылдың нәтижесі бойынша 973 болған. Кейін қауымдастық өкілдері реестрде бар субъектілерді қайта тексеріп шыққанында 835-ке дейін азайып қалған. Ал қазіргі электронды тізімде тұрғандар саны қайтадан 846-ға жетіп отыр.
Жағдайдың бұлай құбылуының себебін қауымдастық басшысы тегін гранттармен байланысты екенін айтады. Әңгіме болып отырған сол 5 млн теңгеге бола келген субъектілер аяқасты құжат дайындап, әлеуметтік кәсіпкер атанып шыға келеді.
Айта кетейік, бүгінде өңірлер арасында әлеуметтік кәсіпкерлік үлесі ең жоғары аймақ – елорда болып отыр. Мұндағы аталған сала субъектілерінің жалпы республикалық статистикаға шаққандағы үлесі 23%-ды құрайды. Нақтылай айтқанда, еліміздегі 800 кәсіпкердің 184-і бас қалада тіршілігін жүргізіп отыр.
Бекбол АМАНГЕЛДІ