Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 17 Қазан 2024

Әлеуметтік масылдық қоғамның да, адамның да дамуын тежейді

әлеуметтік масылдық

Масылдық сана бірнеше ғасырлардан бері қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені анық, тіпті мұны адаммен біте жаратылған бір жаман мінез бе дейсің кейде.

 Дегенмен масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзе алмау, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесіріне айналды. Осы тақырып аясында біз бүгін Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ директоры Гүлнұр Баялқызы Сауртаевамен сұхбаттастық.

– Гүлнұр ханым, соңғы жылдары қоғамымызда масылдық сана ұғымы жиі айтыла бастады. Әсіресе мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақының масылдықты өршітіп отырғаны туралы пікірлер көбейді. Біздің азаматтарымыздың кежегесі кейін тартып, масылдық психологиясынан, әлеуметтік инфантилизм секілді дерттен арыла алмай келе жатқандығының себебі неде?

– Әлеуметтік инфантилизм мен масылдықтың қанымызға сіңіп, бойымызға дендеп еніп алуының бір себебі – бір қоғамнан екінші қоғамдық жүйеге, кешегі кеңестік жүйенің шекпенінен арылып, тәуелсіз ел ретінде өмір сүре бастауымыздың өзі түптеп келгенде адам бойындағы «түсініксіз қасиеттердің» пайда болып, туындауына алып келді. Уақытша орын алған әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың өзі отандастарымыздың санасын жүз сексен градусқа өзгертіп жібергенін қалай жоққа шығара аламыз. Қоғамдық сананың өзгеруі үнемі баяу жүреді. Өтпелі кезеңнің қиын жерлері де осы болуы мүмкін – шынайы еңбек етуге тиіс адам әлденеше себептерді сылтау етіп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзінен емес, өзгеден көруге бейімделіп алушылық та осындай әдеттердің пайда болуына негіз болды.

– Десек те, «алма піс, аузыма түс» дейтіндер қашан да болған. Бұл қоғамның дамуын тежейтін құбылыс. Кейбір екі қолға бір күрек ұстағысы келмейтін жандар табыс таппағаны үшін өзін емес, өзгені кінәлап, мемлекет көмегінен дәмеленеді. Осы орайда масылдық психологияны қалай жеңеміз?

– Әрине, әлеуметтік масылдық – қоғам дамуын тежейтін және жеке адамның да, қоғамның да өсуіне кері әсер ететін күрделі құбылыс. Масылдық психологияны жеңу үшін бірнеше маңызды қадамдар жасау керек. Ең алдымен, адамдарға өздерінің әрекеттері мен таңдаулары үшін жауапкершілік алуды үйретудің маңызы зор. Әрбір адам табысқа жету үшін алдына мақсат қойып, күш-жігерін жұмсауы керек екенін түсінуі қажет. Бұдан бөлек, білім және тәрбие алда реформалар қажет деп ойлаймын. Адамдар жаңа білім алып, түрлі мамандықтарда өз қабілеттерін дамытуы үшін мемлекеттік және жеке секторлар тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс. Осылайша, маман еңбек нарығында сұранысқа ие бола алады. Адамдарды жұмыс істеуге, жаңа жетістіктерге ұмтылуға ынталандыратын мәдениет қалыптастырудың да маңызы зор. Яғни, еңбек адамдарын романтизациялаған дұрыс.

Ең бастысы, жемқорлық пен «бармақ басты, көз қысты» мінезден арылу қажет. Яғни әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға бағытталуы тиіс. Масылдықтың алдын алу үшін мемлекеттік көмекті алған адамдардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу және оларды еңбекке баулу бағдарламалары іске асырылған жөн. Қоғамда еңбекке деген құрметті арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен білім беру жүйесі арқылы еңбекке деген оң көзқарас қалыптастыру – басты мақсат болуы тиіс. Әлеуметтік масылдықтың қоғам үшін зиянын түсіндіру де маңызды.

– Ал мемлекет тарапынан қандай кешенді шаралар жасалып жатыр?

– Масылдықтың түп атасы – жұмыссыздық. Жұмыссыздықты жою мақсатында әр өңірде, қала-ауданда орталықтар бар, оның үстіне әр маусым сайын бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер өтіп тұрады. Яғни елімізде еңбек мобильді орталықтары құрылып, халықты жұмыспен қамту орталықтары мен мансап орталықтары жұмыс атқарып жатыр. Бұл орталықтардың басты мақсаты — тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен тұрақты жұмыспен қамту бағытында жұмыстарды күшейту және көрсетілген қызметтерді толық цифрландыру бойынша жұмыстарды атқару. Мемлекет тарапынан әлеуметтік масылдықтың алдын алу және халықтың еңбекке деген белсенділігін арттыру мақсатында бірнеше кешенді шаралар қабылдануда. Бұл шаралар жұмыссыздықты азайтып, азаматтарды еңбек нарығына бейімдеуге және әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарды қолдауға бағытталған.

Мысалы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Бұл бағдарлама жұмыссыз азаматтарды, әсіресе жастарды және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Бағдарлама аясында азаматтарға кәсіби оқыту курстары, қайта даярлау және біліктілікті арттыру мүмкіндіктері беріледі. Сонымен қатар жұмыс орындары ашылып, азаматтар түрлі салаларда еңбек етуге тартылуда. Бұдан бөлек, мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасап, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларын іске асыруда. «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы адамдар кәсіпкерлік дағдыларын дамытып, өз ісін ашуға мүмкіндік алады. Бұл шара масылдықты азайтып, азаматтарды өзін-өзі жұмыспен қамтуға ынталандырады.

Мемлекеттік әлеуметтік көмек жүйесі тек шынымен көмекке мұқтаж жандарға бағытталатын болды. Бұл көмек шартты және шартсыз түрде беріледі. Шартты әлеуметтік көмек еңбекке жарамды адамдарға жұмысқа орналасуға көмек көрсетумен қатар, өз бетімен табыс табуға ынталандырады. Жұмыссыз жастарды еңбек нарығына тарту мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама арқылы жоғары оқу орнын бітірген түлектер тәжірибе жинап, жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға қатысу арқылы жұмыссыз азаматтарға уақытша жұмыс орындары ұсынылады. Мемлекет қолға алған бұл кешенді шаралар халықты еңбекке тарту, әлеуметтік масылдықтың алдын алу және қоғамның жалпы әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Сұхбаттасқан Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы