Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:50

Әлеуметтік желі – сот залы: қазақстандықтар неге TikTok-тан әділдік іздейді?

Тикток
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Бүгінгі күні Қазақстанда сот немесе құқық қорғау органдарына шағымданудан бұрын TikTok-та видео жүктеп, қоғам назарына ілігуді жөн көретін азаматтар көбейіп келеді.

 Біреулер бұл әрекетті «жоғарыға жеткізудің жалғыз жолы» десе, енді бірі «аты-жөнін айқындап, лайк қуалап жүрген хайп» деп қабылдайды. Бірақ бір нәрсе анық: әлеуметтік желілер қазір көпшілік үшін тек көңіл көтеретін алаң ғана емес, әділдік іздейтін соңғы мүмкіндікке айналып барады. 

Цифрлы дауыс құзырлы органнан әсерлі ме?

Талғардағы кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың өліміне қатысты деректер алдымен TikTok-та жарияланған соң ерекше назарға ілінді. Сол сияқты, Ақнәр Гүлстанның 7-қабаттан құлаған видеосы осы желіде таралып, қоғамда резонанс тудырды. Орыс тіліне қатысты байкоттар да, әскери мәселелер де, жаңа айыппұлдар да осы TikTok желісінде тез таралады.

Мұндай мысалдар жыл сайын артып келеді. Көп жағдайда азаматтар тиісті мекемеге барғаннан нәтиже шықпай, желіге жүгінеді. Себебі олар қоғамның қолдауы арқылы шенеуніктердің әрекет етуіне ықпал етеміз деп үміттенеді.

«TikTok – эмоция мен визуалды әсерге негізделген алаң. Қарапайым адам оқиғаны тікелей жеткізіп, қоғамда төңкеріс тудыра алады. Ал бұл – жүйенің назарын аудартудың тиімді тәсілі. Сондай-ақ ресми арналарға сенім азайған. Көп адам полицияға, сотқа, БАҚ-қа жүгінуден нәтиже күтпейді. Видеодан кейін ғана кейбір мәселелерге назар аударылады (жол апаты, тұрмыстық зорлық, парақорлық, т.б.), – дейді медиа-сарапшы Әсел Тайғара.

Ал мәдениеттанушы Еламан Мұзафардың айтуынша, бүгінгі таңда ТікТок, Youtube, Instagram, Threads сынды әлеуметтік желілер тек ойын-күлкі контентінің алаңы ғана емес, азаматтық белсенділік пен әлеуметтік әділеттілікті талап етудің жаңа құралына айналған. Бұның бірқатар мәдени, әлеуметтік-психологиялық себептері бар. Ең маңыздысы – қоғамдық сенім дағдарысы. Халықтың мемлекеттік құрылымдарға сенімі төмендеп кеткен.

Бейресми қысымнан кейін – ресми реакция

TikTok-тағы шағымнан кейін кейбір әкімдер жауап беруге, полиция басшылары түсініктеме беруге мәжбүр болады. Бұл, бір жағынан, қоғам белсенділігінің көрінісі болса, екінші жағынан, мемлекеттік органдардың сенімділігінің төмендігін айғақтайды. Әсел Тайғараның айтуынша, халықтың TikTok арқылы шағым айтуы – ашық сот процесі мен әділетке қол жеткізудің балама жолы.

«Егер азаматтар ресми инстанциядан нақты нәтиже көрсе, олар желіге жүгінбес еді. Еске салайын, TikTok – Қазақстанда кансел мәдениетінің негізгі алаңдарының бірі. Ол қоғамдық көңіл күйді шоғырландырады, реакцияны күшейтеді және кейде шын өзгеріске себепкер болады. Бірақ мұны реттейтін жауапкершілік мәдениеті әлі қалыптасу үстінде.

Ал мәдениеттанушы Еламан Мұзафар қазақстандықтардың TikTok-та шағым айтуына себеп болатын 4 факторды мысалға келтіреді:

«Елімізде әділдік іздеп арыз-шағым жазған күннің өзінде көптеген мәселелер ілгерілемей жатады. Бюрократиялық каналдар арқылы әділдікке жету қиын, тіпті кей жағдайларда мүмкін еместей көрінгенде, азаматтар балама құралдарға жүгінеді. TikTok – осындай балама құрал, әрі ең жылдам реакция беретін платформа. Себебі мемлекеттік органдар әлеуметтік желіде резонанс тудырған мәселелерге тез реакция білдіреді. Сәйкесінше, халық рефлексті түрде дәл осы механизмнің тез жұмыс жасайтынына көз жеткізеді.

Бұл өз кезегінде ұзақмерзімді деңгейде кері әсер береді. Бір жағынан, мемлекеттік органдар халықты тыныштандыру үшін кейде резонансты істерде заңнан гөрі халықтың көңіл күйіне көбірек мән беруі мүмкін. Екінші жағынан, азаматтар арыз-шағым жазудың орнына TikTok-қа контент салу, құқықтық процедураларды аяқасты ету, күдікті деп танылған тұлғаны бірден соттауды сұрау, сот процесіне ықпал етуге тырысу сынды нигилизмге бет бұрады.

Екінші себебі ретінде көрнекі және эмоциялық әсерді айтуға болады. Бейнеконтентті TikTok алгоритмдері кеңінен таратады, ал фонға қойылған музыка әсерлі болған сайын, желі қолданушыларында әлсіз тарапқа жақ болу синдромы іске қосылады. Бұл – тыңдауға, назар аударуға мәжбүрлеудің формасы.

Үшіншіден, мұндай тенденциялар жеке оқиғалардың ұжымдық резонансқа ұласу эффектісімен байланыста болады. TikTok-та көп жағдайда жеке адамның басынан өткен әділетсіздік баяндалады. Бұл осыған ұқсас жағдайларды басынан кешкен адамдарда таныс сезім тудырып, «ортақ ашуға» айналады. Осылайша, қоғамда шоғырланған символдық әділетсіздік TikTok арқылы сыртқа шығады.

Төртінші фактор – цифрлық ортадағы Z ұрпақ. TikTok-тың негізгі аудиториясы саналатын жастар классикалық медиаға қарағанда жылдам, интерактивті, цензурасыз алаңдарды қалайды. Сонымен қатар олар өз даусын жеткізуге құқылы екендігін сезінеді және әділдікке жету жолында контенттерді бөлісуді өзінің азаматтық борышы санайды».

Алайда TikTok – сот залы емес. Ол жерде біржақты пікір, эмоциялық манипуляция, тіпті жалған ақпарат та қатар жүруі мүмкін. Әлеуметтік желідегі шабуыл кейде кінәсіз адамдарды да нысанаға алып жатады. Бұл – кибербуллинг пен қоғамдық соттың қауіпті қыры.

«Әлеуметтік желі – әділдік емес, реакция алаңы. Онда шындық көбіне көзге көрінетін бейне мен мәтіннің әсеріне тәуелді. Ал бұл құқықтық мемлекет үшін қауіпті үрдіс. Себебі кансел мәдениеті TikTok-та көбіне фактімен емес, эмоциямен басқарылады. Көп жағдайда әлі тексерілмеген ақпарат пен манипуляция салдарынан әділетсіз шабуылдар болуы мүмкін, – дейді медиа-сарапшы.

Мәселенің шешімі тек виртуалды деңгейде қалмау үшін...

«Мәселе тек TikTok-та көтеріліп, вирустық эффектпен шектеліп қалса, бұл әділеттілікке емес, эмоциялық разрядқа (emotional release) айналады. Сондықтан аталған мәселенің түйінін шешу мәдени және институционалдық қадамдар арқылы ғана мүмкін болады. Алдымен ақпараттан әрекетке көшу механизмдері құрылуы тиіс. Мәселе TikTok-та жарияланғанда, оған жауап беретін қоғамдық кеңестер, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдарда арнайы мониторингтік бөлімдер цензурасыз жұмыс істеу керек. Олар бейтарап тексеріп, іске араласуы қажет.

Келесі кезекте цифрлық этика мен жауапкершілікті дамытуға аса мән берген жөн. Әлеуметтік желідегі «әділет іздеу» мәдениеті эмоцияға ғана емес, фактіге негізделуі қажет. Ол үшін медиа-сауаттылықты, дереккөзге сүйенуді үйрететін мәдени-ағартушылық жобалар керек-ақ. Асылында, бұл мәдени саясаттың ірі блогтарының бірі болуы қажет. Сонымен қатар қоғамдық диалог алаңдарын кеңейту. TikTok-та көтерілген мәселелер кең ауқымды қоғамдық диалогқа ұласуы үшін жергілікті деңгейде ашық кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуы керек. Мемлекеттік органдар осы кездесулерге белсенді қатысқаны маңызды. Мәселені тұншықтырмай, ашық талқылаудан асқан шешім жоқ екені бәрімізге мәлім шығар. Ең маңыздысы – мемлекеттік құрылымдардың реактивтілігін арттыру. Халықтың TikTok-қа жүгінуінің бір себебі – мәселенің ресми арналармен шешілмеуі. Егер әкімдік, мектеп, полиция немесе медициналық мекеме мәселені TikTok-қа шықпай тұрып шешсе, онда бұл тенденция бәсеңдейді», – деп мәлімдеді мәдениеттанушы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ішкі істер министрлігі TikTok-тағы шағымдарға назар аударылатынын ашық айтқан. Бірақ олардың ресми алаңға оралуын қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар қажет. Қолжетімді, жедел, бюрократиядан ада шағымдану жолдары болмаса, халық TikTok-ты «халықтық сот» ретінде қабылдай бермек.

Әлеуметтік желілер – қоғам айнасы. Бүгінде TikTok – тек би билеп, ән айтатын платформа ғана емес, шындық іздеген жұрттың шырқыраған үні. Егер билік халықтың үнін шын тыңдағысы келсе, оны TikTok-тан емес, ресми алаңнан еститін жүйе құруы керек. Өйткені әділдікке лайк керек емес, нақты шешім мен сенімді жүйе қажет!

Жангүл Есениязова 

Тегтер: