Әлеуметтік желідегі дау: рәміздер неге өртелді?
Әрбір елдің тәуелсіздігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдени мұрасының көрінісі мемлекеттік рәміздер десек, Ту, Елтаңба, Әнұранның әрқайсысы халықтың рухани құндылықтарын бейнелейді. Сондықтан рәміздерге деген құрмет – елге деген құрметтің айқын көрінісі.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Павлодардағы М.Жүсіп атындағы мектепте мемлекеттік ту мен елтаңбаны жарамсыз деп есептеп, рәміздерді өртеген видео қызу талқыға түскен еді. Көріністен шын мәнінде оқушылардың немесе қызметкерлердің рәміздерді қорлағаны көрінгенімен, қалалық білім бөлімі бұл әрекетті заңды рәсім деп түсіндірген-ді. Ведомство мәліметінше, арнайы комиссия анықтағандай, ту мен елтаңба стандарттарға сәйкес келмейтін, тозығы жеткен, сондықтан оларды жою жұмыстары бекітілген регламентке сай жүргізілген.
Қалай десек те, видеода ту өртеніп, елтаңбаның таңбалары балғамен сындырылып, өшірілген еді. Бұл әрекеттер арнайы хаттамаға жазылып, рәсімдердің заңдылығы қамтамасыз етіледі. Алайда видеоның әлеуметтік желіде көпшілікке таралуы қоғамда резонанс тудырды. Түптеп келгенде, мәселе рәміздердің қорлануы емес, қызметтік жазбаның бақылаусыз желіге шығуында болып отыр. Нәтижесінде мектеп директорына осы оқиғаға байланысты қатаң сөгіс жарияланады. Бұл жағдай рәміздердің маңызын түсінудің, оларды дұрыс пайдалану мен қорғаудың қажеттілігін тағы бір мәрте еске салды.
Жалпы әлем елдерінде рәміздерді қорғауға қатысты әртүрлі заңдар қабылданған. Мысалы, АҚШ-та туды өртеу сөз бостандығы аясында қарастырылып, құқықбұзушылық ретінде есептелмейді. Ал Қытай, Түркия, Ресей және Қазақстан сияқты елдерде мемлекеттік рәміздерді қорлау әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Заңға сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл заңнама рәміздерді қорғауға бағытталғанымен, кейбір жағдайларда азаматтардың пікір білдіру еркіндігін шектеуі мүмкін деген көзқарастар айтылады. Саяси тұрғыдан алғанда, рәміздерді қорлау актілері көбінесе белгілі бір топтардың мемлекеттік билікке деген қарсылығын білдіруі мүмкін. Бұл наразылықтар кейде үкіметтің ішкі немесе сыртқы саясатына қарсы әрекеттердің символикалық көрінісі ретінде жүзеге асады. Мысалы, АҚШ-тағы Вьетнам соғысы кезінде кейбір азаматтар туды өртеу арқылы соғысқа қарсылықтарын білдірген. Ал Гонконгтағы наразылықтарда Қытай туын қорлау әрекеттері орын алып, бұл Бейжіңнің қатаң реакциясына себеп болды.
Әдетте рәміздерді құрметтеу азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Олар қоғамдағы тәртіп пен патриотизмнің көрінісі есептелінеді. Елтаңба мен ту сияқты рәміздерге қатысты дұрыс рәсімдер мен стандарттар тек заңдық тұрғыдан емес, рухани тұрғыдан да маңызды екені рас. Дегенмен бұл оқиға қоғамда рәміздердің мәртебесі мен олардың қорғалуына деген талапты күшейтетіні анық. Әлеуметтік желіде тарап кеткен видео адамдардың эмоциясын қозғап, рәміздердің маңыздылығы туралы кеңінен пікірталас туғызып жіберуі де содан. Кейбіреулер рәміздерді жоюды вандализммен шатастырса, басқалары заңды рәсімдер мен мәдени нормаларды түсіну қажеттігін алға тартты. Мектептерде, мемлекеттік мекемелерде және қоғамның барлық салаларында рәміздермен жұмыс істеу тәртібін дұрыс ұйымдастыру, олардың қорғалуын қамтамасыз ету маңызды. Жарамсыз рәміздерді жою рәсімін түсіндіру, мұның заңды және мәдени мәнін халыққа жеткізу арқылы қоғамдық түсінікті қалыптастыруға болады. Бұл оқиға рәміздердің тек қағаз немесе металл емес, олардың артында үлкен тарихи, мәдени және рухани мән жатқанын тағы бір мәрте көрсеткен сияқты.
Сәруар Бақберген