Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Әлеуметтік желідегі референдумға қатысты сауалнама үшін қазақстандыққа айыппұл салынды

1
Фото: ЖИ

Алматыда Алмалы аудандық прокуратурасы жергілікті тұрғын Жолдасбек Темірғалиевті жаңа Конституция жобасына қатысты әлеуметтік желіде сауалнама жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

 Бұл туралы Bes.media хабарлады.

Қадағалау органының мәліметінше, Темірғалиев Thread әлеуметтік желісінде 2 880 пайдаланушының қатысуымен онлайн-сауалнама ұйымдастырған. Заң талаптарын сақтамай қоғамдық сауалнама өткізгені үшін оған 15 айлық есептік көрсеткіш (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Кейін жазба өшірілген.

Жауапкершілік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабы 3-бөлігі бойынша тағайындалған.

Темірғалиевтің айтуынша, ол сауалнаманы бұған дейін телефон арқылы 1 200 респондент арасында жүргізілген зерттеуде түзетулерді 78 пайыз қолдады деген мәліметпен салыстыру мақсатында бастаған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, референдум мәселелері бойынша сауалнама жүргізу құқығы Қазақстанда тіркелген, социологиялық зерттеу саласында кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғаларға ғана беріледі және бұл туралы Орталық референдум комиссиясына міндетті түрде хабарлау қажет.

Бұған дейін ұқсас жарияланымдар үшін «Уральская неделя» басылымы мен «Азаттық» тілшісі Мақпал Мұқанқызы да айыппұлға тартылған.

Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызға белгіленген.