Әлеуметтік желінің тұтқыны немесе уайымшыл, тұйық мінез Z ұрпақ
XXI ғасырдың басынан бастап қоғам технологиялық серпілістер дәуіріне аяқ басты. Әлеуметтік желілер, смартфондар, ғаламтор – мұның бәрі жаңа буынның өсіп, жетілуіне ықпал етті.
Психологтар мен әлеуметтанушылар осы буынды «зумерлер» немесе «Z ұрпағы» деп атайды. Нью-Йорк университетінің әлеуметтік психологы Джонатан Хайдт өз еңбектерінде бұл буынның уайымшыл, тұйық мінезге ие болуын және әлеуметтік қарым-қатынас жасау дағдыларының әлсіреуін атап өтеді. Хайдттың пікірінше, 1997 жылдан кейін дүниеге келген жастардың психологиялық және әлеуметтік бейнесі ерекше: бұл буын цифрлық технологиялармен байланысып қана қоймай, олардың тұтқынына айналып барады. Зумерлер технологиялық құралдар арқылы кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады және қарым-қатынастың басым бөлігін онлайн платформада жүзеге асырады. Алайда бұл үрдіс олардың тұлға ретінде қалыптасуына кері әсерін тигізуде. Смартфондарға тәуелділік шынайы өмірдегі қарым-қатынасқа шектеу қойып, айналадағы адамдармен жақын танысуға деген қызығушылықты азайтады. Бұл әсіресе пандемия кезеңінде айқын көрінді, себебі әлеуметтік дистанция адамдарды бір-бірінен алшақтатты, ал виртуалды қарым-қатынас негізгі байланыс құралына айналды. «Жас Алаш» бүгін осы тақырып аясында мамандармен әңгіме өрбітті. Негізгі түйін «Z ұрпағы» қалай қалыптасады, мұның зардабы қаншалықты, одан құтылудың жолы қайсы деген сұрақтарға саяды. Біздің сауалнамаға Алаш стратегиялық зерттеу орталық басшысы, әлеуметтанушы Жанұзақ Әлімгерей мен балалар мен жасөспірімдер психологы Аманжол Гүлшарбат қатысты.
Ж.А: Нью-Йорк университетінің әлеуметтік психологы, зерттеуші Хайдт «Уайымшыл ұрпақ» (The Anxious Generation) кітабында 1997 жылдан бері дүниеге келіп, үлкен ғылымда «зумер» деп атанған, ғалым компьютердің құлағында ойнайтын балалар таңнан кеш батқанға дейін смартфонға телміретіні туралы сөз болып, қарым-қатынасқа шорқақ, ел көріп, жұрт тануға ықылассыз екенін алға тартады. Мұндай ұрпақтың басым көпшілігі ертелі-кеш саяқ жүргенді, томаға-тұйық тіршілік кешкенді артық көреді екен. Былайша айтқанда, іші комплекске толы. Мұның себебі неде? Аталмыш тенденцияның белең алуына әлем бойынша қандай да бір әлеуметтік-саяси факторлар әсер етті ме?
Ж.Ә: Аталмыш тенденцияға әлеуметтік тұрғыда баға берсек, шынымен-ақ, Z ұрпақтың немесе «зумерлердің» басқа ұрпақтан ерекшелігін анық байқаймыз. Олар – технологияның ішінде өсіп, смартфон тәрбиелеп жатқан алғашқы ұрпақ. Зумерлердің қалыптасуы осыған дейін сүрген қай ұрпақтан да басқаша. Өзім де кейінгі жылдары жастар мен жасөспірімдерге зерттеу жасай жүріп, олардың өміріндегі қарым-қатынас тапшылығын анық байқадық. Ең қызығы, менің замандастарым, яғни біздің буын әлі күнге сыныптас, дос-құрдастармен араласамыз, кездесеміз. Былтыр университет студенттеріне барып, пікір алған кезде үшінші, төртінші курс студенттерінен бөлек, бірінші курс студенттері де мектепте бірге оқыған сыныптастары жайлы білмейтінін, араласпайтынын естіп, таңғалыстық. Мейлі, ұлы да, қызы да бірге оқыған жиырма-отыз адамның бес-алтауымен ғана қарым-қатынас құрады екен. Бұл тенденциялар тек технологияның ғана емес, қоғамның, қоғамдық сананың дамуынан хабар беріп тұрған сияқты. Ал қоғамның дамуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – интернет, әлеуметтік желі, технология болса керек. Сәйкесінше, технологияның дамуымен қоғам да, жеке адами құндылықтар да өзгеріске ұшырап, трансформацияланды. Қазір еркіндік алға шықты. Технологияның дамуы адамға күш берді. Адамның білімі дамыған сайын, сенімі артады, күші көбейеді. Сонау сексенінші жылдары әлеуметтанушылар «енді дін ұғымы артта қалады» деп ой түйген еді. Себебі дін сыртқы күшке сендірсе, білім адамға бәрі қолынан келетінін дәлелдеп, өз-өзіне сендірді. Осылай, адамның ішкі еркіндігі алға шықты. Технологияның құлағында ойнап, тілі шықпай тұрып, смартфон таныған ұрпақ та басты құндылықты еркіндік санауы – осыдан. Олардың алдындағы ұрпаққа басты құндылық – махаббат, дүниетаным, дін, еңбек болса, зумерлерге ойдың, сөздің, таңдау еркіндігі ең бастысы. Онлайн қарым-қатынастың ішінде өскен ұрпақ үшін қарым-қатынасты да қашықтан құру – әдепкі жағдай, тіпті ең дұрысы сол деп санайды. Құндылықтарды өзгеріске ұшырауы дәстүрлі ұғымдардың қирауына әкеліп соғып жатыр, мысалы, онлайн дос болу не онлайн танысқан адаммен отбасын құрып, құлшылықты онлайн жасау үрдісі белең алып барады. Бүгін біз сүріп жатқан дәуір – екі буын құндылықтарының шайқасы. Бұдан бөлек, қазір дәстүрлі өмір салтынан ажырап, «модерн» өмірге аяқ басуымыз да бір себеп. Зигмунт Бауман есімді әлеуметтанушы өз еңбегінде модерн өмірге байланысты «Liquid Modernity» терминін қалыптастырды. Терминді сөзбе-сөз «Ағып тұрған модернизм» деп аударуға болады, яғни қазіргі заман үнемі құбылып, өзгеріске ұшырап отыратын «ағып жатқан модернизм». Кезінде біздің ата-анамыз өмірді қалыптасқан шаблондармен сүрді, яғни мектепке барасың, кейін университетте оқисың, одан соң отбасылы боласың, бір кәсіпте қызмет атқарасың дегендей. Ал қазіргі заманға тұрақтылық кереғар ұғым, нақтылық жоқ, өзгеріске бейім дәуірдің келбеті. Заманына сәйкес адамы да бейімделгіш, икемді болуы заңды. Зумерлердің басты ұстанымы гедонизмге негізделеді, яғни неден болса да ләззат алғысы келеді. Зумерлер қоғамы, әдетте, тұтынуға бейім болады, көп дүниені тез қабылдап, тез алуға, тез тұтынуға тырысады.
А.Г: Хайдт атап өткендей, 1997 жылдан кейін туған буын цифрлық дәуірдің жетістіктерімен қатар өскен ұрпақ, әлеуметтік медиа, смартфондар, үздіксіз желідегі байланыс олардың күнделікті өмірінде маңызды орын алады. Психологиялық тұрғыдан бұл құбылысты бірнеше негізгі себептермен түсіндіруге болады. Бұл ұрпақ сандық-технологиялық әлемде туып, тәрбиеленіп жатқан ұрпақ екені жасырын емес, яғни смартфондар, планшеттер, интернет олардың өмірінің ажырамас бөлігі. Әлеуметтік медиа арқылы шынайы өмірді көре бермейтіндіктен, көпшілігі тек басқа адамдардың идеал, экрандағы «қызылды-жасыл, жылтырақ» өмірін байқап, өздерін солармен салыстырады. Бұл үнемі өзінен күмәндану, «жеткіліксіз» сезіміне, былайша айтқанда, «inferiority» комплексінің дамуына алып келеді. Жасөспірімдер үшін бұл өте ауыр психологиялық жүк болуы мүмкін, себебі олар әлі де өзіндік «менін» анықтау процесінен өтіп жатыр. Психологиялық тұрғыдан олар өздерін толық ашуға, қоғамда белсенді болуға дайын емес, өйткені шынайы қарым-қатынасқа шорқақ. Цифрлық кеңістікке тәуелділік адамдармен бетпе-бет қарым-қатынасқа қажеттілікті азайтады, сол себепті жастар тікелей диалог құруды, эмоцияларды дұрыс қабылдауды және тілдесуді біле бермейді. Әлеуметтік желілердің ықпалы жастардың шынайы эмоцияларды түсінуге және өзін ашық көрсетуде қиындықтар әкелуі мүмкін. Оның үстіне, қазіргі қоғамдағы жетістікке деген жоғары талаптар мен сыртқы қысым (мектеп, қоғам, тіпті ата-ана тарапынан) жастарға, буыны әлі беки қоймаған жас өскінге үлкен стресс тудыруы мүмкін. Хайдт айтпақшы, үздіксіз бақылауда болу үнемі бақылау мен қысымда жүріп, ылғи үздік болуға деген талпыныс өз «менін» таппаған жастың ішіне комплекс жияды.
Бұдан бөлек, зумерлер экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақсыздық дәуірінде өсіп жатыр. Жаһандық климаттың өзгеруі, саяси қақтығыстар немесе пандемия сияқты дағдарыстардың белең алуы жастардың болашаққа сенімсіздік пен күмәнді ойлардың тууына, өршуіне сеп болды. Күмәнді ойлар, әдетте, жасөспірімнің шынайы қарым-қатынасқа түсуге емес, өз ішіне тұйықталуға итермелеуі мүмкін. Оның үстіне, бүгінгі жастардың ата-аналары, яғни «миллениал» ұрпақ өмірде көп өзгерістерді бастан кешіргендіктен, өз балаларын еркіндікпен, жеке шекараларын сақтауға мүмкіндік беріп, тәрбиелеуге тырысты. Осы себепті де зумерлер арасында жеке кеңістік пен еркіндіктің басты құндылық саналуы заңды. Балаларымнан да байқағаным, олар өскен сайын өздерін оқшау ұстауды және жеке әлемінде тыныштықты сақтауды бәрінен артық көреді.
Ж.А: Технологиялар мен интернеттің жаппай қолжетімді болуы адамзатты тарихта бұрын-сонды болмаған өзгерістерге алып келгені рас. Сіздің ойыңызша, зумерлердің смартфон мен әлеуметтік желілерге тәуелді болуы олардың психикалық денсаулығына қалай әсер етеді? Мысалы, оларда уайым мен депрессия деңгейінің өсуіне смартфон мен әлеуметтік желілердің әсері бар ма?
Ж.Ә: Әрине, тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сәйкес депрессияның деңгейі жыл санап артып келе жатыр. Бұрын депрессия туралы көп айтылып та, жазылмайтын да еді. Қазір депрессияның деңгейі 5-7% арасында. Бұл, әсіресе, дамыған елдерде жиі байқалатын құбылыс. Депрессияға, әдетте, жастар мен жасөспірімдер бейім. Мысалы, Американың бір өзінде 2021 жылғы статистика бойынша 12-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің 13%-ы депрессиямен бетпе-бет келеді екен. Шынымен-ақ, депрессияның көбеюіндегі алғашқы себептерінің бірі – технологияның дамуы екені жасырын емес. Сонымен қатар модерн-өмір де әсер етеді. Әсіресе белгісіздік пен тұрақсыздық, соның ішінде саяси тұрақсыздықтың кесірі көп. Мысалы, 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасының өзі әр адамға «Ертең не болады?» деген күдікті сұрақ қалдырды. Сондықтан қазіргі жастар да болашағын тек бір елмен байланыстырмайды. Егер мүмкін болса, оқу, жұмыс мақсатында шетелде білім алып, тәжірибе жиюды құп көреді. Депрессиялық күйдің белең алуының тағы бір себебі – қоғамдағы адам өмірінің сатылатын тауарға айналуы дер едім. Жиырмасыншы ғасырда материалдық дүние, зат сатып алатын едік, ал қазіргі ақшаға негізделген капиталистік қоғамда негізгі тауар – адамның эмоциясы. Әлеуметтік желілерден өзгенің өмірін көріп, соған еліктеу арқылы эмоция сатып аламыз. Бізді қызықтыратыны дүние емес, сол адамның өмір сүру стилі, сол өмірдегі бақыт.
Технологияның дамуының тағы бір салдары – қоғамдық институттардың құлдырауы дер едім. Адам санасының, қоғамдық сананың дамуымен бірге діннің абыройы төмендей бастады. Әлеуметтану ғылымында бұл терминді «секуляризм» деп атайды. Бұрын адам өміріндегі сұрақтардың 80% дін жауап беретін. Ал қазір көп нәрсеге ғылым жауап бергенімен, адам санасындағы антологиялық сұрақтарға жауап бермейді. Не үшін бармын? Яғни «бар болу» ұғымына ғылым жауап бермейді, тіпті бұл ғылымның жауап беретін алаңы да емес. Осы тенденциялар отбасы институтының құлдырауына әкеп соғып жатыр. Бар айып жастарда дегенімізбен, шын мәнінде бар түйткіл сол жасты тәрбиелейтін отбасыда. Отбасы өзінің функциясын түсіне алмай жатқан секілді. Атап айтсақ, дәстүрлі түсініктер бойынша отбасы әке-ана-бала деген үш тағаннан тұрса, қазір әке мен бала немесе ана мен бала да отбасы бола алады. Ажырасу саны жылдан жылға артып жатыр, тіпті «Отбасы болу керек пе?» деген сұраққа қоғам дүп басып жауап таба алмай жүр. Бұл құбылыстардың барлығы дерлік зумерлердің дамуына, ой-өрісі мен психикалық жағдайының дамуына әсер етіп жатыр.
А.Г: Әрбір белгілі уақыт аралығында дүниеге келген адамдар мінез-құлық ерекшеліктерінің ұқсастығымен сипатталады деген ұрпақтар теориясы бар. Осыған сәйкес, әр ұрпақты қоршаған тарихи контекст олардың әлеуметтік-психологиялық қасиеттерін қалыптастырады. Бұл қасиеттер белгілі бір жас тобының әрбір өкіліне тән. Зумерлер – бұл креатив, цифрлы ұрпақ. Олар үшін ешқандай қалыптар, шектеулер, қатал принциптер, тұрақты көзқарастар жоқ. Себебі оларды тек ата-анасы, балабақша немесе мектеп қана емес, сондай-ақ планшет пен гаджеттер дәуірі тәрбиеледі, яғни қолына смартфон ұстап туған әлеуметтік медиа мен смартфондар жасөспірімдер мен жас өскіндердің санасына енетін жаңа түрдегі қысымдар тудырып, уайым мен депрессия деңгейінің өсуіне ықпал етіп тұрғаны шындық. Алдыңғы сөзімде атап өткенімдей, зумерлер арасында әлеуметтік желілерде өмірді идеализацияланған түрде көрсету тенденциясы бар, бұл басқа адамдардың идеалдандырылған бейнелерімен өздерін салыстыруға итермелейді. Pew Research Center жүргізген зерттеулерге сүйенсек, зумерлердің шамамен 45%-ы әлеуметтік желілерде «комплекс неполноценности» сезімімен бетпе-бет келеді. Басқа адамдардың «жетістіктері» мен «тым идеал өмірін» бақылау жастар арасында өз өмірінің құндылығын төмендетіп, өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне әкеліп соғып жатыр. 2010 жылдан бастап әлеуметтік желілер кеңінен қолданысқа енген кезде жасөспірімдер арасындағы депрессия мен уайымның таралуы едәуір артқанын байқауға болады. Мысалы, Твенджидің зерттеулерінде АҚШ-тағы жасөспірім қыздардың арасында депрессияның деңгейі 2012 жылдан бері 50%-ға артқаны анықталған. Бұл өсімнің негізгі себептерінің бірі ретінде Instagram және Snapchat сынды платформалардың ықпалын атап өткен, өйткені бұл платформаларда визуалды түрде өзін көрсету және сол арқылы өзгелердің бағалағанын қалау ерекше орын алады. Тағы бір мысал бар, FOMO немесе «бір нәрсені өткізіп алу қорқынышы» сезімі. Ғылымда FOMO немесе «Fear of Missing Out» феномені бойынша жүргізілген зерттеулер бұл құбылыстың әлеуметтік желілерді жиі қолданатын адамдар арасында, әсіресе жасөспірімдерде, жоғары деңгейде болатынын анықтады. Яғни үнемі басқа адамдардың өмірінен хабардар болып отыру не трендтерді білу, соған ілесу – жасөспірімдер үшін үлкен маңызға ие. Смартфондарға тәуелділік зумерлердің ұйқы режимін бұзады, ал бұл өз кезегінде олардың психикалық денсаулығына тікелей әсер етеді. Ұйқының сапасыздығы депрессия және уайым деңгейінің артуымен тығыз байланысты. Ұйқының бұзылуы жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құбылыс және оның негізгі себептерінің бірі – кешкі уақытта смартфон қолдану. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулерге сәйкес жасөспірімдердің 75%-ға жуығы ұйқы алдында смартфон қолданады және бұл олардың ұйқыға кетуін 1-2 сағатқа кешеуілдетеді. Бұл құбылыс ағзадағы мелатонин өндірісін төмендетіп, психикалық жағдайды нашарлатады.
Ж.А: Сонда бүгінгі жастардың рухани құлдырауы мен санадағы дағдарысына қалай тосқауыл боламыз? Менің ойымша, смартфонның қолданысын шектеу арқылы ғана оң нәтижеге жету мүмкін емес секілді.
Ж.Ә: Бұл сұраққа нақты жауап бере салу қиын. Себебі дәл осындай тенденциямен бетпе-бет келіп отырған алғашқы ұрпақ – бізбіз. Бұл мәселелер әлі де зерттеуді талап ететін түйткілі көп дүние. Әрине, технологияны тартып алғаннан мәселе түбегейлі шешілмейді. Мектепте бала бес-алты сағат телефон қарамағанымен, үйінде ата-ана қаласа да, қаламаса да, бала тыныш болсын деп телефон бере салады. Одан бөлек, кейбір мамандар интернетте сауатты ойын ойнасын, пайдалы контент тұтынуды ұсынып жүр. Десек те, ол да қиын. Технологияның адам өміріне кіруі жылдан жылға артып жатыр. Біз бұдан қашып құтыла алмаймыз. Технологиямен күресіп жүрміз, жұмбағын шеше алмай келеміз. Бірақ жауабын таппадық деп қол қусырып отыруға да болмайды. Не үшін бала мен жасөспірім технологияға әуес десек, қарым-қатынас жетіспейді деген жауап аламыз. Қоғамда ата-ана баласымен сөйлесе алмайтын жағдайға жетті. Біздің қолымыздан келетіні де – осы, отбасы институтын нығайту. Осы тұста урбанизация деген тағы бір мәселенің басы қылтиып шыға келеді. Бүгін біз ауылдағы отбасы моделімен қалаға үйрене алмай жүрміз.
А.Г: Бүгінгі жастардың рухани құлдырауын және санадағы дағдарысын жеңу – кешенді, жан-жақты тәсілді талап ететін күрделі мәселе. Смартфондарды қолдануды шектеу маңызды қадам болғанымен, бұл мәселені шешудің жалғыз жолы емес. Психолог ретінде қарастырғанда, рухани құлдырауға тосқауыл қою үшін жастардың ішкі жан дүниесін нығайту, өзін-өзі тану және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату қажет. Қазіргі жастардың өзін-өзі тануы мен ішкі үйлесімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар аса қажет. Бұл жерде медитация, йога, эмоционалды интеллектіні дамыту секілді психологиялық әдістер маңызды рөл атқарады. Бұл практикалар жастарға өз эмоцияларын түсінуге, өзін бақылауға, сыртқы әлемнің ықпалынан тәуелсіз болуға көмектесер еді деп ойлаймын. Психикалық саулық физикалық денсаулықпен де тығыз байланысты. Жастарды спортпен айналысуға, табиғатпен байланыс орнатуға шақыру олардың көңіл күйін жақсартып, санадағы ауыртпалықтардан арылуға көмектеседі. Табиғатқа шығып, гаджеттерден алыстап, таза ауамен тыныстау, серуендеу сынды дүниелер олардың өмірге деген көзқарасын жаңартып, рухани күйзелісті жеңуге ықпал етеді.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ