Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 13 Маусым 2024

Әлеуметтің әлеуетін көтеру – басты міндет

Түркістан
Фото: из открытых источников

Елімізде соңғы жылдары әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып, қоғамды патерналистік көңіл күй жайлай бастады. Әлеуметтік масылдықтың бір себебі – жұмыссыздық деп қарастырсақ болады. Жеке басының мүддесін ойлап, ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке есебіне пайдаланатын азаматтар аз емес.

Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі міндеті. Десек те, көмекке шынымен мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқан жоқ. Елдегі жұмыссыздық мәселесін шешу әрі қиын жағдайға ұшыраған жандарға қол үшін беру мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде атаулы мекемелер мен орталықтар жұмыс істеп жатыр. Мысалы, соның бірі Түркістан облысындағы «Азаматтарды қабылдау» орталығы мен «1310» бірыңғай байланыс орталығы. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы аумағында 6 сектор құрылып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста өзекті мәселелерді шешуге өз үлестерін қосып отыр.

 Бұл туралы Түркістан облысының әкімі 6 шілдеде өткен түркістандықтармен кездесуінде атап өтті. Қаладағы еңбек индикаторының негізгі міндеті – жұмыссыздық деңгейін төмендету. Осы орайда әлеуметтік масылдықтың негізгі себебі – жұмыссыздықпен күрес мақсатында 2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 8 513 азаматты жұмыспен қамту жоспарланса, 4 айдың қорытындысымен 3661 азамат белсенді шараларға тартылған.

«Мансап» орталығының директоры Еркебұлан Амангелдіұлының айтуынша, өткен жылы шаһарда 5466 түрғын жұмысқа орналасып, Түркістан облысында 2023 жылдың қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға төмендеген. Атап айтқанда, қоғамдық жұмыс орындарына – 1275 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 201 азамат, жастар практикасы бойынша – 682 тұрғын жұмысқа жолданды. «Күміс жас» жобасымен – 175 азамат жұмысқа тұрса, тұрақты жұмыс орындарына – 5456 азамат, алғашқы жұмыс орнына – 130 тұрғын орналасқан. 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грант қаражатын ұсыну бойынша өткен жылы 3 лекті комиссия отырысы өткізіліп, комиссия шешімімен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз грантты – 150 тұрғын алған.

«Биыл аталған жобалар аясында жүйелі жұмыстар атқарылып, жұмыссыздық деңгейін азайту көзделген. Аталған мақсатта кәсіп ашуға ниетті 143 азаматқа мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Сондай-ақ қоғамдық жұмыс орындарына – 1120 адамды, әлеуметтік жұмыс орындарына – 140 азаматты, жастар практикасы бойынша – 690 тұрғынды жұмысқа жолдау қарастырылған. «Күміс жас» жобасымен – 170 азамат, алғашқы жұмыс орнына – 135 тұрғынды орналастыру жоспарланып отыр», – дейді Еркебұлан Амангелдіұлы.

Әрине, қоғамда қолдауды қажет ететін мұқтаж адамдар тобының болуы да заңды құбылыс. Олар шындығында, өмірдің қиын жағдайларына тап болып мүмкіндігі шектелгендер, қарттар, кедейлік шегінен төмен отбасылар мен азаматтар. Оларға қолдау көрсету мемлекеттің басты міндеті. Бүгінде түрлі бағдарламалар әзірленіп жатыр. Тек материалдық қолдау ғана емес, одан бөлек, қоғамға интеграциялану, оқу, өз бетімен ақша табу, қоғамдық өмірге толық қатысу мүмкіндігін арттыруда әртүрлі мекемелер жұмыс атқарып жатыр. Мысалы, Қазақстанда мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік төлемдерден басқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді.

Түркістан қаласы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Мадина Жүсіпқызы 2024 жылдың бес айының қорытындысы бойынша орталықтың қызметіне 29642 адам жүгінгенін атап өтті.

Азматтарды қабылдау орталығының негізгі мақсаты мен міндеті – Түркістан облысының тұрғындарын жеке қабылдауға жазу және олардың мәселелері бойынша арыз-шағым қабылдау. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес, бағыт-бағдар беру. Бұл орталық 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеп келеді. Азаматтарды қабылдау орталығы алғашында Халықтық кеңсе атауымен құрылған. Аталмыш орталық қала әкімдігіне қарасты Жер қатынастары, Сәулет және қала құрылысы, Тұрғын үй инспекциясы, Бизнесті қолдау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек, Туризм және спорт бөлімімен көрсетілетін түрлері бойынша кеңес беріледі», – дейді маман.

Сонымен бірге қала аумағында аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылуда. Түркістан облысы әкімі қала тұрғындарымен кездесу барысында атаулы әлеуметтік көмек жайында тоқталып өтті. Осы орайда, 2023 жыл қорытындысымен 4150 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленсе, 2024 жылдың 4 айында 1745 отбасыға атаулы көмек тағайындалған. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары беріліп, кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілген. Соғыс ардагерлері мен соғыс ардагеріне теңестірілген және тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек көрсетілді. 6 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Елімізде мұқтаж әрі қиындыққа түскен адамға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің түрлері бар. Мысалы, Түркістан облысындағы зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен деңсаулығына оң жағдай жасау мақсатында ашылған Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өткен жылы 2 983 адамға, 2024 жылдың 4 айында 1320 адамға қызмет көрсеткен. Сәуір айында Белсенді ұзақ өмір бөлімшесі іске қосылды.

Сәруар Бақберген