Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:28, 17 Қаңтар 2023

Алғашқы алтын қоржынға түсті

None
None

Бұл күндері АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында ХХХ қысқы дүниежүзілік универсиада өтіп жатыр.

Бұл додада Қазақстан құрамасы да өнер көрсетуде. Жарыс жолына шыққан 78 жерлестеріміз биатлон, сноуборд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынауда.

Биылғы универсиада Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. 13 қаңтарда шайбалы хоккейшілеріміз екі бірдей қарсыласын ойсырата ұтып, өз жанкүйерлерін қуантты. Алғашында Оңтүстік Кореяны 5:1 есебімен жеңдік. Бұл кездесуде Нұрлан Алдияр, Максим Мусоров, Кирилл Полохов (2 рет) және Максим Мұхаметов мергендік танытты. Одан кейін Мажарстанның күл-талқанын шығардық. Есеп – 9:1. Жерлестеріміздің арасынан Артем Королев, Абай Маңғысбаев (2 рет), Максим Мусоров (2 рет), Всеволод Логвин, Станислав Александров және Саян Данияр (2 рет) нысананы дәл көздеді. 

Келесі күні сонау Америка құрлығынан биатлоншылардың 15 шақырымдық сайысында Вадим Куралестің алтын алғаны жайында қуанышты хабар жетті. 20 жастағы отандасымыз күміс медальді иеленген норвегиялық Орьян Мосентен 42,6 секундқа озды. Франциялық спортшы Алекс Гарнье қола медальді қанағат тұтты. Қазақстанның тағы бір өкілі Александр Мухин мәре сызығын алтыншы болып қиып өтті.

Жалпы Қазақстанның студенттері қысқы дүниежүзілік универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Сол аралықта 14 жарыста бақ сынап, 87 жүлдені олжаладық. Тарқатып айтсақ, 29 алтын, 25 күміс және 33 қоланы иелендік. Ең зор табысқа 2017 жылы қол жеткіздік. Осыдан алты жыл бұрын Алматыда алауы тұтанған универсиадада 36 (11 алтын+8 күміс17 қола) жүлде алып, жалпы командалық есепте екінші орынды еншілеген едік.    

 

 

Тегтер: