Алғыс айту-парыз
Жақсылыққа жол ашатын, адамға қуаныш сыйлайтын дәстүр-алғыс айту. Мұндай жоралғыны жасау баршамызға парыз саналады.
Қарағандылықтар ұйымдастырған биылғы алғыс айту күні «Алғысым саған, Отаным-туған елім» деп аталды. Облыс орталығындағы «Достық үйіне» алғыс айтуға лайық жандар шақырылды. Атап айтқанда, «Қаңтар оқиғасында» ерлікпен қаза тапқан Қарағандылық жауынгерлердің ата-аналары, меценаттар, волонтерлер, полицейлер, дәрігерлер, өрт сөндірушілер, донорлар, ұлттық мәдени орталықтың өкілдері, журналистер туған отанды қорғап, елді сақтау жолында жасаған ерліктері мен еңбектерін жиналғандарға баяндап берді.
Мерекелік шарада қаңтардағы лаңкестік әрекет барысында қаза тапқан жауынгер батырлар: Мадияр Қайсаров, Айбат Аманов,, Әділ Нүркеновті еске алуға арналған бейнеролик көрсетілді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек отан қорғаушылардың отбасына, ата- аналарына ақжарма тілегін айтты.
-Ел үшін туған ерлерді тәрбиелеген -Сіздерге мың алғыс! Балаларыңыз соңынан өшпейтін ерлік іс қалдырды. Біз азаматтардың даңқын әрдайым дәріптеп, жадымызда сақтайтын боламыз. Мұндай қасіретті күндер енді қайталанбасын деп тілейміз. Боздақ кеткен марқұмдардың іздеушісі болып отырған Сіздер мен балалары аман-сау болсын!
Екі жылдан бері халық денсаулығын аман сақтап келе жатқан дәрігерлерге, меценаттарға, қайрымдылық ұйымдарға жылы лебіз айту ләзім. Олар қаладағы көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен шаңырақтарға қайырымдылық шарапын жасады. Сондай-ақ, үлкен отанымыз -Қазақстанның әл-ауқатын көтеру жолында ерекше үлесін қосып жатқан кеншілердің, металлургтерге, фермелерге, кәсіпкерлерге, бюджеттік сала қызметкерлеріне рақмет! Біз кез-келген кедергілерді бірге жеңеміз! Елдігіміздің іргесі сөгілмесін!-деп сөзін түйді аймақ басшысы.
Шараға арнайы шақырылған Екатерина Ряпова 18 жастан донор болып келеді. Қайырымдылық үлесіне 10 жылдан астам уақыт болған. Осы уақыттан бері ол жәрдемге зәру жандарға 40 мәрте қан тапсырып үлгерген.
— Адамдарға көмектесу -менің өмірлік ұстанымым. Донорлықпен анам екеуміз айналысамыз. Осы миссияны бастауға мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Денсаулығыма да, ешқандай зиян келмеді. Қайта, қан айналымым жақсарды. Қайырымдылық жасау қағидама айналғалы жаным рақат табатын болды,-дейді донор ару.
Алғыс айту күніне арналған салтанатта «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы да алғысқа бөленді. Орталық өкілдері қаңтар қақтығысы кезінде жағдайы тұралаған 225 отбасына азық-түлік өнімдерін таратып, басқа да керек-жарақтарды алып берген.
-Біз қазақ халқымен бір шаңырақтың астында бір жанұяның балаларындай болып кеттік. Бұл мереке- бірліктің, елдіктің, шынайы мейірімділіктің үлгісін әстеппейді. Ағайын халыққа қиын кезде ғана емес, әрдайым қарайласуымыз керек! Қазақстан-көп ұлтты мемлекет. Ендеше, бүгінгі күн- еліміздегі ұлттар мен ұлыстар үшін де, ең маңызды мереке,- деді этномәдени бірлестіктің жетекшісі Увайс Джанаев.
Мерекелік кеште қаңтар зобалаңында халыққа шынайы ақпарат таратқан журналистер, қырағы полицейлер, волонтерлер облыс әкімінің алғыс хатымен мрапатталды.