Али Хаменеи Ирандағы наразылықтарды басуға шақырды
Иранның Жоғарғы көсемі, аятолла Али Хаменеи елде бір аптадан астам уақыттан бері жалғасып жатқан жаппай наразылықтарға алғаш рет жария түрде пікір білдірді.
Мемлекеттік телеарна арқылы сөйлеген сөзінде ол болып жатқан оқиғаларды «ішкі және сыртқы жаулардың қастандығы» деп атап, «тәртіпсіздікті бастағандарды» қатаң түрде басып-жаншуды талап етті.
«Ұлттық валютаның құнсыздануы мен айырбас бағамының тұрақсыздығына байланысты базардағы саудагерлердің наразылығы түсінікті. Алайда арандатушыларды орнына қою керек», — деді Хаменеи Тегеранда жиналған аудитория алдында сөйлеген сөзінде.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency мәліметінше, наразылықтар Иранның 31 провинциясының 22-сінде, 100-ден астам елді мекенді қамтыған. Толқулардың басты себебі — елдегі ауыр экономикалық ахуал, иран риалының бағамы бір АҚШ долларына шаққанда шамамен 1,4 млн риалға дейін құлдыраған. Израильмен соғыс пен АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққыларынан кейін экономиканы тұрақтандыру әрекеттері нәтиже бермей отыр.
Уақыт өте келе көшедегі ұрандар ашық саяси сипат ала бастады. Наразылық білдірушілер аятоллалар режиміне қарсы шығып, кейбір қалаларда шахтың мұрагері Реза Пехлеви-дің билікке қайта оралуын талап етуде. Соңғы деректер бойынша, наразылықтарды күшпен тарату кезінде кемінде он адам қаза тапқан.
Шиеленіс күшейген тұста АҚШ президенті Дональд Трамп егер Иран билігі «бейбіт шерушілерді адам өлтіруді жалғастырса», Вашингтонның араласуы мүмкін екенін ескертті. Бұған жауап ретінде Тегеран Таяу Шығыстағы америкалық күштерге соққы беруі мүмкін екенін мәлімдеді.