Әлиев AZAL ұшағының апатына Ресейді айыптап, кінәлілерді жазалауға шақырды
Әзербайжан президенті 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшып, Ақтауда құлаған Әзербайжан ұшағына қатысты тағы да айтты.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев AZAL ұшағының апатқа ұшырауына кінәлілердің жазалануын Ресейден талап ететінін айтты. Әлиев 6 қаңтарда ұшақ апатында қаза тапқан экипаж мүшелерінің отбасы мүшелерімен және тірі қалған бортсеріктердің отбасы мүшелерімен кездесіп, оларға мемлекеттік наградалар табыс етті.
"25 желтоқсанда Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы Грозный қаласының маңында «сыртқы әсерлердің» әсерінен басқарудан айырылып, апатқа ұшырады. Дәл осы ұшқыштардың кәсіби шеберлігі, қаһармандығы мен жанкештілігінің арқасында ұшақ Ақтау қаласына шұғыл қонуға мүмкіндік алды. Әзербайжан мемлекеті ұшқыштар мен барлық экипаж мүшелерінің әрекетін жоғары бағалап, марапаттады... Егер ұшқыштардың кәсібилігі мен ерлігі болмаса, бұл апаттан аман қалғандар болмас еді", - деді Әлиев.
Әзербайжан басшысының айтуынша, ұшақ апатының себептерін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құрылып, қазір жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте Әзербайжан прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.
"Прокуратураның жұмыс тобы Грозный және Ақтау қалаларына жіберіліп, шұғыл жұмыстар жүргізілді. Әрине, тергеу аяқталған соң Әзербайжан халқына толық ақпарат береміз.
Дегенмен, тағы бір жайтқа назар аударғым келеді: "Кілем" операциясы, яғни әуе кеңістігін жабу операциясы ұшақ жерден атып түсірілгеннен кейін Грозный қаласында жарияланған болатын. Бұл тағы да өте күрделі мәселелерді көрсетеді, бұл жерде қылмыстық құрам бар. Әдетте елдің әуе кеңістігіне қауіп төнген кезде ол бірден жабылады. Ресей әуе кеңістігіне қауіп төнсе, ұшақ капитанына дереу хабарлау керек. Әуе кеңістігін дереу жауып, ұшақ кері бұрылуы керек болады.
Сондай-ақ, ұшақ апатынан 10 күн бұрын Грозный қаласының маңында осындай оқиға болғанын атап өткім келеді: AZAL ұшағы жарты жолда кері бұрылды. Неліктен ұшақ экипажына бұл жолы ескерту жасалмады? Әрине, бұл тергеу арқылы анықталады. Тағы да, біздегі ақпарат шындыққа негізделген. Ресей мемлекеттік билігінің бұл оқиғаны жасырып, абсурдтық нұсқаларды талап ету әрекеттері бізді таң қалдырып, қынжылтады. Жазықсыз адамдар қаза тапты", - деді Әлиев.
Әзірбайжан басшысы Ресейден кінәлілердің жазалануын талап ететінін тағы да баса айтты.
"Егер Грозныйда ресейлік әуе кеңістігін жабу шаралары қабылданса, жердегі қызметтер барлық ережелерді сақтаса және Ресей қарулы күштері мен азаматтық авиация қызметтері арасында іс-қимылды үйлестіру болса, мүмкін бұл қайғылы оқиға болмас еді. Қылмыстық істің барлық материалдарын әзірге жария етпеймін, алғашқы тергеу мен оның нәтижелері маған хабарланды, бірақ Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сеніммен айта аламын. Біз әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтық пен адамгершілікті талап етеміз", - деді Әлиев.
Әзербайжан басшысы ұшақ апатында қаза тапқан экипаж мүшелерінің отбасы мүшелеріне тағы да көңіл айтып, бұл іс пен тергеуді соңына дейін жеткізуге уәде берді.
Бұған дейін Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында AZAL ұшағының апатқа ұшырауына қатысты Ресейді айыптаған еді.