Әлиев Ресейді Әзербайжанның Украинадағы энергетикалық нысандарына соққы жасады деп айыптады

Баку мен Киев Ресейдің Украина аумағында орналасқан Әзербайжанның SOCAR компаниясына тиесілі мұнай қоймасына соққы бергенін мәлімдеді.
Әзербайжан және Украина президенттері Ильхам Әлиев пен Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесу барысында Ресейдің Әзербайжанға тиесілі энергетикалық нысандарға жасаған шабуылын қатаң айыптады. Бұл туралы Әзербайжан президентінің ресми сайтында хабарланды.
Мәліметке сәйкес, әңгіме барысында тараптар Украина аумағындағы SOCAR компаниясының мұнай қоймасы мен Әзербайжаннан Украинаға газ жеткізетін компрессорлық станциясына жасалған әуе соққыларын талқылап, бұл әрекетті айыптады.
Caliber.az басылымының жазуынша, 8 тамызға қараған түні Одессадағы SOCAR мұнай базасына шабуыл жасалған. Ресей Қорғаныс министрлігі 2–8 тамыз аралығында Украинадағы “әскери-өнеркәсіп кешенінің жұмысын қамтамасыз ететін газ тасымалдау жүйесінің нысандары жойылғанын” мәлімдеген.
Украинада Әзербайжанның мемлекеттік мұнай-газ компаниясы SOCAR-дың өкілдігі бар. SOCAR Ukraine жанармай құю станциялары желісіне, сондай-ақ Одесса, Киев, Харьков, Львов және Винница қалаларында мұнай қоймаларына ие.