Әлиев ТМД саммитіне барудан бас тартты: себеп — Путин
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев Санкт-Петербургте өтіп жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) мемлекет басшыларының бейресми саммитіне қатыспайды.
Бұған себеп ретінде тығыз жұмыс кестесі көрсетілді. Бұл туралы Azertag агенттігі хабарлады.
Сондай-ақ 21 желтоқсан күні Әзербайжан басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына да қатысқан жоқ. Агенттік мәліметінше, бұл Әзербайжанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше еместігімен байланысты.
Агенттіктің хабарлауынша, Әзербайжан ТМД-ға мүше мемлекет ретінде ресми саммиттерге тұрақты түрде қатысып келеді және Достастық аясындағы ынтымақтастыққа, соның ішінде мүше елдермен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға айрықша мән береді.
Сонымен қатар Ильхам Алиевтің биыл 9-10 қазанда Душанбе қаласында өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысқаны атап өтілді. Сол кезде екіжақты және көпжақты форматта өткен кездесулер өнімді деп бағаланған.
Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының жетекшісі Фархад Мамедов Баку Мәскеуге айқын саяси сигнал беріп отырғанын айтады. Себебі AZAL ұшағының апаты ұмытылмайды.
Сарапшының пікірінше, Ильхам Алиевтің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммитіне барудан бас тартуы кездейсоқ шешім емес. Бұл Ресейге бағытталған нақты әрі саналы қадам.
Мамедовтің еске салуынша, былтырғы ұшақ апаты туралы суыт хабар Әзербайжан президентіне дәл Санкт-Петербургке, ТМД-ның бейресми саммитіне бара жатқан жолында жеткен. Сол кезде Әлиев мінген ұшақ кері бұрылып, Бакуде шұғыл кеңес өткізілген.
Биыл Душанбеде өткен ТМД саммитінде Ресей президенті Владимир Путин ресми түрде кешірім сұрап, ұшақтың ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің жұмысы салдарынан құлағанын мойындаған. Сондай-ақ ол «мұндай жағдайларда талап етілетіннің бәрі орындалады» деп уәде берген.
Соған қарамастан, екі жарым айға жуық уақыт өтсе де, Ресей тарапынан нақты қадамдар жасалмаған: тергеу аяқталмаған, өтемақы төленбеген.
Еске салайық, қазан айында Душанбеде өткен ТМД басшыларының саммиті аясында Ресей мен Әзербайжан президенттері бір жыл ішіндегі алғашқы ресми екіжақты кездесуін өткізген. Кездесу жабық форматта — камерасыз, бетпе-бет өткен.
Сол кездесуде Владимир Путин 2024 жылғы желтоқсанда «Әзербайжан әуе жолдары» ұшағын Ресей атып түсіргенін ресми түрде мойындаған.