Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Әлиев Украинаға оккупациямен келіспеуге кеңес берді

Әлиев
Фото: Instagram: @presidentaz

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Украинаға өз аумақтарының оккупациясына көнбеуге кеңес берді. Бұл туралы ол Шуша қаласында өткен медиафорумда украиналық журналист Дмитрий Гордонның сұрағына жауап беру кезінде айтқан.

 Әлиев Украина жағдайын Таулы Қарабаққа қатысты Әзербайжанның тәжірибесімен салыстыра отырып, 30 жыл бойы бақылаудан тыс қалған аймақты қарулы жолмен қайтарғанын еске салды.

«2003 жылдан бастап 17 жыл бойы келіссөздерге қатыстым. Көп ұсыныстар болды, кездесулер өтті. Бізге үнемі "реалиямен келісіңдер" деген месседждер келіп отырды. Соңында біз өзіміз жаңа жағдай жасадық. Енді сендер соған келісіңдер дедік. Солай болды да», — деді Әлиев.

Карабах пен Украина мәселесі — екі түрлі оқиға

Әзербайжан Украина аумақтарының тұтастығын ресми түрде қолдайды. Бұған дейін Баку Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қарабақты «даулы аймақ» деп атауына ашық наразылық білдірген. Лавров өз мәлімдемесінде Украинадағы соғысты тоқтату үшін оккупацияланған аумақтарды Ресейге тиесілі деп тану керек деген ұсыныс жасап, егер ондай шешім болмаса, Украина Қарабақтағыдай жолмен аумақтарын қайтаруы мүмкін екенін айтқан.

AZAL ұшағының апаты: Әзербайжан Ресейден ресми жауап күтуде

Медиафорум барысында Ильхам Әлиев AZAL әуе компаниясының ұшағы 2024 жылғы желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған оқиғаға да тоқталды. Ол ұшақтың Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесімен қателесіп атып түсірілгеніне сенімді екенін білдірді. Ұшақ бастапқыда Грозный қаласына қонуға тырысқан, алайда кейін Қазақстанға қарай бұрылып, сол жерде апатқа ұшыраған.

«Біз не болғанын білеміз және оны дәлелдей аламыз. Ресей билігі де жағдайдан хабардар. Бірақ олар көрші ел ретінде әрекет етпей отыр», — деді Әлиев.

Баку Ресейден ресми кешірім мен жауапты тұлғаларды жазалауды, қаза тапқандардың туыстарына өтемақы төлеуді және келтірілген шығынды өтеуді талап етіп отыр. Бірақ жеті ай өтсе де, ресми Мәскеу бұл іске қатысты нақты жауап берген жоқ. Владимир Путин тек оқиға үшін кешірім сұраған, алайда Ресей өзінің кінәсін мойындамаған.

Баку мен Мәскеу арасындағы қатынас ушығып тұр

Ұшақ апатынан кейін Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай салқындады. Кейінгі апталарда Екатеринбургте екі әзербайжандық азаматтың полиция рейді кезінде қаза табуы, Ресейде әзербайжан диаспорасы өкілдерінің ұсталып, Әзербайжанда ресейлік азаматтардың қамауға алынуы жағдайды одан әрі ушықтырды.